ҚОСТАНАЙ. 14 тамыз. Қостанай облысының Меңдіғара ауданындағы «Қарқын» шаруашылығында Молдова агрономдары тәжірибе-сынақ өткізді. Олар шаруашылықта майлы дақылдарды үшінші жыл будандастырып өсірді. Майлы дақыл сорттарын біздің ауа райында өсіруді басты мақсат тұтып отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Валентин Бесараб күнбағыстың Меңдіғара жерінде жерсінуін мұқият зерттеп жүр. Молдовада өсетін күнбағыс сорты Қостанай облысында жақсы түсім берсе, ол үлкен пайданың көзіне айналар еді. Биыл үшінші жыл сыналған дақылдың жақсы нәтижесі де бар.
Майлы дақылдың бұл түрін егуге «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серікестігінің директоры Сайран Бұқанов арнайы алқап бөлген болатын. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов: «Соңғы жылдары тек ғана бидай өсіру дұрыс болмайтынына көзім жетті. Шаруашылықта бидайдың тиімділігі 10, күнбағыстың тиімділігі 20 пайыз болып отыр», – деді.
Биыл Сайран Бәлкенұлы майлы дақылдың көлемін 30 пайызға көбейтті. Диқан алқапты жыл сайын көбейтеді. Майлы дақылдың алқабы ауданның басқа шаруашылықтарында да кеңейіп келеді. Биыл ол барлық алқаптың 16 пайызына жетті, ал осыдан бірнеше жыл бұрын ол 10 пайызы да болмайтын.
Аудан әкімі Виктор Ионенко: «Мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек –субсидия. Бидай үшін гектарына 300 теңге берсе, ал майлы дақылдың гектарына 7 -11 мың теңге береді. Біріңғай дақылмен қалып қоймауды ойластырып отырмыз, ауылшаруашылығының дамуы осыған байланысты болады», – деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.