• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:20

Жиһаз өндірісі өрге басты

10 рет
көрсетілді

Еліміздің өңдеу өнеркәсібінде кейінгі жылдары қарқын ала бастаған саланың бірі – жиһаз өндірісі. Былтырғы қорытынды мұндағы өсімнің кездейсоқ емес екенін көрсетіп отыр. Отандық кәсіпорындар өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтып, ішкі нарықтағы үлесін де, экспорттау аясын да кеңейтті.

«QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту ди­рекциясының мәліметінше, был­тыр елде жиһаз өнімдерін өндіру көлемі 56,7%-ға өсіп, 165,1 млрд теңгеге жеткен. Со­ның нәтижесінде саланың жал­пы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі – 0,3%-ды, ал өңдеу өнеркә­сібіндегі үлесі 0,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер 2024 жылы 0,2 және 0,4% деңгейінде болған.

Дирекция сарапшылары ең жоғары өсім кеңсеге арналған ағаш жиһаз өндірісінде тіркел­генін айтады. Бұл сегментте өн­діріс көлемі 37,2% артқан. Сон­дай-ақ асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі – 18,5%, металл қаңқалы арнайы отыруға арналған жиһаз өндірісі 2,8%-ға өскен. Ал жатын бөлмеге арналған өзге ағаш жиһаздар, яғни кереует пен шкафтан өзге өнімдер, сонымен қатар ас үй жиһазы сегментінде өндіріс көлемі біршама төмендеген.

Ішкі нарықтағы сұраныс та тұрақты өсім көрсетіп отыр. Былтыр жиһаз өнімдерін ішкі тұтыну нарығының көлемі 670 млн долларға жетіп, алдыңғы жыл­мен салыстырғанда шамамен 3%-ға ұлғайған. Бұл ретте отандық өндірушілер ішкі нарықтың 37,8%-ын қамтамасыз еткен. Бір жыл бұрын бұл көр­сет­кіш 33,7% болған еді. Яғни отандық кәсіпорындардың нарықтағы үлесі біртіндеп артып келеді деген сөз. Салаға салынған инвестиция көлемі де назар аударарлық.

«Былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 6,9 млрд теңгеден асқан. Бұл бағытта Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірге жалпы көлемнің шамамен 70%-ы, яғни 4,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Қаражаттың басым бөлігі кеңсе мен саудаға арналған жиһаз өндірісін дамытуға жұмсалған», дейді дирекция сарапшылары.

Жиһаз түрлерінің басым бөлігі ағаштан жасалады. Ал елімізде орман қорының үлесі аз. Сол себепті шикізаттың барлығы дерлік шет мемлекеттерден әкелінеді. Бұрын дайын материал ғана импортталса, бү­гінде отандық кәсіпкерлер ағаш­ты өз бетінше өңдеуге қауқарлы.

Экспорт көрсеткіші де көңіл көншітеді. Отандық жиһаздың шетелге сатылымы 4,7 есе өсіп, 72,2 млн долларға жеткен. Әсіресе өзге металл жи­һаз экспорты – 11,3 есеге, металл қаңқалы отырғыш жиһаз­дың өзге түрлері 5 есе өскен. Пластмассадан жасалған жиһаз экспорты да 88,7%-ға артқан. Негізгі экспорттық бағыттар ретінде ТМД елдері аталады.

Саладағы оң динамика алда­ғы кезеңде де жалғасын таппақ. «QazIndustry» мәліметінше, биыл еліміздің әр өңірінде жиһаз өндірісіне қатысты сегіз жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар