Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін бейжай қалдырып отырған жоқ. Қостанай облысындағы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВ бұл қадамнан жақсы өзгерістер күтеді.
– Сайран Балкенұлы, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Көптен бері ауыл шаруашылығын ұйымдастырып, басқарып келе жатқан өзіңізді бұл хабар қуантты ма?
– Иә, естіп жатырмын, Қазақстанның әр жасаған сәтті қадамына елімнің патриоты ретінде неге қуанбайын, қуандым. Бірақ Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымызды естігенде қуанышпен қатар «Әрі қарай не істеу керек?» деген ой мазалап өткендей болды. Шаруа адамын мұндай ішкі жауапкершіліктің құс-ұйқы ететін әдеті ғой.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазақстандықтарға жолдаған Үндеуінде халықаралық бұл ұйымға кіруімізді тарихи оқиға деп бағалады. Экономиканың дамуын бүгінгіден де бетер серпілтетін ықпалы болғандықтан ДСҰ-ға кіруіміздің маңызы зор деп түсінемін.
– Алдымен бұл қадамнан ұтарымызға тоқтаңызшы.
– Оның басы ашық қой. Қарапайым халыққа, тұтынушыларға жақсы, тауар арзандайды. Молшылық мұнан да көп болады. Жан-жақтан келеді, оның түрі де, түсі де молаяды.
– Сіз әңгіме басында қуанышпен қатар, бұл хабардың шаруа адамын құсұйқы ететінін де айтып қалдыңыз. Неге?
– Өйткені, қиыншылықтар болмай қалмайды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктің мазмұнының өзі бәсекеге түсу деген сөз ғой. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнен дәл бүгін бәсекеде «бәйгемді шаппай бер» дейтін өнім – тек бидай. Барлық стандарттарға сай келетін, сапасы да, қамырлылығы да жоғары біздің астық Канада мен АҚШ секілді алпауыттардың өндірген бидайымен таласады, кейде олардан асып түседі. Мұны ішімізге тоқ санаймыз. Бірақ ауыл шаруашылығында, жалпы экономиканың басқа саласында өңдеу кәсіпорындары, өндірілетін тауар түрлері, ең бастысы олардың сапасының дүниежүзілік бәсекеде айы оңынан туа бермеуі мүмкін.
– Бізде, тіпті, сапалы өнім өндірілмейді деуге бола ма?
– Бізде сапалы өнімдер бар, олар тіпті ертең шетелден келетін тауарлардан артық та болуы мүмкін. Бірақ бізде тауарлардың өзіндік құны жоғары. Міне, әңгіме осында. Мен басқа саланы айтпай-ақ, өзім ғұмырымды өткізіп келе жатқан ауыл шаруашылығынан мысал келтірейін. Ет. Біздегі ірі қаралардың Әулиекөл мен Ақбас сиыр тұқымдарының мәрмәр аталған етінің сапасы, дәмі ешқандай ангусыңнан кем емес. Қайта жергілікті жердің шүйгін шөбін жегендіктен артық та болуы мүмкін. Бірақ біздегі етті өндірудің өзіндік құны жоғары. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту, батыс елдеріне жеткізу үшін бізде атқарылатын шаруа көп. Мал ауруларына қарсы, ветеринариялық, санитарлық жұмыстар дамыған елдердегі деңгейге жетуі тиіс. Міне, осындай кілтипандар ертең алғашқы кезде алдымыздан шығады. Өңдеу кәсіпорындарының барлығы да осы өзіндік құнның жоғарылығынан да қиындық көреді.
– Ол үшін не істеу керек?
– Не істеу керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тынбай айтып келеді. «Озық технологиялар, озық жабдықтар алыңдар, сапалы өнім шығарыңдар, бәсекеге қабілеттілікті көтеріңдер» деп айтқалы қашан. Бізде сапалы ет, сүт өндіру, оларды ертең Еуропаның арзан өнімдеріне қарсы қою үшін экономиканың қай саласында болсын шағын және орта бизнесті көтеру керек. Үлкен шаруашылық, алып зауыт салу міндетті емес шығар.
– Сайран аға, ДСҰ-ға мүшеліктің алғашқы жылдары көндігіп, үйреніп, бір қалыпқа түскенше не істеу керек?
– Әр нәрсеге шынайы шындық тұрғысынан келуіміз керек. Елбасының өзі Үндеуінде өңдеу кәсіпорындарына оңай болмайтынын ашып айтты. Сол үшін өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек. Бәсекеге қабілетті болуымыз үшін алдымен біз менталитетімізге де сын тұрғысынан қарайтын кез жетті. Біз мемлекеттің көмегіне сүйеніп қалған әдеттен қанша уақыт өтсе де әлі де арылмай келеміз. Кәсіпкерлер жан-жақты ізденсе, ғылымның жетістіктеріне, батыстан келетін өзімізге қолайлы озық технологияларға құлақ түріп, оларды енгізсе, алға жылжиды. Сосын тағы бір айтатыным, ол – тәртіп, еңбек тәртібі. Бізде бұл жағы да ақсап жатады. Батыс елдерінде бұлай емес. Біз еңбек тәртібін мәдениет дәрежесіне көтерсек, өзге елдердің жасағаны біздің де қолдан келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан томаға-тұйық ел бола алмайды. Араласып, нарығымыз ашық болғанда ғана экономика да, тұрмысымыз да жақсарады. ДСҰ арқылы біз теңіз айлағы секілді ғажайып кеңістікке шығамыз.
– Біздің елде ДСҰ-ға мүше болған өзге елдерге қарағанда артықшылық бар ма?
– Әрине, бар. Біз өте бай елміз. Біздің жердің асты мен үстінде жоқ нәрсе жоқ. ДСҰ-ға мүше болғанда осы байлықтың шырайын шығарып, өңдеп, сапасын көтеріп экспорттап отырсақ болды. Дүниежүзілік сауда ұйымы бізге осы мүмкіндіктерді береді. Біз әлі өсіп-өркендейміз.
– Соған жеткізсін деңіз. Рахмет.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Меңдіқара ауданы.