• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Байырғы кәсіптік білім ордасы

570 рет
көрсетілді

Қордай ауылшаруашылық колледжі – еліміздегі байрығы кәсіптік оқу орындарының бірі. Бұл оқу орны ең басында 1957 жылы Аңырақай стансасында ашылған екен. 1964 жылы Қордай кентіне, сонан кейін 1966 жылы Ырғайты ауылына көшіріліп, Красногор совхоз-техникумы деп аталады. Қазіргі мекендеген жерін ұлы Абай атамыз атап көрсетіп беріп кеткен екен деген ел арасында сөз бар. Абай атамыз Сұлутөрдің көк жайлауында бір жетідей жүріп, ас пен тойларды көріп, елдің өзіндік дәстүрімен танысады, тіршілігіне үңіледі. Ақырында ел ағасы Ноғайбайға: – Ноқа, жеріңіз де, еліңіз де тамаша. Байлық та, батырлық та, ақындық та халық арасында бар екен, бірақ, жастар оқусыз екен. Байлық көзі – оқу мен білімде. Олай болса балаларды оқыту, құнарлы жерге елді қоныстандыру керек. Сіздерде үлгі аларлық мүмкіншілік көп, Алматы мен Пішпек арасында отырсыздар. Түбінде баянды еңбек – егін салған, жасынан оқу оқып білім алған, би болған, болыс болған өнер емес, еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп мақалдата, ұйқастыра сөйлегенде Ноғайбай дананың сөзі­не басын изеп, мақұлдапты деседі. Осы оқу орнының құрылып, алпыс жылға жуық жұмыс істеп келе жатуының өзі кемеңгер Абайдың көрегендігінің бір белгісі болса керек. Ал оның құрылып, дамуына ерекше еңбек сіңірген азамат – Уәлихан Рахымұлы Қайназаров. Қордай жұртшылығы ол кісіні Қазақстанда құрылған бірінші совхоз-техникумның директоры деп біледі. Оқу орнын Ноғайбай ауылына көшірген де сол кісі екен. Жетпісінші жылдары күндізгі бөлімінде бір мыңнан астам, ал сырттай оқу бөлімінде жеті жүзге жуық адам оқыды. Сонымен қатар, республикалық білім жетіл­діру мектебі болды. Осы мақ­сатта қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Оқушыларға барлық жағдай жасалынды. 960 оқушыға арналған типтік оқу корпусы, акт және спорт залдары, оқу-өндіріс шеберханасы, екі жатақхана, стадион, асхана, монша жұмыс істеді. Оқушылардың барлығы ауылда туып-өскендіктен шаруа­шылықтың тыныс-тіршілігімен таныс еді. Олардың ішінен есімдері елімізге белгілі басшы азаматтар, мықты мамандар көп шықты. Мәселен, еңбек майталмандары Социалистік Еңбек Ері Орынхан Ерекеновті, қой қырқудан дүниежүзінің чемпионы Шота Тайбағаровты айта кетсек артық болмас. Анатолий Туманов, Мұрат Бабетов, Уәлихан Рахымұлы Қай­назаров, Әбдіболат Иманқұлов, Сайлау Ысқақов, Назкен Исанов, Тұрғанбек Байзақов, Ұзақ Има­налиев секілді мұғалімдер оқу орнының тарихында өз іздерін қалдырды. Ал Роза Жақсатова, Сапаш Беркімбаева, Иманқұл Қошмағамбетов, Болат Байсү­гіров, Тілеужан Бәденов, Аль­­берт Кряквичев, Татьяна Ку­лич­­кина, Ләззат Саламатова, Шә­­міл Иманғазиев және тағы бас­қалардың есімдері де түлек­тер жадында жүр­ген болар. Сол секілді Владимир Штерцер, Нико­лай Қасымбеков, Елена Сер­геевна Прияткина, Мұхаммед Әлиев, Мүскетай Тәтеп­баев, өн­діріс шеберлері Адольф Шуллер, Бақберген