ҚОСТАНАЙ. 14 тамыз. Қостанай облысында қызылшаға қарсы қосымша тағы 20 мың адамды егетін болады. Олардың қатарына 15 пен 19 жастағы жасөспірімдер жатады. Бұл туралы alau.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап, облыс өңірінде қызылшаға қарсы қосымша егу жұмыстары басталады. Облыста 20 мың жасқа егу жұмысын жүргізу жоспарланды. Соңғы жылдары елімізде қызылшаға қарсы егу жұмыстары вакцинаның сапасына күдік күшейгендіктен тоқтатылған болатын. Бұл жолы 15 пен 19 жас аралығындағы жастар егіледі. Осы топтағы адамдардан жыл басынан бері 66 қызылша оқиғасы тіркелген болатын.
Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Сәуле Бәйменова: «Қызылшаны құрықтауға мүмкіндік бар. Біріншіден, қызылшаның вирусын таситын басқа тіршілік иесі жоқ, онымен тек адамдар ауырады. Екіншіден қызылшаға қарсы өте сапалы вакцина әкелінді», – деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: alau.kz.