Трамп құпия материалдардың толықтай жарияланатынын нақтыламаса да, «аса күрделі, бірақ өте қызықты әрі маңызды тақырыптарға қатысты барлық ақпаратты» қамтуды тапсырды.
Truth Social платформасындағы жазбасында ол бұл шешім қоғам тарапынан белгісіз әуе құбылыстары (UAP) және жерден тыс тіршілік тақырыбына деген жоғары қызығушылық туындауына байланысты қабылданғанын атап өтті.
Бұл тақырыпқа қызығушылық бұрынғы АҚШ президенті Барак Обаманың жуырдағы мәлімдемесінен кейін күшейді. Ол подкасттағы сұхбатында ғаламның ауқымы өте кең болғандықтан, онда тіршіліктің болуы ықтимал екенін айтқан. Алайда өзі ешқандай бөтен тіршілік иелерін көрмегенін және президенттік кезеңінде мұндай байланыс туралы дәлелдер болмағанын жеткізген.
АҚШ-тың келесі президенті кім болуы мүмкін?
Кейін Обама Instagram желісінде түсіндірме жасап, ғаламда өмірдің болуы статистикалық тұрғыдан мүмкін екенін, бірақ жұлдыз жүйелері арасындағы қашықтық өте үлкен болғандықтан, Жерге өзге өркениеттердің келуі екіталай екенін атап өтті.
Трамп Обаманың сөздеріне қатысты пікір білдіріп, оның айтқандары құпия ақпаратқа қатысты болуы мүмкін екенін меңзеді.
2024 жылы Пентагон жариялаған есепте өзге ғаламшарлықтардың жерден тыс технология екендігін дәлелдейтін айғақтар табылмағаны айтылған. Ведомствоның мәліметінше, мұндай жағдайлардың басым бөлігі барлау ұшақтары, жасанды жер серіктері немесе метеорологиялық шарлармен байланысты.
Соған қарамастан, Трамптың бұл бастамасы әлеуметтік желілерде және заң шығарушылар арасында қолдау тапты. Белгісіз әуе құбылыстарын зерттеу жөніндегі жұмыс тобын басқаратын республикалық конгресс мүшесі Анна Полина Луна президентке алғыс білдіріп, барлық материалдарды қоғаммен бірге қарауға дайын екенін мәлімдеді.
Ал демократ сенатор Джон Феттерман Fox News арнасына берген сұхбатында бұл шешімді оң бағалап, «Америка да, бүкіл әлем де бұл мәселеде ашықтыққа лайық» екенін айтты.