Жүндібаев, Вла­дислав Петров, нұсқаушылар Владимир Плужник, Амантай Жүніс­құловтар тәжірибе сабақтарын жағымды да қызықты өткізетін. Мен өзім осы оқу орнында 1973 жылдан зейнетке шыққанша жұмыс істедім және қыйын-қыстау кезеңде оны басқардым. Совхоз-техникумның мақсаты – оқушыларға теориялық білім берумен бірге, оларды өндіріске дағдыландыру болды. Кеңшар, ұжымшарлардың тарауына байланысты қиындықтар пайда болған кезде бұл міндетті жүзеге асыру барынша ауырлады. Тіпті, оқу орнын сақтап қалудың өзі екіұшты мәселеге айналды. Жаңа құрылған шаруа қожалықтары практикаға келген оқушыларды жұмысшы ретінде санады. Сондықтан, совхоз-техникумның негізгі мақсаты кенжелеп қалды, мамандардың өндіріске бейімделу уақыты созылды. Бүгінгі таңда да осы мәселе өзекті болып табылады. 1984 жылы оқу орнына Кенен Әзірбаев атамыздың аты берілді. 1996 жылдан бастап Қордай ауылшаруашылық колледжі болды. Жайбарақат күндердің орнына, қиын уақыт келді. Біз­ді Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің облыстық басқар­ма­сының қарауына берді. Оқу орны жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болды. Қаржыны үнемдеу үшін біздегі зоотехник және ветеринария маман­дықтары Луговой техникумына берілді. Біз агроном мамандарын дайындайтын болдық. Ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру мамандығы жабылды. Жұмыс көлемі азайып, штат қысқарды. Жастарды оқуға тарту үшін заманға сай жаңа мамандықтарды ашуға бет бұрдық. Бар білге­німізді салып, мәселені шештік. Олар – фермер, товартану, қам­тамасыздандыру және өткізу, коммерция жұмысы, агрономия және ауыл шаруашылығы экономикасы, бухгалтерлік есеп және аудит мамандықтары еді. Сонымен қатар, тағы да бір айтарлықтай оқиға болды. Сов­хоз-техникум тарады. Сөйтіп оқу­шылар машықтанатын базадан айырылдық. Жылу жүйесі, асхана, монша жұмыс істемейтін болды. Қол қусырып отырсақ, жабылатын түріміз бар. Осы мәселені облыс, аудан әкімшіліктің алдына қойып жүріп, оқу орнына 500 гектар жер, бір қой қора, 500 бас қой, екі жылқы, бір қазақ үй берілсін деген шешім шығарттық. Бірақ совхоздан алғанымыз – 500 гектар жер және қой қора болды, қалғанын бермеді. Қойға деп қысқа дайындаған алпыс тонна шөпті мұғалімдерге саттық. 1997 жылы алған жерді пайдаланып, 76 тонна бидай, 24 тонна арпа, 3 тонна сафлор өндірдік, 130 гектарға күздік бидай ектік. Алған өнімдерді өңдеп, ұн, сұйық май, жем, сабан ретінде ұжым мүшелеріне саттық. Түскен ақша колледждің керегіне жаратылды. 1996 жылдың ортасында бізді облыс ауыл шаруашылығы басқар­масынан алып, білім департаментіне берді. Қордай ауылшаруашылық колледжі деп аталдық. Бірақ оқушылардың саны көбейген жоқ. Себебі, жас­тардың оқуға ынтасы төмендеді, оқу ақылы болды, тұрмыстық кемшіліктер етек алды, Ауылдағы колледжге басқа жерден оқуға келудің өзі қиындады. Сондықтан, аудан орталығынан колледждің филиалын ашып, со­ның арқасында толық екі топ қабыл­дадық. Негізгі корпуста төрт аудиторияға қойшылардың төрт темір пешін қойып оқыттық. Корпустың шатырынан тамшы өтіп, терезе әйнектері сынған. Су көзі ретінде есіктің алдындағы бір құдыққа қарап қалдық. