Мен Уәлиханов ауданындағы Жасқайрат ауылының негізгі мектебінде кітапханашы болып қызмет істеймін. Ашығын да, ашынып та айтарым – ауыл жайының мүшкіл халі. Ауыз су, ұялы телефон, ауыл ішін жарықтандыру, жол қатынасы секілді адам өміріне алдымен қажет әлеуметтік мәселелер қанша айтылса да сағызша созылып келеді.
«Ауылдың болашағы – жастар» деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жарапазан айтқанда кереметпіз. Ал дипломды жас мамандарға қалыпты тұрмыстық жағдай жасау, орнықтыру бас «ауруларымыздың» бірі десе де болады. Бүгінгідей озық технологиялар заманында интернет желісін пайдаланбау, тіпті, қарапайым байланыстың жоқтығы естір құлаққа ұят. Осыдан кейін елді мекендерге жастарды апарып көр!
Ауылымыз облыстан, ауданнан шалғайда орналасқандықтан, жол қатынасы да күрмеуі шешілмеген күйінде тұр. Қыста ойқы-шойқы жолдарды белуардан қар басса, жаздың жауынды-шашынды кездерінде белшемізден саз кешіп жүргеніміз. Қақаған аяз бен дүлей борандарда тұрғындардың далада қалып қойған кездері аз емес. Сондықтан болар, сырттан ауылымызға атбасын тірейтін басшылар сирек. Айдың, күннің аманында шақыртып әкелу қиын.
Ұзын сөздің қысқасы, біз жым-жырт ауылда тұрып, мимырт тірлік кешіп жатырмыз...
Бибінұр ЖАНАТҚЫЗЫ.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы.