Қалтаев Жәнібек – шағын кәсіпкер. Ұзын жолдың бойында шағын будкасы бар. Ағарған сатады. Қымыз, қымыран, ашыған көже дегендей. Біреуге пайдасы болмаса зияны жоқ, өз арбасын сүйреп, отбасын асырап жүрген азамат.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуін газеттен оқыдым, теледидардан көрдім, – дейді Жәнібек Шекерұлы. – Бұл – өте маңызды оқиға. Менің байқауымша, жұрттың көбі селт ете қойған жоқ сияқты. Орындалған, орындалмаған реформалар бар, соның біріндей қабылдай ма, қайдам.
– Ал, өзің ше? Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болдық. Не өзгеріс күтесің?
– Енді біздің шағын бизнеске оншалықты ықпалы жоқ-ау деймін. Германияда бір неміс үйір-үйір жылқы ұстап қымыз сатады дегенді «Егеменнен» оқығанмын. Тіпті, сол неміс бие сүтін терең өңдеп опа-далап жасайды дейді. Қазақстанға да келіп, бие сауудың, қымыз баптаудың жайын үйретіп кеткен бе, әйтеуір, газеттер бір шулады ғой.
Бірақ, немістің қымызы біздің елдің қымызындай қайдан болсын. Аспаны үнемі дым бүркіп тұрады, шөбі жап-жасыл. Жусанды даласы жоқ. Сондықтан қымызы жасық әрі біздің бағамен салыстырғанда қымбат. Қазақ қымызына бәсекелес болады деп ойламаймын. Ал қымыранның бір литрі Қытайда 8 мың теңгеге дейін барады дегенді естідім. Сондықтан, қазақтың ағарғанына бәсекелес жоқ. Бірақ, электр тауарлары, құрылыс материалдары, жоғары технологиялық өнімдер Қазақстан нарығында көптеген кәсіпорындарымызды ығыстырады.
– Елбасы да Үндеуде осы қауіпті айтты. Сапасы жоғары, бағасы төмен тауарлардың бәсі күшейеді. Қазақ кәсіпкерлері не істеу керек деп ойлайсың?
– Сайрамда «Алтын адам» деген сауда белгісімен костюм-шалбар тігіледі. Бағасы көңілге қонымды. Жиырма, қырық мың теңге аралығында. Өзбекстаннан контрабандалық жолмен костюм-шалбарлар келеді. Бағасы көтерме саудада 10 мың теңге. Екеуі бірдей сияқты. Бірақ, ойлап қарасаңыз, 10 мың теңгеге қандай костюм-шалбар келеді? Тігу құнының өзі осындай ғой. Сапа төмен, материал арзанқол.
Бірақ, екеуінің де алушысы бар. Жақсы киім кигісі келетін адам «Алтын адам» фабрикасына барады. Мұны қалтасы көтере алмайтындар Қытай, Өзбекстан, Қырғызстанның арзан киімдері керек. Дүниежүзілік сауда ұйымы арқылы келген тауарларға жұрт осылай қарайтын болады.
Ұтылар тұсымыз да ұтарымыз да бар. Бірақ, Елбасы осындай болатынын, бәсекеге шыдас беру үшін жаңа технологиялар қажеттілігін үнемі айтып келді. Жаңа кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығын қолдау арқылы біршама биікке көтеріп алдық.
Тәуекел деген ердің ісі. Өзге мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін ДСҰ-ға кіру керек болды. Енді не тартынатыны бар. Қиындық болады. Енді қазаққа босбелбеулік керегі жоқ. Әкімдіктегілер де халыққа үлкен қолдау білдірсе деймін. Кейде қаланың сәнін бұзады деп шағын будкамызды артып әкете жаздайды.
Мына Қытай шағын және орта бизнеске қол тигізбей әлемдік нарыққа шықты ғой. Бәсекелестік – кәсіпкерді ширатады. Жаңаша жұмыс жасауға талпындырады. Жаманшылық шақырып ойбайламағанның емес, жақсылық ойлағанның тасы өрге домалайды. Оны өмірдің өзі көрсетіп жүр. Қазақ кәсіпкерлері сапасы жоғары, бағасы көңілге қонымды тауарларды көптеп шығарса, ДСҰ-ның пайдасын көреді. Алдынан үлкен нарық әлемі ашылады. Бұл – үлкен мүмкіндік.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.