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп тұрды. Оның үстіне, енді бізді Жам­был гидромелиоративтік институтына қосып, соның колледжі болдық. Жағдайды жөндеу үшін әртүр­лі тәсілдерді қолдандық. Ша­руа қожалықтары ақша болма­ғандықтан оқу ақысын қолындағы барымен төледі. Сұранысқа байланысты токарь, газ дәнекерлеуші, электрик, компьютер операторы секілді қысқа мерзімді курстарды аштық. Амалын тауып, кедендік ісі мамандығын аштық. Адам көп келді. Бірақ, көбісі осы мамандық бойынша жұмысқа тұра алмады. Талапкерлер тарту үшін аудан көлеміндегі өткен барлық іс-шараларда колледжді насихаттадық. Маман дайындау ісінде мемле­кетің көмегі керек екеніне көзіміз жетті. Алдымен оқу кор­пусын күрделі жөндеуден өткізу үшін смета жасадық. Сол құжатпен жоғарыдағы біраз басшыларға бардық. Барлығы қаражатқа келіп тірелетіндіктен жолымыз болмады. Оқу орнының бағына 1999 жылы ақпан айында облыс әкімі болып Серік Үмбетов тағайын­далды. Он күннен кейін құжаттарды сол кісіге жеткіздік. Сол жылы қаражат бө­лініп, кор­пустың шатыры, 1-2 қабаттардың жылу жүйесі жөнделді және 50 адамға мемлекеттік тапсырыс бе­рілді. Келесі екі жылдың ішінде, 3-4 қабаттар, оқу өндіріс шебер­ханасының, спорт және акт залдардың шатыры жөндеуден өтті. Тәуелсіз тоқ көзі, яғни дизель электростансасы орнатылды. Өйткені, ол кезде тоқ тұрақсыз берілетін, сондықтан, судың қатып қалауы мүмкін еді. Ең бастысы, ауылдың қара домалақтарына білім беріп келген байырғы оқу орнының тағдыры шешіліп, ол сақталынды! Осы жерде мен Серік Әбі­кен­­ұ­лының адамгершілік қа­сиет­терін айтқым келеді. Ол кісің қа­былдауында жұмыс бабымен бір-екі рет болдым. Сонда халыққа деген шынайы ықыласы мен қамқорлығын, қарапайымдылығын байқап, сүйсіндім. Жұмысымыз оңала бастады. Үйде отырған әріптестерімізді жұмыс­қа қайта қабылдап, кө­ңіліміз орнына түсті. Оқу үдері­сінде жаңа технология­лар қолданыла бастады. Компью­терлер, электронды оқулықтар алдық, қазақ топтары ашылды. Жүйелі түрде, кадр резервін дайындадық. Жұмысқа конкурс­пен қабылдайтын болдық. Тәжі­рибесі бар мұғалімдер басқ­ару­шылық қызметтерге тағайын­далды. Жұмыс оңалған соң мен директор міндетінен босатуға өтініш бердім. Оныма ешбір өкінбеймін. Оқу орнының уақыт сүзгісінен шырмалмай өтіп, аман сақталғанына қуандым. Қазір колледждің жағдайы жақсы. Тұрақты түрде қаржы­лан­­ды­рылады. Алпыстан астам мұ­ғалім бес жүзге тарта шәкіртке сабақ береді. Елбасының тапсырмасымен Үкімет кәсіптік білім беруге ерекше мән беруде. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі ең байырғы кәсіптік білім ордаларының бірі өзінің қиын кезеңінен өтіп, тұрақты даму жолына түсті. Осы үшін аға ұрпақ өкілдерінің сіңірген еңбегі ұмытылмас деп ойлаймын. Барлыбай РЫСБЕКОВ, зейнеткер, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Жамбыл облысы.