• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:55

Шетел сарапшылары: Қазақстандағы реформа несімен құнды?

10 рет
көрсетілді

Еліміздегі жаңа Конституция жобасы шет мемлекеттерде де таныс­тырылып жатыр. Елшілер шетел дипломаттары мен сарапшыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуын ілгерілететін бастамаларын түсіндіріп, ой-пікірлерін тыңдап, бірге талқылады. Олардың басым көпшілігі еліміздің бір палаталы парламентке көшуі мен вице-президент лауазымын енгізуге қатысты ой-пікірін білдіріп, өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті. Жалпы, еліміздегі реформалар, жексенбі күні өтетін референдум шекарадан тыс аймақтарға неліктен маңызды?

Еуропа қызығушылық танытып отыр

Екі-үш күн бұрын ағылшын журна­лисі, сарапшы Мартин Бэнкстің «Brussels Morning» газетінде «Why Kazakhstan’s Referendum Matters Beyond Its Borders» («Неліктен Қазақстандағы референдум оның шекарасынан тыс жерлерде маңыз­ды?») сараптамалық мақаласы жарық көрді.

Мақала авторы әдетте Конституция­лық референдумдар оны қабылдайтын елдерде ғана маңызды болып, өзге ел­дер сирек назар аударатынын, ал Қазақстандағы референдумның шекарасынан тыс жерлерде салмағы барын айтады. Өйт­кені Еуропа экономикалық серік­тес­тік, көлік байланысы, геосаяси тұрақ­ты­лықты сақтау мақсатында Орталық Азия­ға көбірек назар аударған сайын, ай­­мақ­тың ең ірі экономикасының инсти­туционалдық бағыты да өзекті болып отыр.

«Қазақстанның қазіргі конститу­циясы 1995 жылы, орталық басым­дық мемлекеттік институттарды нығай­тып, тұ­рақтылықты қамтамасыз ету қажет бол­ған кезде қабылданды. Үш онжыл­дық­тан кейін ұсынылған реформалар да­мы­ған саяси, әкімшілік ландшафтты көрсету мақсатында институционалдық архи­тектураны қайта құруға тырысады. Конституция жобасы институттардың өзара әрекеттесуін жетілдіруге бағыттал­ған. Бұл атқарушы, заң шығарушы билік пен бақылау институттары арасын­дағы қарым-қатынасты құрылымдауға арнал­ған рәсімдерді енгізе отырып, Қазақстанның президенттік республика ретіндегі моде­лін нақтылайды. Мысалы, Конституция­лық сот, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатасы сияқты бірнеше негізгі органдарға тағайындау­лар ұлттық парламенттің, Құ­рыл­тайдың келісімін талап етеді. Іс жүзін­де бұл инс­титуттардың басшы­лығы­на қа­тысты ше­шімдерге президент те, заң шы­ғарушы орган да қатысатынын білдіреді», деп атап көрсетеді мақала авторы.

Сарапшының пікірінше, реформалар конституциялық бақылау кезінде ай­қын көрінеді. Жаңа Конституция жобасы Конституциялық соттың рөлін күшей­тіп, оның шешімдерінің құқықтық салдарын нақтылайды. Конституцияға сәйкес келмейтін деп саналатын заңдар немесе халықаралық шешімдер қолданылмайды. Реформалар бұл қағиданы Қазақстанның өз институционалдық контексінде нығайтуға бағытталған.

Ұсынылып отырған Конституция­ның тағы бір бөлігі негізгі құқықтар мен құқықтық қорғауды жаңартуға бағыттал­ған. Жеке деректерді қорғау, цифрлық коммуникациялардағы құпиялылық пен құқық қорғау органдарымен өзара әре­кет­тесетін жеке тұлғалардың про­цеду­ралық кепілдіктері сияқты мәсе­ле­лер нақтырақ қарастырылады. Қор­ша­ған ортаға жауапкершілік те консти­туция­лық тұрғыдан кеңірек танылып, бұл бүкіл әлемдегі мемлекеттік саясат пікір­талас­тарында тұрақты дамудың маңыз­дылығы артуын көрсетеді.

