Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпия ойындарында еліміздің әнұраны шырқалып, көк туымыз желбіреді. Михаил Шайдоров – мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы! Біз бұл тарихи сәтті табаны күректей 32 жыл күттік.
Жеті бірдей қысқы Олимпиада додасында бұйырмай келген алтын медаль еншімізге жазылды. Жаһанның жампоздары көксүңгі мұздың үстінде қазақ спортшысымен шендесе алмай, талантына тәнті болды. XXV қысқы Олимпия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы сайыс аса тартысты өтті.
Алдымен қысқа бағдарламада әлемнің таңдаулы майталман мәнерлеп сырғанаушылары айдынға шықты. Жерлесіміз Михаил Шайдоровтың өнерін қазылар алқасы 5-орынға лайық деп санады. Қысқа бағдарламада америкалық Илья Малинин 108,16 ұпайды қанжығасына бөктеріп, талассыз көшбасшы екенін аңғартты. Әрі ол 1976 жылдан 2024 жылға дейін тыйым салынған артқа сальто жасайтын аса қатерлі элементті мүлтіксіз орындады. Қысқа бағдарламада 2-орынға жапон үміті Юма Кагияма (103,07 ұпай) жайғасса, франциялық Адам Сяо Хим Фа 102,55 ұпай олжалап, үздік үштікті түйіндеді. Италия елі үміт артқан Даниэль Грассль 93,46 ұпаймен 4-сатыға жайғасты.
Сарапшылар екі дүркін әлем чемпионы, төрт құрлық додасы, гран-при кезеңдерінде алдына қара салмай топ жарып жүрген Малининнің мерейі үстем түседі деп тон пішті. Өйткені еркін бағдарлама сайысы басталмас бұрын Илья Малинин төрт айналым элементін бір емес жеті мәрте жүзеге асырады деген болжам айтылды. Юма Кагияма мен Адам Сия Хим Фа төрт рет төрт айналым элементін орындаймын деп жоспар түзді. М.Шайдоров та еркін бағдарламада осы элементті орындауды жоспарлады. Ол бірінші элементін өте мүлтіксіз орындады. Яғни үш айналым аксель орындаған соң бірден үзіліссіз төрт айналым сальхов элементін жалғап секіру әдісін тек Шайдоров қана жүзеге асыра алды. Сөйтіп, негізгі бағдарламасын өте сәтті аяқтап, 198,64 ұпайды еншісіне жазды. Әуел баста төрт айналым элементін төрт мәрте жасаймын деген жерлесіміз айдынға айбынданып шығып, бес рет төрт айналым элементін, одан кейін үш айналым аксельге төрт айналым сальхов элементін қоса сәтті орындады. Олимпиада аламанына қатысқан мәнерлеп сырғанаушылардың ешбірі бұл элементті қайталай алған жоқ. Қос бағдарламада 291,58 ұпай олжалаған отандасымыз талассыз медаль алатындар санатына қосылды. Шайдоров еркін бағдарламада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы туындының әуенімен өнер көрсетті.
Негізгі бағдарламасын орындау кезінде сүрінген Адам Сия Хим Фа мен Юма Кагияма алтын жүлдеден қағылды. Басты бәсекелесі Илья Малинин де еркін бағдарлама барысында екі рет құлап, басқа элементтерді де ойдағыдай орындай алмады. Нәтижесінде, қос сайыстың қорытындысында 8-орынға бір-ақ сырғыды. Екінші, үшінші орындарға Юма Кагияма мен тағы бір жапондық спортшы Шун Сато ие болды.
Былтыр 20 жасында әлем чемпионатынан күміс, Төрт құрлық аламанынан алтын медаль олжалаған Михаилдың жарқын жеңісі кездейсоқ табыс емес, бұл – алты жасында әкесі Станислав Шайдоровтың бағыттауымен мұз сарайына келген баланың табанды еңбегі мен төккен терінің өтеуі. Елімізде мәнерлеп сырғанау мектебінің іргесі мығым екенін 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен әйгілеп, қола медаль еншілеген-ді. Жаһандық додалардан да алған жүлдеміз аз емес.
1994 жылы Лиллехаммер (Норвегия) Олимпиадасында шаңғы спортынан Владимир Смирнов алтын медаль иеленіп, Әнұранымызды шырқатқан еді. Арада 32 жыл өткенде ақ аламанның төрінде мерейімізді тасытқан Михаил Шайдоров қандай сый-құрметке де лайық.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов талантты спортшыны тарихи жетістігімен құттықтап, зор табыс тіледі.
Бүгінде шетелдік ақпарат құралдарының назарында да – Шайдоров есімі. Михаилдің жеңісін Олимпиаданың сенсациясы деп бағалап, қазақ спортшысының феноменіне таңдай қағып жатыр барша әлем халқы.
Мәнерлеп сырғанаудан Лиллехаммер қысқы Олимпиадасының чемпионы Алексей Урмановтан тәлім алатын Михаил толайым табысына алғашында сене алмағанын да жасырмады. «Шынымды айтсам, бұған сене алмадым. Өйткені бүкіл маусым бойы өз-өзіммен күрестім, кем-кетікті бүтіндеуге ұмтылдым. Бұрнағы жарыстарда бес рет төрттік секіруді орындауға тырысқаныммен жүзеге асыра алмай келген едім. Олимпиада айдынында бәрі сәтімен іске асты. Барша жанкүйерге алғысым шексіз, бұл біздің ортақ жетістігіміз», деді алтын азамат.