Ресми дерекке сүйенсек, электронды сауда саласы әлдеқашан тар сегмент аясынан шығып, экономиканың серпінді драйверіне айналды. Бүгінде бөлшек саудадағы әр алтыншы тауар онлайн сатып алынады. Кейінгі бес жылда электронды сауда нарығы жеті есе өскен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша оның бөлшек айналымындағы үлесі 15%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Ал 2029 жылға қарай 18,5%-ға дейін өсуге тиіс.
Көпшілік қазір дүкен аралап, уақытын кетіріп жүргеннен гөрі онлайн тапсырыс бере салғанды тәуір көреді. Зерттеулер электронды сауда көлемі жыл сайын өсіп, бөлшек сауданың маңызды бөлігіне айналғанын көрсетіп отыр. Бұл үрдіс – ел экономикасының цифрлық трансформациясының нақты көрінісі.Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтің айтуынша, елдегі электронды сауда нарығы әлемдік көрсеткіштерден едәуір озып, екі таңбалы қарқынмен дамып келеді.
Бұл енді тар тауаша емес, логистикада, ІТ саласында, төлем жүйелерінде және сабақтас салаларда жұмыс орындарын құратын, сондай-ақ отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын экономиканың жаңа секторы.
Былтырғы бірінші жартыжылдықта бөлшек электронды сауда нарығы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. «Price Waterhouse Coopers» (PwC) дерегінше, бұл кезеңде онлайн-сатып алу көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19%-ға өскен. Доллар тұрғысынан алғанда, нарық 3,4 млрд долларды құрады, ал бөлшек саудадағы e-commerce үлесі 17,1%-ға дейін өсіп, жаһандық қарқынға жақындай түсті.
PwC сарапшыларының айтуынша, бұл сандар тұтынушылық мінез-құлықтың терең өзгеріп жатқанын аңғартады.
«2025 жылдың алғашқы алты айының басты өзгерісін мына формуламен сипаттауға болады: сатып алу жиілігі өскенмен, сомасы төмендеп келеді. Транзакциялар саны 90 млн-нан асса, орташа сома (чек) теңгемен – 6%-ға, доллармен – 18%-ға, яғни 19 мың теңгеге дейін қысқарды. Онлайн-сатып алу тұрақты сипат алып, күнделікті тұтыну тауарларына қарай ойысты. Тұтынушылар жиі тұтынатын өнімдерді онлайн тапсырыс беретін болды», дейді сарапшылар.
Сонымен қатар тұтынушылық несиеге тәуелділік деңгейі төмендеген. Несиелеу талаптарының қатаюы мен құрылғыларды IMEI-верификациялау секілді өзгерістер қымбат тауарлар сегментіне – электроника мен жоғары бағалы өнімдердің онлайн сатылымын азайтқан. Осының нәтижесінде сұраныс көлемі шағын тапсырыстарға қарай ығыса бастады.
Ал маркетплейстер онлайн сауданың негізгі арнасына айналды. Барлық сатылымның 92%-ы және транзакциялардың 96%-ы осыған тиесілі. Енді тұтынушыға «қайдан сатып алу» емес, «қай жерде тез әрі ыңғайлы» деген өлшем маңызды.
«Логистика, кең ассортимент және экожүйелік сервистер платформалардың негізгі артықшылығына айналса, трансшекаралық жеткізу қызметтері бәсекені күшейтіп, әсіресе бағаға сезімтал санаттарда нарық өсімін жеделдетіп отыр. Нарықтағы мұндай шоғырлану маркетплейстердің жаңа кезеңге – трафикті монетизациялау сатысына өтуіне жол ашты. Платформалар біртіндеп медиаплатформаға айналып, Retail Media бағытында жарнамалық мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Соның нәтижесінде бәсеке сатылым көлемі үшін ғана емес, жарнама бюджеттері мен платформалар ішіндегі танымалдылық үшін де жүріп, маркетплейстер айналым, жарнама мен деректер бір ортаға жинақталған тұйық экожүйеге айнала бастады», дейді PwC сарапшылары.
E-commerce – жеке экожүйе емес, салық түсімдерінің де маңызды көзі. Зерттеулерге сәйкес маркетплейстер арасында Kaspi.kz ең ірі салық төлеуші болып отыр. Былтыр компания бюджетке 138 млрд теңгеден астам қаражат аударған. Бұл бұрнағы жылдан 3,5% көп. Ал кейінгі орындарды елде ресми өкілдігі бар ресейлік платформалар – Wildberries (58 млрд теңгеге жуық) пен Ozon (15 млрд теңгеге жуық) алды.
Аталған платформалардың отандық өнімдерді экспорттауға қосқан үлесі де біршама. Ozon-ның ТМД елдеріндегі CEO-сы Наталья Боердің айтуынша, онлайн-саудада отандық тауарларға деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Былтыр ресейлік сатып алушылар отандық сатушылардан бұрнағы жылға қарағанда 1,5 есе көп тапсырыс берген.
«Отандық тауарлар платформада айқын көрінуі үшін Ozon.kz және Ozon.ru басты беттерінде «Қазақстандық тауарлар» атты арнайы бөлім құрдық. Бұл – жергілікті өндірушілерді ілгерілетуге арналған басым кеңістік. Бүгінде платформадағы әр жетінші сатушы Алматы мен Астанадан тыс шағын қалалар мен өңірлердің өкілі. Цифрлық инфрақұрылым бизнестің географиялық орнына қарамастан тең мүмкіндік беріп отыр», дейді Н.Боер.
Мемлекет электронды сауданы дамыту мақсатында инфрақұрылымнан бастап тұтынушылардың құқығын қорғауға дейінгі жүйелі шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов айтып берді.
«Трансшекаралық сауданы дамыту мақсатында Қытай – Орталық Азия – Еуропа дәлізін нығайта отырып, мультимодальді орталықтар құрылып жатыр. Ішкі сауда үшін фулфилмент орталықтар мен тапсырыс беру нүктелерін дамытып жатырмыз. Инвестициялардың, соның ішінде «Ozon» компаниясының белсенді қатысуының арқасында Алматы мен Астанада жаңа нысандар іске қосылды. Ел көлемінде олардың саны қазірдің өзінде оннан асты», деді Ә.Нүсіпов.
Биыл электронды сауда нарығында өсім сақталғанымен, оның қарқыны баяулап, нарықтағы шоғырлану күшеюі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, былтырғы 19% өсім нарықтың жетілген кезеңін көрсетсе, биыл ол 14–15% аралығында қалыптасады. Жиі әрі шағын тапсырыс жасау моделі орныққан жағдайда, орташа тапсырыс көлемі қысымда қала береді. Ал маркетплейстердің үлесі 93–94%-ға дейін ұлғаюы ықтимал.
«Мұндай жағдайда негізгі бәсекелестік артықшылық логистикаға ауысады. Хабтар мен фулфилмент орталықтарды дамыту, сондай-ақ жедел жеткізу қызметі, әсіресе Алматы мен Астанада тапсырыс берушінің адалдығын айқындайды», дейді PwC сарапшылары.
2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі e-commerce үлесі біртіндеп ұлғайып, 20%-ға дейін және бұдан да жоғары көрсеткішке жетуі мүмкін. Қазіргі қарқын мен маркетплейстердің рөлін ескерсек, әсіресе экономиканы одан әрі цифрландыру жағдайында бұл болжам шындыққа жанасады.