• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Тамыз, 2015

Асыл тұқымды мал – табыс көзі

1020 рет
көрсетілді

Біздегі мүйізді ірі қараның іргелі мәселесінің бірі – тұқымының күн санап тектілігін жоғалтып бара жатқандығы. Бұл күнде селекциялық жұмыстардың ұзақ жылдар бойы жүргізілмей, тіпті ұмыт қалуы өз «жемісін» бере бастаған. Соның нәтижесінде ойсыл қара тұқымының сыны кетіп, тектілік сипатынан айырылудың аз-ақ алдында тұр: жануардың дене тұрқы кішірейген, еті қашып, сүті де сұйылған һәм азайған. Яғни, малдың санын көбейтіп қана қоймай, оның сапасына баса мән беру бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселенің бірі.

Міне, осы мәселенің алдын алу мақсатында біздің елімізде ірі қара­ның етін экспорттауды дамыту бойынша шаралардың 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жос­пар әзірленген болатын. Бұл жос­пар бойынша қолға алынған басты жұмыстың бірі – шаруашылықтар мен қоғамдық табындарға етті мүйіз­ді ірі қараның тұқымын жақ­сарту бағытында жоғары өнімді асыл тұқымды бұқаларды қосу. Қазіргі таңда мал өсірумен айналысатын шаруа қауымы асыл тұқымды бұқа сатып алу үшін «ҚазАгро» холдингінің құрамына енетін «KazMeat» ЖШС арқылы несие алуға қол жеткізді. Аталған бағдарлама бойынша ағымдағы жылдың шілде айынан бастап еліміз бойынша ауылшаруашылық тауарын өндіруші 56 шаруашылық қаржыландырылып, қоғамдық табындарға арналған 783 бұқа сатып алынған. Мұның ішінде, Қарағанды облысының үш шаруашылығы 89 асыл тұқымды бұқаға иелік етті. Бұл – өңірлер арасында Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарынан кейінгі үшінші көрсеткіш. Сонымен қатар, еліміздің он шаруа­шылығына табынға арналған асыл тұқымды бұқа сатып алуға несие­лер бөлінді. Бұл қаржыға 36 бұқа сатып алынған, оның төртеуіне Қарағанды облысының шаруа қожалықтарына бұйырды. Асыл тұқымды бұқалардың орташа бағасы 351,8 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, биылғы жылы «Қаз­Агро» холдингінің құрамына енетін «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы мүйізді ірі қара етінің экс­порттық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында 3000 бас малға арналған бордақылау алаңының құрылысын бастап кет­ті. Бұл игі бастамаға қатысу үшін арнайы іріктеуден өткен, тиіс­ті талаптарға сай келетін 10 шаруашылық іріктеліп алынған болатын. Олардың қатарында қара­ғандылық мал шаруашылығы кәсіп­орны «Сарыарқа» АӨШ» ЖШС де бар. Жалпы, бұл заманауи стандарттар мен талаптарға сай келе­тін бордақылау алаңдары сиыр еті өнімінің өндірісі саласын өрге сүйрейтін шаруа болмақ. Маман­дардың бұған сенімі мол. Неге десеңіз, қазақтың ақбас сиырының салмағы 500-550 килограмға дейін жетеді. Ал бұқалары болса, 850 килоға дейін салмақ тарта­тын көрінеді. Оның үстіне, бұл тұқымның еті жоғары сапалы жұғымдылығымен де танымал. Биылғы жылдың 12 тамызын­да Қостанай облысындағы Вос­ток селосында «Қарасу» шаруа­шылығының базасында қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын сату бойынша «KarasuFarm-2015» деп аталатын республикалық аукцион өтпекші. Сатылымға 60 бас мал шығарылады: оның 20-сы әулиекөл тұқымының бұзауы болса, 10-ы қазақтың ақбас сиырының биылғы төлі. Қалған отыз бас қазақ­тың ақбас сиырының тайынша бұқа­лары. Бұл шараға Қазақстанның бар­лық өңірінен мал өсірушілер шақырылған. Аукционды ұйымдастырушылар сатылымға шығарылатын асыл тұ­қымды тайынша бұқалардың етінің сапалылығымен және жоғары өнімділігімен ерекшеленетінін бірауыздан айтып отыр. Мысалы, туғанына 15 ай болған әрбір бұ­қа­шықтың салмағы 450-480 килограмға дейін жететін көрінеді. Яғни, орташа алғанда олар тәулігіне 900-1000 грамнан салмақ қосып отырады екен. Мал тұқымын асылдандырудың маңызын ұғып, оның табыстың қайнар көзі екендігіне көз жеткізген шаруашылық иелерінің бүгінгі күн­­дегі жаңалық атаулыға деген құлшынысы мен ұмтылысы көңілге сенім ұялатады. Ал малының тұқымы асылданған шаруаның түбі табысқа кенелері нарықтың сұранысы сұмдық заманында күмән тудырмайды.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.