«Бұл ережелер – техникалық мәселе болып көрінгенімен, бүгінгі күні көп елдің алдында тұрған өзекті мәселе. Өйт­ке­ні бастапқыда технологиялық дәуірде жасалған құқықтық базаларды ХХІ ғасыр­дың жағдайларына бейімдеу керек. Цифр­лық технологиялар қоғамның жұмыс істеу тәсілін өзгерткен сайын, конституцияларда көрініс табуын талап етеді», дейді М.Бэнкс.

Ағылшын сарапшысы «Еуропалық бақылаушылар үшін бұл оқиғалар бірнеше себепке байланысты маңызды болуы мүмкін» дейді. Оның бірі Қазақстан Еуропа мен Азия арасында стратегиялық маңызды орынға ие, энергетика мен маңызды минералдардан бастап, Шығыс пен Батысты байланыстыратын көлік дәліздеріне дейінгі салаларда серіктеске айналып отыр. Бұл салалардағы ұзақмерзімді ынты­мақтастық тек экономикалық мүмкіндіктерге ғана емес, сонымен қатар саяси институттардың болжамдылығы мен тұрақтылығына да бай­ланысты. Ал конституциялық ше­шім­дер заңдар қабылданатын, саясат жүзе­ге асы­рылып, даулар шешілетін орта қалып­тастырады.

«Кейінгі жылдары еуропалық үкі­меттер мен бизнес Орталық Азияға баса қы­зығушылық танытып отыр, бұл ішін­ара өзгермелі геосаяси динами­ка мен әрта­раптандырылған эконо­микалық серік­тестік орнатуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда аймақ­тың ең ірі экономикасындағы инс­титуционалдық реформалар, әрине, назар аудартады. Институционалдық рөлдерді нақты­лайтын, бақылау тетіктерін күшейтіп, құқықтық қорғауды жаңартатын консти­туциялық негіз халықаралық серіктестер ұзақмерзімді өзара әрекеттесуді бағалау кезінде ескеретін кеңірек басқару ортасына ықпал етеді», дейді автор.

М.Бэнкстің пікірінше, консти­туция­лық реформа ұзақ үдерістің бастамасы ғана. Кез келген конституциялық жүйенің шынайы сынағы оның ережелерінің іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынында жатыр. Институттар ресми ережелерді күнделікті басқаруға айналдыруы керек, ал құқықтық нормалар уақыт өте келе үнемі сақталуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, референдум саяси трансформацияның аяқталуын емес, жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.

Еуропа үшін бұл үдерістің дамуын ба­қы­лау Орталық Азиядағы негізгі серік­тес­тің өзінің институционалдық болаша­ғын қалай қалыптастыруға тырысатынын түсінуге мүмкіндік бере­ді. Сондықтан аймақтар ара­с­ындағы тұрақтылық, болжамдылық пен ынты­мақ­тастық барған сайын құнды бо­лып келе жатқан дәуірде Еуразия дәлізі бойын­дағы елдердегі конституциялық реформалар өзге елдерге де маңызды бола түспек. 

Шетел дипломаттары Ата заң жобасын жоғары бағалады

Еліміздің Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс араб әлемінің көрнекті саясат­кері, Мысырдың бұрынғы Сырт­қы істер ми­­нистрі әрі Араб мемлекет­тері ли­гасы­ның экс-Бас хатшысы Әмір Мұсамен Конс­титуция жобасын талқылады. Мемле­кеттік құрылым сала­сын­дағы мол тәжіри­бесіне сүйене отырып, Ә.Мұса еліміздің бір палаталы парламентке көшуі мен вице-президент лауазымын енгізу тура­лы шешімін жоғары бағалады. Оның пікірінше, «жаһандық құбылмалылық» кезеңінде билік институт­тарын нығайту еліміздің саяси жүйесін сыртқы сын-қатерлерге төзімді әрі сыртқы серіктестер үшін сенімді ете түседі.

Еліміздің даму жолына шынайы қызы­ғушылық танытқан мысырлық дипломат алдағы уақытта елімізде өтетін халықара­лық форумдар мен маңызды іс-шараларға қатысуға дайын екенін де жеткізді. Ол дип­ломатия мен құқықтық даму мәселелері бойынша екіжақты сарапшылық диалогті нығайтуға ниетін білдірді.

Әмір Мұса – Мысыр мен әлемдік дип­ло­­­м­а­тияның ардагері. Ол 1991–2001 жыл­­дары Мысырдың СІМ басқарып, Ли­ван­да­­ғы азаматтық соғысты тоқтатуда ше­шу­­­ші рөл атқарды. 2001–2011 жылдары Араб мем­лекеттері лигасының Бас хатшы­сы бол­­ды. 2013 жылы Мысырдың жаңа Конс­­­ти­­­туциясын дайындаған комитетке жетекшілік етті.

Сондай-ақ Бернде «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық дос­тық то­бының мүшелері еліміздегі рефор­ма­ларға қолдау білдірді. Олар да жүргі­зі­ліп жатқан конституциялық реформаларды жоғары бағалады. Мәселен, Швей­цария Парламенті Кантондар кеңесінің (кіші палата) бұрынғы президенті Филип­по Ломбарди конституциялық нор­ма­ларды жаңарту мемлекеттік басқа­ру­дағы ашықтықты арттыруға, құқық­тық ке­піл­діктерді нығайту мен парла­ментаризмді дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Ал Ұлттық кеңестің (үлкен палата) бұрынғы төрағасы, депутат Эрик Нусбаумер «Қазақ­стан Халық кеңесін» құру идеясы Швей­цария федерализмі қағидаттарына сәйкес келетінін айтты.

Болгария сарапшылары да конститу­циялық жаңашылдықтарға, оның ішінде бірпалаталы парламентке көшу, жоғары консультативтік орган – «Қазақстан Халық кеңесін» құру, Вице-президент институтын енгізу мәселелеріне пікір білдірді.

«Қазақстан Халық кеңесі азаматтық қоғам мен Президент арасындағы байланыстырушы буын ретінде маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар оның өкілеттіктерінде тікелей демократия белгілері айқын көрініс табады», деген пікірде «Әулие Климент Охридски» София университеті Шығыс тілдері мен мәдениеттері орталығының аға ғылыми қызметкері Камен Величков.

Ал Германияның Қазақстандағы бұ­рын­ғы Елшісі Тило Клиннер жаңа Конс­­титуция жобасы билік тармақта­ры­ның теңгерімін қамтамасыз етуге, пар­ламенттік тетіктерді күшейтіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталғанын айтады. Соны­мен қатар Германия Сыртқы істер министр­лігінің бұрынғы Статс-хатшысы, Елші Ханс-Фридрих фон Плётц 2022 жылы орын алған реформалар неғұрлым теңгерімді сая­си жүйе қалыптастырғанын, ал жаңа Конс­титуция осы бағытты қисынды түрде жал­ғастырып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан­ның жаңа жаһандық сын-қа­терлерге бейім­делуге ұмтылып, тұрақтылық пен сабақтастықты сақтап отырғанын айтты.

Хельсинки университеті жанындағы Александров институты директоры Анна Хеусала да Финляндияда Қазақстанда жү­зеге асырылып жатқан реформаларға ерекше назар аударылатынын айтып, саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың ауқымы мен жүйелі­лігіне жоғары баға берді. Оның пікірін­ше, еліміз Орталық Азия өңірінде тұрақ­тылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатын, орнықты әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді.

Соңғы жаңалықтар