Оңтүстікте құрылыс материалдарының 90 пайызы өндіріледі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халқына оңай болған жоқ. Бүгінгі жастар айтсаң сенбейді, дүкен сөрелері жылан жалағандай бос тұратын. Алматыда ұбақ-шұбақ кезек, қалтасында азын-аулақ тиын-тебені бар азаматтар не сатылып жатқанына қарамай соңына тұра қалатын. Қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Камал Смайлов баспасөзде бір-біріне хат жазды. Әрбір хаттан күңіренген, қазақтың ертеңі үшін алаңдаған зарлы леп сезіліп тұратын. «Шикізатымыз мол, бірақ өндірісіміз жоқ, түйме де шығара алмай жатырмыз ғой» деп күйінетін екеуі.
«Орнында бар оңалар» деген. Құдайға шүкір, бұрынғы шақ көрген түстей болып қалды. Елбасының тікелей тапсырмасымен үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданып, түйме емес, түйменің ата-бабасындай алып кәсіпорындар қосылып, күні кеше Қазақстанның кетеуі кетті деп мысқылдағандар қызығатындай биіктіктерді бағындырдық.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов республикада алғашқылардың бірі болып «Оңтүстік» индустриялық аймағын ашқан. Соншама алып кәсіпорындарға лайықты жерді қайдан табам, инфрақұрылым жүйесін қалай өткізем деген жоқ, қирап қалған фосфор зауыты аумағынан 337 гектар жерді дайындықтан өткізді. Үкіметтік жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпорындарды шоғырландырды. Содан бері айналдырған бес жылдың көлемінде бұл аймақ өнімділігі жөнінен республикадағы бірінші орынға шықты.
Жақында Шымкент қаласындағы көрме орталығында «ShymkentBuild-2015» құрылыс материалдарының көрмесі өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «ITECA» көрме компаниясы бірлесіп өткізген шараға көрші Ресей, Өзбекстаннан бөлек Түркия, Германия және Италия сияқты мемлекеттерде шығарылған заманауи құрылыс материалдары жұртшылық назарына ұсынылды. Былайша айтқанда, құрылысшылар қай мемлекеттің шығарған өніміне тапсырыс береді, бәсекелестікте қайсысының аты мәреге алдымен жетеді. Бұрнағы жылдар болса шетелдің өнімі таңсық болар еді, ал құрылысшылар отандық өнімге басымдылық берген. Көрме аясында өткен форумда облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Оңтүстіктің құрылыс саласындағы мүмкіндіктерін былайша түйіндеген.
– Бұл көрменiң Шымкент қаласының дамуына тигiзер әсерi орасан зор болмақ деген сенiмдемiз, – дедi Сапарбек Құрақбайұлы. – Құрылыс саласы – Оңтүстiк экономикасының қозғаушы күшi. Соңғы 3 жылдан берi облыс орталығын өркендетуге бағытталған арнайы бағдарлама жүзеге асуда. Алдымызда Шымкенттi миллион тұрғыны бар қалаға айналдыру жоспары тұр. Бүгiнде Шымкентке ауылдардан ғана емес, өзге өңiрлерден де көшiп келiп жатқан азаматтар өте көп. Сондықтан қаланың инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлiнуде. Бiздiң есептеуiмiз бойынша жыл сайын тұрғын үй құрылысына жергiлiктi бюджет пен жеке инвестицияларды қосқанда 1 миллиард доллар шамасында қаражат жұмсалады екен. Соңғы екi жылда Шымкентте iрi құрылыс нысандары пайдалануға берiлдi. Айталық, қаланың жаңа орталығына 1,5 мың гектар жер бөлiнiп, әкiмшiлiк ғимарат, Көрме орталығы, «Түркiстан» сарайы, театр және сол секiлдi көптеген мәдени нысандар салынды. Оңтүстiкте 40-қа жуық құрылыс материалдарын өндiретiн кәсiпорын жұмыс iстеуде. Сондай-ақ, бiзде жазғы универсиаданың спорт ғимараттары мен ЭКСПО-2017 көрме павильондарының құрылысына қатысып жатқан iрi құрылыс компаниялары бар. Қазiргi таңда құрылысқа қажеттi материалдардың 90 пайызы өзiмiзде өндiрiледi. Ендiгi мақсатымыз – әлемдiк нарықта бәсекеге түсе алатын заманауи, инновациялық құрылыс бұйымдарын шығару мен жаңа технологиялар ендiру болмақ. Облыс әкімінің орынбасары осылай тұжырды. Форумда сөз алған Қазақстан құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының президенті Марат Томпиев айқандай еліміз құрылысқа қажетті пайдалы қазбалар жөнінен әлемде алғашқы алтылыққа енеді екен.
Мемлекет басшысы елдегі құрылыс заттарының 80 пайызын отандық құрылыс материалдары құрауы керек деген тапсырмасының орындалатындығының нақты себебін осыдан-ақ көре беруге болады. Расында, біз әлі мүмкіндіктерімізді толық іске қоса алмай жатырмыз. Жақында ПВХ профильдер дайындайтын «Aspan» фирмасында болып, жұмысымен таныстық. Профильдерге қажетті шикізатты Ресей, Германия, Италиядан алдырар екен. Мұнай өнімдерін терең өңдейтін болсақ, түбінде осы елдер бағасы нарықтан төмен біздің шикізатқа тапсырыс берер еді, деп ойлайсың. Бұл, әрине, алдағы жылдардың еншісі.
