Тәттіні азайтқан немесе оны тіпті тоқтатқан алғашқы күндері ағза қарсы реакциясын көрсетеді. Бастың ауыруы, бойдағы әлсіздік, жөнсіз ашушаңдық пен көңіл күйдің құбылуы – мұның бәрі мидың сол «жасанды қуаныштан» айырылғандағы табиғи жауабы. Десе де, бұл кезең ұзаққа созылмайды, бар-жоғы 3-4 күннің ішінде беті қайтады.
Бір апта өткенде қандағы қант деңгейі тұрақтала бастайды. Бұрынғыдай энергияның бірде тасып, бірде сарқылуы тоқтап, бойда бірқалыпты қуат пайда болады. Аштық сезімі бәсеңдеп, ұйқының сапасы жақсарады, тіпті денедегі ісінулер қайта бастайды. Ең маңыздысы – инсулин деңгейі реттеліп, ағза көмірсуды емес, жиналған артық майды қуат көзі ретінде жұмсауға көшеді.
Екі аптадан соң өзгерістер тек іште емес, сыртқы келбетте де айқын байқалады. Терінің түсі оңалып, безеулер азаяды, көздің астының қараюы бәсеңдеп, іштің кебуі тыйылады. Салмақ баяу болса да, тұрақты түрде төмендей бастайды. Мұның сыры – қант ағзадағы қабыну процестерін қоздырса, одан бас тарту ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіруге жол ашады.
Үш-төрт апта өткенде ми жаңа өмір режиміне толық бейімделеді. Тәттіге деген құмарлық әлсіреп, табиғи тағамдардың – жемістің, көкөністің шынайы дәмі айқынырақ сезіле бастайды. Эмоциялық тұрғыда адам орнығып, күйзеліске төтеп беру қабілеті артады. Бұл – адамның қантсыз-ақ бақытты әрі сергек бола алатынын сезінетін кезеңі.
Ұзақ уақыт бойы қантты шектеу – денсаулыққа салынған үлкен инвестиция. Бұл инсулинге сезімталдықты арттырып, гормоналды теңгерімді қалпына келтіреді. Семіздік, жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін азайтып, созылмалы шаршауды ұмыттырады. Иммунитет күшейіп, жалпы өмір сапасы мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі.
Әрине, тәттіден бірден қол үзу бәріне бірдей оңай емес. Сондықтан бұл процесті біртіндеп бастаған абзал. Тәттінің орнын жеміс-жидекпен алмастыру, таза суды көбірек ішу, ақуызға бай тағамдарға мән беру – бұл қиындықты жеңілдетеді. Ең бастысы – өзіңізді кінәламай, бұл қадамды өміріңізді жақсартуға бағытталған маңызды процесс ретінде қабылдау.
Малика ТОҚТАРБЕКОВА,
ЕҰУ студенті