Жуырда Жамбыл облысының тауар өндірушілері тауарларын жеткізу мүмкіндігін талқылау үшін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК бас мердігерлерімен және басшыларымен кездесті.
«Жеткізушілерге қойылатын басты талап – баға, сапа және жеткізу мерзімі. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінің идеясы «Болашақ энергиясына» шоғырланғандықтан, жеткізушілерге қойылатын тағы бір талап – бұл тауарлардың экологиялық қауіпсіздігі. Экологиялық қауіпсіздік туралы сертификат бәсекеге қабілеттілік мәселесінде үлкен рөл атқаратын болады», деп атап өтті өз сөзінде «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК басқарушы директоры – баға, сатып алулар және жергілікті мазмұн маркетингі жөніндегі департамент директоры Анна Боева.
Жүздесу барысында «Жамбылгипс» АҚ, «Азмина-Мрамор» ЖШС, «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС басшылары өз өнімдерінің сапасы, өндіріс көлемі және шығарылып отырған материалдардың артықшылықтары туралы ақпарат берді. «Жамбылгипс» АҚ гипс өндірумен айналысады, өзіміздің карьеріміз бар. Қазір тәулігіне 600 тонна гипсті өндіре алатын жаңа зауыт құрылысы аяқталуға жақын, оны 2016 жылы іске қосу жоспарлануда.
Гипс экологиялық таза өнім болып табылады, ол жанбайды және уытты заттарды бөлмейді, бұл экологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Қазір біз 30 мың тоннадан аса құрғақ құрылыс қоспаны, гипсокартонның 8 млн. шаршы метрін және 50 мың тоннаға жуық гипс өндіріп отырмыз. 2016 жылдан бастап өндіріс көлемі тәулігіне 600 тонна гипсті құрамақ, бұл ЭКСПО-2017 нысандарындағы әрлеу жұмыстарын аяқтауға қажетті бүкіл көлемді қамтамасыз етуге әбден жетеді», деді «Жамбылгипс» АҚ сауда бөлімінің бастығы Е.Щукина.
Сонымен қатар, кездесуге қатысқан «Азмина-Мрамор» ЖШС директоры Руслан Жетпісбаев өз кәсіпорны өндіретін көк және жасыл мәрмәрдің бірегей қасиеттері жөнінде тарқатып айтып берді. «Әлемде жасыл және көк мәрмәрді өндіретін тек үш кен орны бар, ол Үндістанда, Бразилияда және бізде өндіріліп, өңделеді. Негізінен, біз жеке тапсырыс берушілермен жұмыс жасаймыз, алайда қазір біз «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-мен ынтымақтасу туралы келісімшартқа отыратын болсақ, біз республикалық деңгейге шығатын боламыз», – деп атап өтті ол. Ресми бөлімнің соңына қарай бас мердігерлер мен аймақтық жеткізушілер жұмысқа қатысты мәселелерді талқылап, іскерлік байланыстарды үзбеуге келісті.
2015 жылдың 26 мамырында «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК және Жамбыл облысының әкімдігі облыстағы тауар өндірушілерді ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысына тарту туралы меморандумға қол қойғанын еске саламыз. Осындай кездесулер Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының кәсіпорындарымен де өткізілді.
«Егемен-ақпарат».