• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:20

Қола бақырлар сыр шертеді

10 рет
көрсетілді

Тасын түртсең тарихы сайрай жөнелетін Әулиеата жерінде мыңжылдықтардан сыр шертетін жәдігерлер жетіп артылады. Көне тарихтың көмбесіне айналған Жамбыл жерінен 1 300 жыл бұрын түркештер, қарлұқтар мен қытайлар қолданған қола теңгелер табылып отыр. Білікті мамандар келтірген дерекке жүгінсек, құнды жәдігерлер VIII–XII ғасырларда Тараз шаһары мен Қытайдың Тан және Сун әулеті-нің сарайында дайындалған болуы ықтимал. 

Осыдан үш жыл бұрын Бесағаш елді мекені маңынан тарихы мыңжылдықтармен сабақ­тасып жатқан көне қазан табылған болатын. Енді дәл осы ауылдың іргесінен 13 ғасыр бұрын қолданысқа енгізілген қола теңгенің қолға түсуі тегін емес.

Білетіндер Бесағаш елді мекенін тарихпен тамырлас ауыл дегенді алға тартып отыр. Ол да мүмкін. Жиырма ғасырдан астам тарихы бар Тараз маңындағы ауыл­дардың дені тамырын қопарсаң, мың­жылдықтардан сыр шертіп тұрса керек.

Бесағаш елді мекені тұсынан тарихи жәдігерлер жиі табылады. Өткен жылы мамандар 46 монета мен қыш ыдыс сынықтарын қолға түсіріп, қуанышымен бөліскен еді.

Мамандар сол маңнан табылған барлық монетаның каталогін дайындағаны мәлім. Мұны бір ғана қалашықтағы ауыз толтырып айтарлықтай табыс, олжа деп айтуға әбден негіз бар. Ғылым үшін де айтарлықтай жаңалық.

Мұнда өзге де сүйектен, нефриттен дайындалған әшекей бұйымдар бар­шылық. Бұлардың барлығы қазіргі таңда музейлік құнды жәдігерге айналып отырғанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Ұзын саны 150 жәдігер бар. Бұның бәрі ғылымның жеңісі деуге әбден болады», дейді тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына кел­тіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев.

Мамандар бұл кезеңді Атлах шайқасы болған 751 жылмен сабақтастырып отырған көрінеді. Айтуларынша, құнды жәдігерлер қытай, араб және түркілер арасында шай­қас өткен маңайдан та­былған секілді. 

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар