• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Ауыл адамдарының ақ алғысы

601 рет
көрсетілді

Ел ішінде жүргендіктен, елеулі еңбегімен сүйсінткен азаматтарды жиі көреміз. Солардың қатарында бір қолымен бесікті, бір қолымен ауылды тербеткен, тастай берік, гүлдей нәзік Айгүл Дәуірбекқызы да бар. Ол 30 жыл бойы Барқытбел бауырындағы Жәнтікей ауылына басшылық жасап келеді. Әкім әйел, әсіресе, 2010 жылы болған алапат су тасқынында айрықша жігер танытып, елді сабырға шақыра білді. Етігімен су кешіп, ерлермен бірге ерен еңбек етті. Су шайған ауылды қайта құруға атсалысты. Таяуда редакция қосынына аталған ауыл адамдарының атынан хат келіп түсті. Ырғызбай ауылдық округінің әкімі Айгүл Иманғалиева «көшкен елдің көмеші болса, еру елдің ерулігі бар» екенін жеткізіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тарбағатайлықтардың басына түскен сын сәтте қолдау көрсетіп, тасқын шайып кеткен тұтас ауылдың қайта салынуына, елдің еңсе көтеруіне ерекше назар аударғаны үшін зор ризашылығын білдірген екен. Селге сел қосылған жұттан жұрттың жұтамай, жаңа қоныстан өріс тауып, жасампаз рухпен жаңарған, жасарған жәнтікейліктердің жолдаған жылы лебізін жариялап отырмыз. – Қазақта «Хан – шаңырақ, халық – уық» деген қанатты сөз бар. Әр уық бекем болса, еліміздің де шаңырағы биік, іргесі берік болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің қай қиырында жатқан елді мекен болса да, қырағы назарынан қалыс қалдырмайтынына, ет-жүрегі елімен бірге соғатынына 2010 жылы ауылымызды тасқын су алған сыни сәтте өз көзімізбен куә болдық. Шығыс Қазақстан өңірінің Тарбағатай ауданында орын алған тасқыннан бірнеше елді мекендер зардап шекті. Оның ішінде біздің Жәнтікей ауылы да бар болатын. Жалпы, менің бұл ауылда еңбек етіп келе жатқаныма ширек ғасырдан аса уақыт болды. 1974 жылы бұрынғы Ақсуат ауданының Үштөбе ауылында орта мектепті тәмамдаған соң Семей педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түскен едім. Оқу бітірген соң еңбек жолымды туған жерімде мұғалім болудан бастадым. 1979 жылы аудандық партия комитеті сол кездегі үлкен кеңшар саналатын Ленин жолына комсомол ұйымының жетекшісі етіп жіберді. 1979-1983 жылдарда аталған кеңшардың жұмысына жастар көптеп атсалысты. Жұмыстың нәтижесі болар, 1985 жылы Ақсуат аудандық комсомол ұйымының хатшылығына сайландым. 1985 жылы аудандық партия комитеті сенім артып, Сұлутал совхозының партия ұйымын басқаруға жіберді. Содан бері 30 жыл осы ауылда жұмыс істеп келемін... Әрине, әйел затына ел басқару, жұрт сеніміне ие болу оңай емес. Күтпеген оқиғалар сын тезіне салатынына талай көзіміз жетті. Әсіресе, осыдан бес жыл бұрын болған су тасқыны елмен бірге менің де есімнен кетпейді. Төте келген қызыл судан ауыл халқын аман алып қалу керек болды. Қарғын су жеткен сәтте ауылдың бар халқы дереу қауіпсіз аймаққа көшірілді. Дүние-мүлкінен, малынан айырылған тұрғындарды сабырға шақырдық. Бар мүмкіндікті пайдаланып, ауыл азаматтарын бөгет салуға, суды тоқтатуға жұмылдырдық. Тасқын ортасында қалған тұрғындарға сырттан келген көмекті дер кезінде жеткізіп отыру қажет еді. Ауыл ішінде қалтылдап қайықпен жүзіп жүріп, қаншама адамды су қоршауынан алып шығуға тура келді. Ауылды тасқын су екі рет басты. Құдай оңдап, адам шығыны болған жоқ. Міне, осындай қиын-қыстау кезең­де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың жағдайды тікелей бақылауға алуына байланысты ауыл ахуалы аз күнде тез оңалып кетті. Елбасының се­нім­ді серіктерінің бірі, сол кездегі өңір басшысы Бердібек Сапарбаев күн-түн демей, су басқан Көкжыра, Жәнті­кей ауылдарына сан келіп, табиғи апат­тың зардаптарын жоюға басшылық жа­сады. Біздің Ырғызбай ауылдық окру­гіне қарасты екі елді мекен бар. Бірі – Жәнтікей, екіншісі – Қожакелді. Елбасының араласуымен тасқыннан кейін осы ауыл түгелімен жаңа қонысқа салынды. Жаңа ауыл бұрынғы мекеннен 2 шақырым қашықтықтағы дөңес жерге орналасты. Жаңадан 191 тұрғын үй, мектеп, аурухана, пошта мекемесі, әкімшілік ғимараттары бой көтерді. Тұрғын үйлер салынып, жаңа қонысқа кірген қуанышымызға Нұрсұлтан Әбішұлы да ортақтасты. Бұл – біздің тарбағатайлықтар үшін естен кетпес тарихи күн еді. Ауыл ақсақалдары, тұрғындар шат-шадыман болды. Елбасыға ақжарма ақкөңілдерін, алғыстарын айтты. Көктемгі көк су торлаған көңілдегі кірбің кетті. Бүгінде Президент пәрменімен қайта жанданған ауылдық округте баста­уыш және орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, пошта мекемесі жұмыс істейді. Ұялы байланыс операторлары орнатылған. Қазір 1170 адам тұратын ауылда 4 мың бастан астам ірі қара, 12 мыңнан астам қой-ешкі, 500-ден астам жылқы өсіріледі. Жайылымдық, егістік және шабындық алқаптары жеткілікті. Сонымен қатар, 37 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 жекеменшік дүкен, 1 тойхана, 1 нау­байхана тұрғындарға жұмыс беріп отыр. «Otau-TV» спутниктік байланысын ­ауыл тұрғындарының 100 пайызы пайдалануда. Тарбағатай бөктері мал шаруашы­лығына қолайлы болғандықтан, соң­ғы жылдары асыл тұқымды шаруа­шылықтар құру қолға алынды. 2012-2013 жылдары 8 шаруа қожалығы 13 бас асыл тұқымды бұқа малын 5 млн. теңгеге сатып алды. Оларға Үкімет тарапынан 8 млн. теңгеден аса субсидия берілді. Бұл жұмыстар кейінгі жылдары да жалғасын тауып, шаруа қожалықтары мемлекет қаржысынан бөлек жеке қаражаттарына да асыл тұқымды мал сатып алуды жалғастыруда. Мәселен, 2014 жылы екі қожалық «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 млн. теңгеге 82 бас ірі қара алды. Сондай-ақ, «Жайлау» бағдарламасының игілігін көріп жатқандар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көмегіне сүйенгендер де көп. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы тұрғындар 21 млн. теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді. Осы бағытта екі жыл бұрын «Дарын-Әлімхан» ЖШС жетекшісі Сәуле Мамырбаева наубайхана мен кондитерлік өнімдер цехын ашып, нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Ауыл тұрғыны Бақытбек Ожаев 2 млн. теңгеге құс фермасын ашып, күніне 500-ден астам жұмыртқа өндіреді. Бүгінде ол Сәтбаев, Көкжыра, Ақсуат ауылдық округтерін жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Ал Жадыра Рахымжанова 3 млн. теңгеге жылыжай салса, «ТТР» шаруа қожалығының жетекшісі Ринат Көнекбаев 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашты. Осылайша, 2013-2014 жылдары ауылға 31 млн. 250 мың теңгенің несие қаражаты бөлінді. Бұл мемлекет тарапынан зор қолдау деп білеміз. Сондай-ақ, 25 жыл қолға алынбаған егін шаруашылығы жанданып келеді. Былтыр «Нұрлы» шаруа қожалығы 600 гектар суармалы егістік алқабына қытай бұршағы мен бидай, картоп салса, биыл 50 гектарға жүгері егуді қолға алды. «Береке» шаруашылығының басшысы Қуанышбек Мұқашев картоп пен жоңышқа өсіруде. Баға өсіміне жол бермеу мақсатында барлық ауыл кәсіпкерлерімен меморандумға қол қойылды. Кәсіпкер Бақытгүл Иманова жеке қаражаты есебінен заманауи мейрамхана салды. Сонымен бірге, қоражайлар салуға, малды асылдандыруға қомақты инвестиция тартылуда. Бұл ретте биылғы алғашқы тоқсанның өзінде ауылға 13 млн. теңгеден астам қаражат құйылды. Әлеуметтік жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Ырғызбай ауылдық округі бойынша 10 қамқорлықты қажет ететін және 9 мүмкіндігі шектеулі адамға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Ауылда 41 алтын алқа, 20 күміс алқа ие­гері, 8 тыл ардагері, 1 ауған соғысының ардагері тұрады. Түрлі мерекелерде қайырымдылық акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 8 отбасы «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылды. Жиыны 478 отбасы жұмыспен қамтылып отыр. 2012 жылы «Ромат» фирмасының президенті, жерлесіміз Тұрарбек Рақышевтың демеушілігімен Ырғызбай ата мешіті салынса, биыл «Туған елге – тағзым» акциясы аясында «Нұр-Астана» құрылыс компаниясының басшысы, жерлесіміз Асқар Рақымбаев және алматылық жерлесіміз Берік Есенұлының демеушілігімен «Ерлер есімі – мәңгі есімізде» атты Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай майдангерлерге арналған мемориал ашылды. Осының барлығы «қысқа жіп күрмеуге келмейтін» қазіргі жаһандық дағдарыс кеулеген алмағайып дүниеде еліміздің ертеңгі күнге нық қадам басып келе жатқанының айғағы деп білеміз. Табиғи апатты ел болып еңсеруіміздің өзі еліміздің бірлігі мен берекесін көрсетеді. Жуырда табиғи апаттың орын алғанына бес жыл толуына орай ауылымызда ас бердік. Осы жиында ауыл тұрғындары Мемлекет басшысына ел басына күн туғанда көрсеткен қолдауы үшін шексіз ризашылықтарын білдіріп, мемлекетіміздің мерейі арта беруі жолындағы еңбегіне табыс тіледі. Мәселен, сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагері Күлгін Жамбылова Елбасына елінің тілеулес екенін жеткізіп, батасын берді. Жамбыл Жұманбаев есімді жергілікті ақын жыр шумақтарын арнады. Тоқсанға таяп қалған Гүлжамал әже Бақтинаның тасқын кезінде туған немересіне Нұрсұлтан деп үкілеп есім қоюы да Елбасына деген ел құрметінің көрінісі болса керек. Лайым, тәуелсіз мемлекетіміз от пен су­дан аман болып, елімен етене Ел­басымен бірге жарқын күндерге қадам баса берсін! Жазып алған Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суретте: Ырғызбай ауылдық округінің әкімі Айгүл ИМАНҒАЛИЕВА.