Бүгінде өндірісі жоқ, тек шикізатқа иек сүйеген елдердің асығы алшысынан түспейтіндігі белгілі болып қалды. Мәселен, Мақтааралдың мақтасын шетелдер сатып алып, мата өнімдерін, киім-кешек түрінде дайындап, әлденеше есе пайдаға шығып келді. Енді өзімізде тоқыма кластері қолға алынғалы бір жыртықты бүтіндегендей болдық.
Оңтүстікте бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Асқар Мырзахметов индустриялық аймақтарды іске қосуға басқа өңірлердегі әкімдерге үлгі болып келеді. Нақты айтар болсақ, облыста Индустрияландыру картасы бойынша құны 1,2 трлн. теңгеге жететін 223 жоба іске асырылып, республикада көш бастап келеді. Жаңа бағдарлама 33 мың адамға жұмыс орнын ашып берді. Әсілінде, үлкен индустриялық жобалар қала маңында топтасады да, ауылға жарығын түсіре бермейді. Әкімдік осы жайтты ескеріп 65 пайызын ауылдық жерлерге орналастырып, бүгінге дейін 11 мың жұмыс орны қамтылған 137 жобаны іске қосты.
Жалпы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша өңірде жаңа өнім түрлері игерілген. Мәселен, облыста кілем, ПВХ-профиль, жоғары маркалы цемент, битум, полианион целлюлозасы, құрылыстық әйнектер, күркетауық етінен жасалған тағамдар, мотор майлары, шынылар, полиэтилен құбырлары мен басқа да бұйымдар, сондай-ақ, вакуумдық пробиркалар, қағаздар мен гофрокартон, насостар, химиялық тұрмыстық тазартқыш құралдар, медициналық қондырғылар мен бұйымдар, дәрі-дәрмектер шығарылуда.
Кейбір ірі кәсіпорындардың жанында шағын және орта жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ сұранысын қамтамасыз ету мақсатында зауыт маңынан 2014 жылдың қараша айында «МоноЭлеТех» ЖШС-нің гофроқабырға кәсіпорны пайдалануға берілді. «Стандарт цемент» ЖШС цемент зауытының қажеттілігіне сәйкес оның маңынан «Оңтүстік Газ» ЖШС цемент қаптағыш қағаз қаптарының өндірісі іске қосылды. «Қазатомпром» жүйесіндегі уран өндіруші компаниялардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде «UKO-S-Star» ЖШС радиактивті заттар сақтайтын ыдыс және «Благо Лизинг» ЖШС полиэтилен бұйымдары өндірісі бойынша жабдықтар шығаруда.
Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймақта 38 кәсіпорын жұмыс істеуде. Онда 2,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 18 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бүгінде 33 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жалпы, аймақта 76,8 млрд. теңге игеріліп, 6699 жұмыс орны бар 71 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде бюджеттік 1 теңгеге 18 теңге жеке инвестиция тартылған.
Сонымен бірге, Шымкент қаласында көлемі 89 гектар алқапты құрайтын екінші «Тассай» индустриялық аймағы құрылды. Қазіргі таңда, осы аймақта құны 27,1 млрд. теңге тұратын 3918 жаңа жұмыс орнын қамтитын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Индустриялық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталған, инфрақұрылым жұмысының құны 1,3 млрд. теңгені құрайды. Инфрақұрылым жұмыстары 2015 жылы басталады. Нәтижесінде бюджеттік 1 теңгеге 20 теңге жеке инвестиция тартылатын болады.
Шымкент қаласының халықаралық әуежайы қасынан 50 гектар жерге үшінші Қазақ-түрік индустриялық аймағы құрылды. Жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 2,2 млрд. теңгеге техникалық экономикалық негіздеме және жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бүгінгі таңда құны 34,9 млрд. теңге, 600 жұмыс орнын құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, бұл индустриялық аймақта «Kazakhstan Automobile Industry» ЖШС – жүк машиналарын шығару (3,6 млрд.теңге, 100 жұмыс орны), «РТ-Оңтүстік Энерго» – өнеркәсіпте пайдаланылатын насостар шығару зауыты (3,3 млрд. теңге, 300 жұмыс орны), «Арт Тек Кран» ЖШС – Камаз базасындағы арнайы техника шығару (3,6 млрд. теңге, 140 жұмыс орны), «Karlskrona LB AC» ЖШС – болат балқыту зауыты (18,2 млрд. теңге, 300 жұмыс орны), «Центрально-Азиатский автомобильный завод» ЖШС – VolksWagen және ГАЗель NEXT миниавтобустарын шығару (5,1 млрд. теңге, 300 жұмыс орны), «Оптимо» ЖШС – YTONG маркалы автобустарын құрастыру (5,5 млрд. теңге, 600 жұмыс орны) инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуы жоспарлануда. Нәтижесінде 1 теңгеге 22 теңге жеке инвестиция тартылатын болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.