Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист
Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан– Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жеңістері мен татқан жемістерінің баршасының басты кепілдерінің бірі – сыртқы саясатымыздың сарабдалдығы. Тәуелсіздік жолына қатар түскен елдердің арасында халықаралық аренада дәл Қазақстандай тез танылған, тез құрметтелген, Батыс та, Шығыс та қатар мойындаған дәл біздің елдей ел жоқ десем артық айтқандық болмайды. Басқасын былай қойғанда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа қол жеткізуінің өзі білген жанға тамаша табыс. Біз бұл биікке бүкіл ТМД кеңістігінде, бүкіл түркі әлемінде, бүкіл мұсылман дүниесінде бірінші көтерілген мемлекетпіз. Осылай тарихта қалдық.
– Сөзің дұрыс. Ал сен ЕҚЫҰ-ға төраға болып тұрғанда сол ұйымның саммитін өткізе алған және өзінде өткізе алған қазірше жалғыз ел де Қазақстан екенін айтуды ұмытпасаң тіпті дұрыс болады. Оның үстіне ол саммит кезегі келгенде өткізілген, былайша айтқанда, сол жылы өткізілуге тиісті саммит емес еді. Ол кезең ЕҚЫҰ белгілі бір дәрежеде дағдарысқа ұшырап, тұрақты шақырылатын саммиттері ұйымдастырылмағанына он бір жыл болған күрделі кезең еді. Астана саммитінің қадір-қасиетінің бөлектігі де сонда.
– Енді сол биікке қалай келгенімізді әңгімелеуді сұраймын. Осы әңгімеге дайындалу барысында кезінде оқыған «Сто великих дипломатов» деген кітапты тыңғылықты түрде қайтадан қарап шықтым. Былайынша біз дипломаттар дегенде ең алдымен елшілерді, елшіліктің, консулдықтың, Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлерін ойға аламыз ғой. Ал жаңағы кітаптағы ұлы дипломат аталғандардың арасында патшалар, корольдер, императорлар, президенттер, канцлерлер көп-ақ.
– Тарихқа қарап отырсаң ертедегі әміршілердің де, бертіндегі басшылардың да бәрінің (әрине, мен елін жақсы басқарып, ізгі із қалдырғандарын айтып отырмын) халықаралық қатынастардың, соғыс пен бейбітшіліктің барлық мәселелерін тікелей өз қолдарында ұстап отырғанына көзің жетеді.
«Ғасырлар тоғысында» деген кітабымда маған ерекше әсер еткен саясаткерлердің арасында Шарль де Голльді бөле айтқан едім. Оның өз елін Германия фашизмінен азат ету соғысын КСРО-мен, АҚШ-пен, Ұлыбританиямен бірлесе, солардың көмегіне сүйене отырып жүргізіп, сонымен қоса бірде-бір мәселеде одақтастарының ырқына кетіп қалмауы, кейіннен Франция колонияларындағы ұлт-азаттық қозғалыстарының алдын алып, Африкадағы бұрынғы 15 колонияға тәуелсіздікті өзі ұсынуы дипломатиялық кемеңгерлігін көрсетеді. 1958 жылы Алжирде әскери бүлік басталғанда Франция парламенті де Голльді ел билігіне шақырып, сол жылы ол Француз Республикасының президенті болып сайланған. Ол кезде Алжирдің Франция құрамында қалуын ел халқының көпшілігі жақтайды екен. Шын мәнінде француз халқы сол тұста атақты генералды Алжирді қолда сақтап қалатын адам ретінде президенттікке қалаған. Алжир дағдарысының төрт жылы ішінде Шарль де Голль отаршылдықтың күні өткеніне, Алжир мәселесін ел тағдырын елдің өзі таңдау қағидаты бойынша шешу керектігіне халықтың көзін жеткізіп, 1962 жылы Алжирге тәуелсіздік беру жөніндегі келісімге қол қойғанда содан біраз бұрын көпшілігі Алжирді қолдан жібермеуді жақтап тұрған француздардың тоқсан пайыздан астамы енді Алжир тәуелсіздігін қолдайтын болып шыққан. Міне, дипломатияның күші деген осы. Шарль де Голльдің «Саясат – қолдан келетінді жасай білу өнері» деген атақты сөзі сол кезде айтылған. Оның «На острие шпаги» деген тамаша кітабы бар. Сонда саясаткер бар қайрат-қабілетін халықты соңынан ертуге жұмсауға, кейбір мәселелерде кезі келгенге дейін өзінің түпкі мақсатын ішіне бүге ұстауға, оны дәл дер шағында ғана ашуға тиісті екендігі айтылған. Есте ұстайтын сөз. Осындай мысалдарды ел басқарған адамдардың талайынан табуға болады. Солардың бірі – өзіміздің айбынды ханымыз Абылай. Оның басқа еңбегін былай қойып, тек Ресей мен Қытай арасында жүргізген дипломатиясын дұрыстап айта алсақ та кім-кімді де қайран қалдырар едік. Екі жақпен де тіл табыса жүріп өз елін ондаған жылдар бойы іс жүзінде, «де-факто» дейміз ғой, тәуелсіз ұстап тұра алғаны, ақыр аяғында өзінің дұшпанын, яғни жоңғарларды олардың өзінің дұшпанының, яғни Цин империясының қолымен қырғызып салғаны, сөйтіп Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып жібергені (аман қалған аз бөлігі қазақ даласы арқылы Еділ бойына жетіп, Ресейдің құрамына қосылып, қалмақ күйінде сақталды ғой) әлемдік дипломатия тарихындағы ғажайып құбылыстардың бірі деп сеніммен айтуға болады. Тек соны тарихшы ғалымдарымыз жеріне жеткізіп жаза алмай жүр.
– Абылай дипломатиясын айшықты ашып бердіңіз. Осы арада тарих туралы сұрақтар қойғым-ақ келіп кетті. Бірақ, ол тақырып бойынша арнайы әңгімеге уақыт табасыз ғой деймін.
– Тақырыптан ауытқымайық. Сыртқы саясатты қалыптастырудың бастапқы белесін айтқалы отырмын. Ел өміріндегі кез келген мәселеге Президентті қатысты етіп сөйлеуге болады. Ана шаруаға да, мына шаруаға да мемлекеттің басшысын байланыстырып айту әдеті баяғы заманнан бар. Қит етсе император қайда қарап отыр, мұндайға король қалай жол береді, осыны патша білмей ме, көрмей ме дейтін сөздер адамзатпен бірге жасасып келе жатқан шығар. Әлі талайға дейін солай бола беретін де шығар. Біздің қазекеңнің император тұрмақ, патша тұрмақ, тура Құдайыңның өзін кінәлап сөйлеуден де тайынбайтыны бар тіпті. Сондықтан жұрттың ана іске де, мына іске де Президентті жауапты етіп сөйлейтініне түсіністікпен қарауға да болады. Мұның арғы жағында түптеп келгенде жақсылық жатыр – елдің Мемлекет басшысына деген сенімі, Президентке артатын үміті жатыр. Ал негізінде ешқандай императордың, ешқандай корольдің, ешқандай патшаның елдегі барлық шаруадан толық хабардар отыруы іс жүзінде мүмкін нәрсе болған емес. Демократиялық үрдістер әлемде белең ала бастаған кейінгі ғасырларда бұл атымен мүмкін болмауға айналды. Ең бастысы – биліктің барлық іске бірдей тікелей және толық жауаптылығы тұжырымы қайта қаралды. Қазір біз билікті орталықсыздандыру бағытын жүзеге асырудамыз.
Былайша айтқанда, мемлекет басқару ісінде Президент стратегияны ойластырады, айқындайды, белгілейді, ал оның жүзеге асырылу тактикасын биліктің басқа үш тармағы – атқарушылық, заң шығарушылық және сот тармақтары шешеді.
