Венеция қаласында Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының 102-пленарлық сессиясы өтті. Сессияда кейбір елдердің жекелеген конституциялық-құқықтық институттарына қатысты мәселелер қаралды. Онда 20 наурызда осы форум аясында Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов баяндама жасап, Венеция комиссиясын және халықаралық заңгерлер қауымдастығын Қазақстан Республикасының Президенті «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде атап өткен институттық және құқықтық реформалардың негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында қолға алып жатқан шараларымен, атап айтқанда, үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекстің, Қылмыстық-процестік кодекстің, Қылмыстық-атқару кодексінің және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің негізгі жаңалықтарымен таныстырды. Венеция комиссиясының басшылығы мен мүшелері Қазақстанда жүргізіліп отырған құқықтық реформаларға жоғары баға беріп, қажет болған жағдайда сарапшылық-әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін білдірді, деп хабарлады еліміздің Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі.