• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 17:17

Санавиация Таиландта комадан оянған қазақстандықты елге алып келуден бас тартты

10 рет
көрсетілді

Таиландта ауыр хәлге түсіп, комаға түскен турист есін жиды. Алексей Вивтоненко қысқа видеода өзін қолдап, қаржылай және моральдық көмек көрсеткен барша отандастарына алғыс білдірді. Ал оның жақындары науқасты елге жеткізу үшін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көмек сұрауын жалғастырып жатыр. Алайда бұл өтінішке екі рет бас тарту берілген, деп жазады Egemen.kz.

36 жастағы азамат Таиландта демалып жүргенде кенеттен жағдайы күрт нашарлап, жедел панкреатит салдарынан асқыну пайда болған. Ағзалары істен шыға бастаған соң дәрігерлер оны жасанды комаға енгізген. Науқас екі апта бойы ес-түссіз жатқан.

Жансақтау бөліміндегі бір тәуліктің өзі туыстарына шамамен 1 млн теңгеге түскен. Осы сәтте көптеген Қазақстан азаматтары бейжай қалмай, көмек қолын созған. Нәтижесінде ағзасы сырқатпен күресіп, арада бір жарым айға жуық уақыт өткенде Алексей алғаш рет жұртқа үн қатты.

«Ортақ қолдаудың арқасында қазір сіздерге видео жолдап отырмын. Өзімді жақсы сезінемін, есім дұрыс, қайда екенімді, қандай жағдайда екенімді толық түсінемін», дейді ол.

Дегенмен ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан, денесінде жара пайда болып, оған ота жасалған. Кейін дәрігерлер өкпеден тромб анықтаған. Қазіргі таңда науқастың ішіне сұйықтықты шығаратын арнайы түтіктер қойылған. Ол әзірге өздігінен отыра да алмайды.

Ағасы Тихон Вивтоненконың айтуынша, Алексейдің денесі әлі әлсіз. Қозғалыс қабілеті өте төмен. Қазіргі жағдайы қалыпты адамның шамамен 15-20% деңгейінде ғана.

Тайланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс ушықты

Таиландтағы Пхукет ауруханасында емделу жансақтау бөлімінен арзандау болғанымен, шетелдікке көрсетілетін барлық қызмет ақылы негізде жүргізіледі. Туыстарының айтуынша, науқасты Қазақстанда емдеу қаржылай да, моральдық тұрғыдан да әлдеқайда жеңіл болар еді.

Осыған байланысты олар бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген. Алғашқы бас тарту – науқастың жағдайы тым ауыр болғандықтан берілсе, екінші жолы – керісінше, оның өздігінен тыныс алып, есі анық болғаны есебінен көрсетілген.

Бұл жағдайға қатысты депутат Мұрат Әбенов пікір білдіріп, мәселені қатаң бақылау керегін айтты.

«Егер сарапшылар оның жағдайы ауыр екенін растаса, санавиация арқылы жеткізу – адамның заңды құқығы. Қазір адамдар сұранбауы керек, талап етуі тиіс. Қажет болса, сотқа жүгіну керек», деді депутат.

Ал министрлік өкілдерінің ұстанымынша, қазіргі жағдай медициналық авиациямен тасымалдауға сәйкес келмейді.

Сонымен қатар, оған санавиация көмегі үшінші рет те берілмегені белгілі болды. Қазір ол есін жиғанымен, екі аптаға созылған медикаментозды комадан кейін ағзасы әлі әлсіз. Дәрігерлер оның ұшуына тек медицина қызметкерінің бақылауымен ғана рұқсат беруі мүмкін екенін айтады.

«Біз тек медициналық көрсеткіштерге сүйенеміз. Әлеуметтік факторлар қарастырылмаған. Шетелдік әріптестер де науқасты тұрақты рейспен тасымалдауға болатынын жоққа шығармайды. Мұндай жағдайлар бұрын да болған», дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басшысы Ержан Әділбеков.

Қазіргі таңда Алексейдің жақындары шетелде емді жалғастыру үшін қаражат жинап жатыр. Ал науқастың елге оралу мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Қазақстан – Amazon Prime мен Euronews назарында: Туристік турлар саны 3 есе артты

Соңғы жаңалықтар