Оралдық генетик ғалым Индира Бейшова ғылыми марапатқа ие болды деп хабарлайды Egemen.kz.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Индира Салтанқызы көктем мерекесіне орай Алматыдағы Ғылым ордасында өткен салтанатты жиында академик Нәйлә Базанова атындағы марапатқа ие болды.
Ғылымдағы әйелдерге құрмет көрсетілген жиынды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. Аталған марапат ғылымдағы әйелдердің еңбегін насихаттап, отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді.
Ғалым әйелдер академик Нәйлә Базанова атындағы құрмет белгісімен марапатталды
Еске сала кетсек, Нәйлә Базанова − Қазақстан мен Орталық Азияда әйелдер арасынан шыққан тұңғыш академик. Ол ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ғалым ірі қара малдың ас қорыту ерекшелігін зерттеп, жануарлар физиологиясы саласының дамуына зор үлес қосқан болатын.
Қазақтан шыққан ғалым әйелдер туралы не білеміз?
Ал марапат иесі Индира Салтанқызы болса мал шаруашылығындағы селекция үрдісін тиімді жүргізу, генетикалық ресурстарды сақтау мен жетілдіру секілді күрделі саланың маманы. Ол қазірге дейін жабы типті қазақ жылқыларының, Голштин тұқымды ірі қара малының, бекіре тұқымдас балықтардың, тіпті ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі өсімдіктердің генетикалық құрылымын зерттеп, экологиялық таза өнім алу әдістерін шығарумен айналысып жүр.