• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:25

Білім саласының білгірі еді

30 рет
көрсетілді

Адалдық антынан аттамаған адамның жүзі қай кезде де жарық болады. Еселі еңбегімен елдің құрметіне бөленген абзал азаматтардың жүйелі жұмысы ешқашан да жұрт жадынан өшпек емес. Тік жүріп турашылдығынан танбаған Тәліпбек Сапарбекұлының өзі өмірден өтсе де, артына қалдырған мұрасы оның тұлғасын биіктете беретіні даусыз.

Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ­ауылында дүниеге келген Тәліпбек Сапарбек­ұлы еңбек майданына тым ерте араласты. Қатар­ластарының алды болған азамат 1942 жылы, яғни 16 жасында «Октябрь-Жеміс» ұжымшарында қызылша бригадасының бригадирі және ұжымшар басқармасының мүшесі болып тер төкті. Соғыс жылдарында балалық шағын ұмытып, ерте есейген азаматтың қажырлы еңбегі қалтарыста қалған жоқ, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бала күнінен ізденіс ізіне түскен Тәліпбек Сапарбекұлы бақытын ағарту саласынан тапқысы келді. Асқақ арманына қол созған азамат ақыры ұстаз­дық жолды таңдады. 1947 жылы сол уа­қыт­тағы Жамбыл қаласында педа­гоги­калық училищені тәмамдап, Билі­көл кеңшарының №3 фермасындағы бастауыш мектептің меңгерушісі ретінде еңбек етіп, мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатты.

Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің туындыларынан қанаттанған Тәліпбек Сапар­бекұлы танымын кеңейтіп, білімін терең­дету мақсатында 1955 жылы Шымкент қала­сындағы Н.Крупская атындағы педаго­гика­лық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маманы болып шығады.

Мұғалім ретінде тың әдістемелік тәсіл­дерімен дараланған ол 1955–1963 жылдары Жамбыл және Жуалы аудандарындағы Чапаев және Амантүбек, Тоғызтарау орта мектептерінің директоры ретінде табыс­ты еңбек етті. Бұдан соң Билікөл ауылын­дағы, Шоқай елді мекеніндегі білім ордаларын басқарды. Туған ауылындағы білім ұясын бастауыш мектептен орта мектепке айналдыруға бастамашы болды. Мектеп­тегі оқушылардың білім сапасын көтеруге айрықша назар аударды. Сондай-ақ елді мекенге газ құбырын тартуға ықпал етті. 1973–1993 жылдары шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы «Екінші тың» деп аталған мектеп-интернатта да жемісті қызмет еткен ол жергілікті балалардың сапалы білім алуына барынша тер төкті.

Көнекөз қариялардың айтуынша, ол ауыл мектептерінің техникалық-материалдық базасын нығайтуға, оқу-тәрбие үдерісін лайықты деңгейде ұйымдастыруға айрық­ша ден қойған. Ал шалғайдағы мал жайылы­мын­дағы мектеп-интернат жұмысы ел көле­мінде кеңінен насихатталған. Аталған білім ұясына Африканың елдерінен келген меймандар білім ордасының тәжірибесімен танысып, Тәліпбек Сапарбекұлының еңбегін жоғары бағалапты.

«Ол кісі жастармен де, үлкендермен де мәжіліс құрып, мазмұнды әңгімелер айтып отыратын. Құмды жерді жайнатқан азаматтың еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Шетелден келген делегаттар сол құмдауыт далаға барып, әкеміздің білім беру ісіндегі үздік әдістемесімен танысуының өзі көп жайттан хабар берсе керек.

11 баланы тәрбиелеп өсірген әкеміз бәрімізге бірдей мейірім шапағатын төгіп жүрді. Зейнетке шыққан соң да тыным тапқан жоқ. Қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Тараз қалалық әкімдігі жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Сонымен қатар «Асыл әжелер» ансамблін ұйым­дастырып, үлкен кісілердің өнерін өрістетуге ден қойды.

Ол кісі оқушыларымен көркем әдебиет туралы әңгіме айтқанда, әдеби шығармалардың кейіпкерлері туралы толғанғанда шәкірттері ұйып тың­дайтын. Сол шәкірттерінің дені тау тұлғалы азамат ретінде қалыптасты», дейді Тәліпбек Сапарбекұлының қызы Рабиға өз ойымен бөлісіп.

Ұдайы турашылдығымен дараланған азамат талай алқалы жиындарда облыс бас­қарған азаматтарға елдің жайын айтып, қай­раткерлік қырын да көрсеткен. Осылайша, кісілік келбетін жоғалтпаған Тәліпбек Сапар­бекұлы айналасына сыйлы болған.

«Әкемнің ақиқатты айтатыны кейбір шенеуніктерге ұнай бермейтін. Сондықтан ол кісіні қандай да бір іс-шараға апарғанда: «Әке, осы жолы сөйлемей-ақ қойыңызшы», дейтінмін. Қайбір жылы қала орталығында Абай­дың ескерткіші ашылды. Әудем жерде тұр­сам, әкемнің саңқылдаған даусы шығып жатыр. Сөйтсем, ол кісі адамзат ақыл-ойының алыбы атанған ұлы тұлғаның ескерткіші­нің ашылу рәсімі қарабайыр түрде аздаған адамның қатысуымен ұйымдастырылға­нына ренішін жеткізіпті.

Ол кісі қандай да бір жиынға қатысып келген соң, үйдегі телефонға тыным болмайтын. Әкімдік адамдары әкем көтерген мәселеге қатысты ойларын айтып, атқарылып жатқан жұмыс туралы пікірін жеткізіп жататын. Әкем бертінде «Шымыр атаның Шынқожа ұрпақтары: Қобыланды, Марсым» атты танымдық еңбек жазды. Атаулы қордың негізін қалаушылардың бірі болды. Қалай десек те, бекзат болмысымен, терең білімімен жұрт алдында ұдайы маңдайы жарқырап жүргені анық», дейді ұлы Ғиззат Тәліпбекұлы өз ойын ортаға салып.

Кеңестік кезең кезінде ізденім­паздығымен көзге түскен ол шәкірттеріне Алаш арыстары аманаттаған адалдықты жиі насихаттайтын. Көркем әдебиеттің қайнарынан қанып ішкен азамат оқу­шы­ларының бойына қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларындағы ізгі қасиеттерді дарытуға тырысты.

Қатарластарының алды болған Тәліпбек Сапарбекұлының еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін»,«Ұлы Жеңіске – 30 жыл» секілді ме­ре­келік медальмен марапатталған. Сондай-ақ «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін де иеленген. Жергілікті атқа­рушы билік өкілдері де ардақты арда­гер­дің еңбегін назардан тыс қалдырмай, «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын беріпті.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбие­леу ісіне арнаған ардақты азаматтың өне­гелі өмір жолы жұрт жадынан өшкен жоқ. Өзі өмір­ден өтсе де, замандастары, көзін көрген азаматтар Тәліпбек Сапарбекұлының кісілік қасиеті туралы ерекше бір толғаныспен әңгіме­лейді. Жақсының аты өшпейтінін осыдан да байқаймыз.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар