• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Жаңа ғасырдың жаңа саласы

434 рет
көрсетілді

Бесжылдықтың бес күні

Инновациялар

«Инновациялар еңбек өнімділігі мен тиімділігінің күрт көтерілуіне әкелуі тиіс. Мемлекет инновациялардың өсуін ынталандыруда. Соңғы бес жылда бұл саланы қолдау үш есе өсіп, 50 миллиард теңгеге дейін жетті. Бәлкім, абсолюттік сандық тұрғыдан алғанда, бұл әлі көп те емес шығар, бірақ өсім динамикасының өзі көп нәрсені көрсетеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірленімдерге (ҒЗТКӘ) жұмсалған шығын көлемі 49 миллиардтан 74 миллиард теңгеге дейін өсті. Мұның 30 миллиард теңгесі жеке сектордың қаржыландыруы есебінен қосылды. Патенттік белсенділік жөнінен Қазақстан әлемнің 141 елінің ішінде 42-ші орынға ие болып отыр. Елімізде инновациялық кластерлер белсенді түрде қалыптастырылуда».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

2014 жылдың 8 желтоқсанындағы Инновациялық даму

мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Мемлекеттің инновациялық салаға бөлген қаржысының 1 теңгесіне 1,38 теңге жекеменшік қаржысы тартылды. 2014 жылы инновациялық гранттарды алу үшін Технологиялық даму агенттігіне 7 039,4 миллион теңгенің 280 тапсырысы түсті. Тәуелсіз сараптау жұмыстарының қорытындысынан кейін агенттік 38 ұсынысты мақұлдап, осы бойынша жасалынған келісімшарттарды қаржыландыруға 641,1 миллион теңгенің инновациялық грантын бөлді. 2014 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда, инновациялық грант алу үшін өтінімдер саны 50 пайызға өсті. Мұның өзі еліміздегі осы саладағы белсенділіктің арта түскендігін білдіреді және инновациялық ортадағы түсіндіру, кеңес беру жұмыстарының жақсарғандығын көрсетеді. Гранттық қаржыландыру тетігі әрекет еткен уақыттың ішінде грантқа ие болушылар 1100 жаңа жұмыс орнын құрды, 930,3 миллион теңгенің салықтарын төледі. 33,3 миллиард теңгенің өнімдері шығарылып, 83 инновациялық патент алынды, 4 тауар белгісі тіркеуге алынды. Бұрын қолдауға ие болған 18 жоба бойынша өнімдер өндіру басталды. Салалық конструкторлық бюролар (СКБ) бойынша 2014 жылы 18,9 миллион теңгенің таза пайдасы алынды. Қазіргі күні елімізде 4 СКБ жұмыс істейді. Олар –  «Көліктік машина жасау саласының конструкторлық бюросы» ЖШС, «Кен-металлургия құрал-жабдықтарының конструкторлық бюросы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығы машиналарының конструкторлық бюросы» ЖШС және «Мұнай-газ құрал-жабдықтарының конструкторлық бюросы» ЖШС. 2014 жылы салалық конструкторлық бюролар  73 конструкторлық-технологиялық құжаттама кешенін әзірледі және екі кешенді сатып алды. 8 өнім түрі сынақтан өтті және 9 өнім түріне сертификат берілді.

