• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:40

Өңір экономикасына серпін беретін кәсіпорын

10 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында «EcoClub» ЖШС-ның өндірістік нысаны – ірі қара мен жылқы терісінен жоғары ақуызды, сапалы протеинді жемдік қоспа өндіретін жаңа зауыт іске қосылды.

Бұл бастама өңірлік агро­өнеркәсіп кешенін дамытуға, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Серіктестік басшысы Бауыржан Сабанов тың жобаны жүзеге асыру үшін «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие алған. Жобаны жүзеге асырушылар зауыттан шығатын қоспа төрт түлік мал ғана емес, құс фабрикалары мен балық шаруашылығында да ерекше сұранысқа ие екенін айтып отыр. Яғни бұл табиғи қоспаны пай­даланған кезде бордақы мал­дың салмағы еселеп артып, уақыт пен қаржы үнемделіп, мал шаруашылығының тиімді­лігі арта түспек.

Жобаның жалпы құны 630 миллион теңгені құрайды. Кә­сіпорын толық қуатына көш­кенде айына 200 тоннаға дейін дайын өнім өндіре алады. Мұнда 20-ға жуық адам тұрақты жұмысқа тартылады. Өндіріске қол­данылатын заманауи жаб­дық­­тар Солтүстік Қазақстан облы­сынан жеткізілген. Олар тех­нологиялық тиімділікті қам­та­масыз етіп қана қоймай, өнім сапасының жоғары болуына жол ашады. Өндірісті автомат­тан­дыру еңбек өнімділігін арт­ты­руға және кәсіпорынның бәсе­кеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Зауыттың ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев былтыр өңірдің өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 112,2 пайызға ұлғайып, 379,7 млрд теңгені құрағанын атап өтті.

«Кәсіпкерлікті қолдау бағы­тын­да мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп, оның ел экономикасындағы ма­ңызын нақты атап өтті. Соның нә­тижесінде өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлі­ніп жатыр. 2025 жылдың қоры­тындысында Батыс Қазақстан облысында ауыл ша­р­уа­­шы­лығына арналған түрлі бағдарлама арқылы 50 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілді. Сонымен қатар 32 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз субсидия бөлінді. Яғни өңірге ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға барлығы 82 мил­лиард теңге бағытталды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу көрсеткішін 70%-ға жеткізу міндеті қойылды. Халықпен кездесу барысында жиі көтерілетін мәселенің бірі – мал терісі мен жүнін кәдеге жарату болатын. «Қайда өткіземіз? Қалай өңдейміз?» деген сұрақ көп қойылатын. Енді, міне, сол мәселенің нақты шешімі қолға алынып отыр. Бұл кәсіпорында тері өңделіп, мал азығына қажет­ті өнімдер, яғни протеин өндірі­летін болады. Бүгінгі теріні өңдеп, сапалы өнім шығаруға бағытталған зауыттың басшысы Бауыржан Қанатұлына, серіктесі, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Асылбек Айкеновке алғысымызды білдіре­міз. Жоба­ның сәтті жүзеге аса­тыны­на се­німі­міз мол. Бұл кәсіп­орын өңір эко­номикасының дамуына серпін беріп, жаңа белестерге жол ашады деп сенеміз», деді Н.Төреғалиев.

Жаңа зауыт басшысы Бауыржан Сабанов бұл кә­сіп­­орын­ның елімізде үшін­­ші болып ашылғанын, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығару жоспары бар екенін айтады. Бұған Жәнібек кентінің Ресеймен шекарада, теміржол бойында тұрғаны да оң әсерін тигізбек. Тіпті облыс әкімі де Батыс Қазақстан облысында өндірілетін тері өнімдерін ішкі нарықпен қатар, халықаралық деңгейде экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар екеніне сенімді.

Айта кетейік, былтыр ирандық инвесторлармен жүргізілген келіс­сөз нәтижесінде Орал­да үш жылдан бері жұмысы тұ­ралап қалған тері өңдеу зауы­ты да қайта іске қосылған еді. Жер­гілікті атқарушы орган бизнес-қоғамдастықпен бір­лесе отырып, бұл бағыттағы жұ­мыс­ты жүйелі жал­ғас­ты­рып жатыр. Осылайша, ауылда мал бақ­қан ағайынның мал шар­уа­шы­лы­ғындағы қосал­қы өнімді – тері мен жүнді, сүйек­ті кәдеге асыру жөніндегі талабы іске асып келеді.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар