• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Алда үлкен белес тұр

289 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғында қалай едік? Қиындықтар жан-жақтан қаумалап, жұмыс­сыздық та бір бүйірден буып тұр еді. Біз сол қиындықтың бәрін еңсере алдық. Елімізді қуатты мемлекетке айналдырудың жасампаз жоспары жасалды. Әсіресе, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның қолға алынуымен экономиканың барлық саласы өркен жайды. Бұрын өзімізде өндірілмеген жаңа өнімдер шығарыла бастады. Сондай жобаның бірнешеуі біздің зауытта іске асырылуда. Мәселен, елімізде іске асырылып жатқан индустрияландыру мен әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімнің шарапаты біздің ұжымның мұнайшыларына тиді. Сонау кеңестік дәуірден бері отандық мұнайдан түрлі жанар-жағармайлар шығаратын бұл зауыттың ескі қондырғылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей қолдауымен қайта жаңғыртылды. Қазір біз еуростандарттармен мұнай өңдеу көлемін ұлғайта бастадық. Индустрияландыру – эко­номи­каның құралы ғана емес, сонымен бірге, мемлекет дамуы­ның және орта тапты қа­­лып­тастырудың маңызды фак­торы екені даусыз. Өйткені, біздің еліміз индустрияландыру бағдарламасы арқылы ғана экономикалық өсімге қол жеткізіп келеді. Бұл бағдарламаның біздің зауытымызға да оң ықпалы тиді. Мұндай жобалардың маңызы әсіресе, ДСҰ-ға мүше болуға қадам жасаған сәтте арта түседі. Елбасы өз Үндеуінде орынды атап өткендей, ДСҰ-ға мүше болуымызбен алдымызда үлкен жауапкершілікпен атқарар істер күтіп тұрғанын білеміз. Жалпы, келешекте Қазақстан экономикасы қалай дамуы қажет? Қай салаларға баса мән берген жөн? Міне, осындай маңызды мәселелердің астарына үңілер болсақ, алдымен тәуелсіз Қазақстанымыздың бүгінгі қуатты елге айналу бағытындағы қарқынды дамуынан жаңылмағанын қалар едік. Екіншіден, елімізде өндірілетін өнімдердің сапасы бұрынғыдан да арта түсуі тиіс. Осы орайда, біздің байыр­ғы зауытымыздың қайта жаңғыр­тылып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге оң қадам жасап отыр­ғанын айта аламыз. Зауыт­тың қайта түлеуіне тікелей Елбасының өзі себепші болып еді. Сөйтіп, алғашында Жапонияның инвес­тициялық қаржысына жаңғырту жұмыстары басталды. Ал өткен жылдың аяғында хош иісті шикізаттар шығаратын жаңа қондырғы құрылысы аяқталды. Енді мұнайды терең өңдеу жобасы іске асырылуда. Мұның бәрі еліміздегі табиғи байлықтың бірі – мұнайды ел игілігіне жарату бағытындағы оңды қадамдар. Осылайша, ел экономикасының бәсекеге қабілетті сапалы өнім­дер шығаруына үлесімізді қосып келеміз. Бәсекеге қабілет­тілік дегеннен шығады, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыр­ту жобасы басталғалы бері жас мұнай­шылардың жаңа қондырғыларда жұмыс істеуі үшін шетелдерде білімін жетілдірдік. Зауыттың жас мұнай өңдеушілері арасында ағылшын тілін меңгергендер де көптеп саналады. Президент ұдайы өңдеу өнер­кәсібінде өнім көлемін ұлғайтудың маңызын айтып келді. Себебі, біздің еліміз табиғи шикізаттарды өңдіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеуге бет бұрды. Атақты Сервантес: «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде» деген ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қағиданы ұстанады. Қазақстанда 200-ден аса өнім экспортқа шығарылып, отандық өнімді өңдеу көлемі еселенді. Демек, Қазақстан да әлеуетті елге айналды. Мұнай-газ өнеркәсібіне қоса өзге салалар да қарқынды дамуда. Енді елімізде мұнай-химия өнеркәсібі де еңсе тіктемек. Биыл осы саланы өркендетуге қажетті шикізаттар Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылмақ. Қазір 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаратын кешен технологиясы сынақтан өткізілуде. Енді, міне, бүгінгі жасампаз істеріміз ДСҰ секілді әлемдегі ең беделді ұйымға мүше болу жөніндегі келісімнің сәтті аяқта­луына өз ықпалын тигізгені даусыз. Алдымызда үлкен белес тұр. Ол – ДСҰ талабына сай бәсекеге қабілеттілікті арттырып, ең сапалы өнімдерімізді шетел нарығына экспорттау. Біз бұл белесті де бағындырамыз. Қайрат ОРАЗБАЕВ, «АтМӨЗ» ЖШС бас директоры. АТЫРАУ.