• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:03

Ұрпақ амандығы – ел амандығы

10 рет
көрсетілді

Мен 86 жастағы зейнеткермін. Ұзақ ғұмыр кешіп, талай дәуірдің куәсі болдым. Бала күнім соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Жастық шағым еңбекпен, жоқшылықпен, бірақ үмітпен өрілді. Бүгінгі бейбіт заманға жеткеніме сансыз шүкір етемін.

Халқымыздың бірлігі – ең қымбат қазына. Дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоғалтпай, аман сақтап келеміз. Бұл – аға буынның ғана емес, кейінгі толқынның да ортақ жауапкершілігі. Әсіресе жастарымыздың білімді, парасатты, ұлтжанды болып өскені аса маңызды.

Білім – заман талабы. Қай дәуірде де оқыған, ізденген адам озады. Қазір «Оқу  инемен құдық қазғандай» дейтін сөздің мәні тіпті тереңдей түсті. Сөз төркінін түсініп өскен бала ертең елге тірек болары анық. Сондықтан жастарымыз білімге ұмтылып, жақсы мен жаманды айыра білсе екен деймін.

Менің тілегім – қыздарымыз ибалы, ұлдарымыз намысты болсын. Олар – ұлттың айнасы. Ата-ана баласын мейіріммен тәрбиелеп, үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге баулыса, қоғам да түзеледі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бекер айтылмаған.

Қазіргі заманда ақпарат көп. Теледидар мен түрлі әлеуметтік желі арқылы неше түрлі дүниені көреміз. Соның бәріне еліктемей, ұлттық болмысымызды сақтап қалу – бас­ты міндет.

Жастардың жүрегі таза, ниеті дұрыс болса, ел де өседі. Жігерлі, қайсар азаматтар ел бірлігін нығайтып, татулықты ту етеді. Елді іздеген ерлер көбейсін.

Менің бар тілегім – Отанымның амандығы. Дастарқанымыз берекелі, шаңырағымыз шаттықтан ажырамасын. Қиындықта қайыспай, қуанышта тасымай, бірлігімізді сақтай білейік.

 

Үміт ДҮЙСЕНБЕКОВА,

зейнеткер

Соңғы жаңалықтар