Жаңа ғасырдың жаңа саласы

Елімізде мемлекеттің бастамашылдығы және белсенді қатысуымен бұрын бізге беймәлім болып келген инновация аталатын жаңа сала пайда болып, күрт дамып келеді. Инновация – алға ұмтылған әрбір дамушы елдің болашақта жүрер жолы. Болашақтан өзінің осындай сүрлеуін таба алмаған және оны даңғыл жолға айналдыра алмаған елдер ХХІ ғасырдағы өмір көшінің шаңын қауып қала бермек. Сондықтан, Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше мән беруде. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырған кезде біз тек өзіміздің шикізат байлығымызға ғана емес, сол байлықтың дем беруімен өсіп шығатын нақ осы инновациялық салаларға арқа тірейтін боламыз. Инновациялық жолға түсу – өте күрделі мәселе. Міне, сондықтан да Қазақстанда қазіргі күні білім мен ғылым саласына реформалар жүргізілуде. Еліміздің жастары шет мемлекеттердің озық оқу орындарында оқытылуда. Интеллектуалдық мектептер ашылуда. Қол жеткізген бір үлкен жетістігіміз – Назарбаев Университет дамудың даңғыл жолына түсіп, өзінің алғашқы түлектерін өмірдің үлкен жолына бағыттады. Екінші бесжылдықта еліміздің өңдеу өнеркәсібіне үлкен екпін берілетін болады. Бұл ретте инновациялық саясатта басты екі бағыт белгіленген. Біріншісі – дәстүрлі салалардағы (металлургия, геология, ауыл шаруашылығы және т.б.) технологиялық артта қалушылықты еңсеру қажет. Екіншісі – роботты техникалар, автоматтандыру, инжиниринг, мультимедиялық технологиялар секілді экономиканың жаңа салаларын құрып, дамытуды басты назарда ұстау. Осыған байланысты елімізде жобалық және венчурлық қаржыландыру ісі жолға қойылуда. Оның да бірқатар жарқын мысалдары бар. Мәселен, Технологиялық даму агенттігі (ТДА) «Аспан телеком» компаниясын дамыту ісіне қатысқан болатын. Қазіргі күні бұл компания бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ол WiMax технологиялары арқылы интернет желісіне қосылу қызметін көрсетеді. Бұл компанияға ТДА 2007 жылы 78,9 миллион теңгенің инвес­тициясын салған болатын. Өткен жылы оны 99,9 миллион теңгеге сатты. Сөйтіп, 21 миллион теңгенің инвестициялық кірісін алды. Сол секілді «АВ Metalls» ЖШС Ромелт технологияларын пайдалана отырып, шойын өндіреді. Жаңа технологиялармен жұмыс істейтін осы кәсіпорынды серпінді дамыту үшін ТДА 199,6 миллион теңгенің инвес­тицияларын құйды. Қазіргі күні инвестициялардың қайтарымы 219,4 миллион теңгеге жетті. Үстіміздегі жылдың соңына дейін 117 миллион теңге алу жоспарланып отыр. Міне, осылардың барлығы жобалық және венчурлық қаржыландырудың жарқын көріністері. Инновациялық үдерістерді ынталандыру мақсатында 2014 жылы елімізде Астана экономикалық форумының аясында ІХ Иннова­циялық конгресс болып өтті. Оған әлемнің 12 елінен 400 адам қатысты. Конкурс қорытындысында бірқатар шетелдік мықты компаниялар мен инновациялық бағыттағы келісімдер мен меморандумдар жасалды. 2014 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы инновациялық кластерді іске қосуға арналған бірқатар шаралар өткізілді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Табыстар тарихы

Қазіргі күні Қазақстанда 8 өңірлік технопарк жұмыс істейді. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Өскемен қалаларында орналасқан. 2014 жылы технопарктер қызмет ете бастаған уақыттан бері бірінші рет 46,2 миллион теңге көлемінде таза пайда алынды. Мұның сыртында 2013 жылмен салыстырғанда, әкімшілік шығындар 18 пайызға оңтайландырылды. Технопарктер аумағында орналасқан резиденттердің жалпы саны – 152. Олардың 68,5 пайызы инновациялық компаниялар мен жобалар болып табылады. Қазіргі күні инновациялық бағытта дамыған бірқатар елдермен тығыз қарым-қатынастар орнатыла бастады. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай, Норвегия және басқалар бар. Бес халықаралық технологиялар трансферті орталығының елімізге қызмет көрсетуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде 14 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұлардың 8-і ғылыми-зерттеу жобалары, 6-уы машина жасау, металлургия, энергетика, биотехнология, фармацевтика салалары бойынша технологияларды трансферттеу жөніндегі жобалар болып табылады. Технологиялық болжау қорытындысы бойынша жүзеге асыру үшін 175 технология таңдап алынды. Оларды жүзеге асырудың бағдарламасы әзірленді. Негізінен инновациялық гранттар арқылы жүзеге асыру жолы таңдалды. Осыған сәйкес 800 миллион теңгеге дейін грант берудің жобасы жасалынды. Ел ішінде өнертапқыштарды, иннова­циялық жаңалық тудыруға қабілеті мол адам­дарды анықтау, оларға қолдау көрсету жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатта 2014 жылы өнертапқыштық ұсыныстардың арасынан ең үздіктерін айқындау мақсатында арнайы конкурс өткізілді. «Үздік өнертапқыштық ұсыныс» номинациясы бойынша жеңімпаз деп Алматы қаласының тұрғындары Владимир Севостьянов пен Владимир Абеленцев танылды. Оларға ашқан жаңалықтары үшін 2 миллион 500 мың теңгенің сыйлығы берілді. Басқа да бірқатар өнертапқыштардың ұсыныстары қаржылай сыйлықпен атап өтілді. Өнертапқыштық жаңалықтарды жүзеге асырудың үздік үлгісін «Волковгеология» АҚ көрсетті. Бұл кәсіпорын 216 миллиард 654 миллион теңгенің тиімділігін берген 138 өнертапқыштық ұсынысты жүзеге асырған. Ашқан жаңалықтарына сәйкес 41 инновациялық патентке ие болған. Бетті әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».