Бірақ, Президенттің мемлекеттің сыртқы саясатына байланысты қызметіне орай сәл басқашалау айтуға тура келеді. Сыртқы саясат – президенттік саясат. Бұл саясаттың стратегиясы да, тактикасы да Президенттің құзыретінде. Мұны атап айту керек, қадап көрсету керек. Елдің сыртқы саясатын мемлекет басшысы тікелей айқындайды, тікелей жүргізеді. Бұл – басы ашық ақиқат. Түрлі ведомстволардың дербес сыртқы саясаты болмайтыны тәрізді, өзін-өзі құрметтейтін әрбір мемлекетте көп сыртқы саясат болмайды. Сыртқы істер министрлігі – атқарушы орган. Ол Президенттің сыртқы саясатын тиімді түрде жүзеге асыруға жауап береді.
Қоғамдық-экономикалық формацияның ауысуы қашанда зор өзгерістер туындатады. Ол өзгерістер дәйім адамдар санасындағы өзгерістердің күрделі үдерісімен бірге жүреді. Осыған орай қоғамда сол өзгерістерге сай келетін тиісті ахуал туғызу қажет. Ал ондай ахуал барлық салалардағы, соның ішінде идеология сияқты ерекше, нәзік, жауапты саладағы сарабдал саясаттың арқасында ғана жасалуы мүмкін. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуды біз сыртқы саясаттағы бағдарымызды қалыптастырудан бастадық деудің де еш артықтығы жоқ.
Мен тәуелсіздік тізгіні қолға тиген алғашқы күндерден бастап сыртқы саясат мәселелеріне қатты көңіл бөлуге тырыстым. Оған нақты дәлел мынау. 16 желтоқсанда біз Тәуелсіздігімізді жарияладық. Сол күннің ертеңінде-ақ мен Мәскеудегі шетел елшілеріне жолығып, Қазақстанның тәуелсіздігіне байланысты ой-пікірлерін білуді және жинақтап, мәлімет беруді тапсырдым. «Мәскеудегі шетел елшілеріне жолығып» дегеніме сен таңданбайсың, өйткені сол тұста аппаратта жұмыс істедің, бірақ кейінгі жастар мұндай сөзге таңданатыны анық, бәлкім, тіпті түсінбейтін де шығар. Мәскеудегі елшілер дегені қалай дейтін шығар. Мәселе мынада. Бастапқы кезде тек бір біздің емес, ТМД елдерінің бәрінің шет елдердегі мүдделері Ресейдің дипломатиялық өкілдіктері арқылы қорғалатын. Бірде-біреуінде шетелдік елшіліктер болмайтын. Өйткені, біздің Сыртқы істер министрлігінің аты бар да заты жоқ еді. Одақтас республикалардағы ондай министрліктерді Орталық әйтеуір көз қылу үшін, республика екен дегізу үшін ғана құрып қойған болатын. Олардың қызметі дипломатиядан алыс жататын. Сол кезде айтылатын «республиканская дипломатия» деген кекесінді сөз де болатын.
– Партияның Орталық комитетінде жұмыс істеген кезімнен мына бір жағдай есімде қалыпты. Идеология бөлімінде мәдениет секторын басқарған едім. Анда-санда шетелдік қонақтар келіп қалады. Соларды алып жүру, қала аралату, Алматының маңындағы көрікті жерлерді көрсету Сыртқы істер министрлігіне тапсырылатын. Бағдарламалардың бір-біріне ұқсастығы сондай, басылған қағаздың бір данасын сақтап қойып, тек елін, қонақтың аты-жөнін өзгертіп, «Посещение высокогорного катка Медеу», «Посещение дома-музея Жамбыла Жабаева» деген сияқтыларды, жауапты мекемеге министрлікті сол күйінде қалдырып, нақты орындаушының тұсына әдетте шетелдік қонаққа ере жүретін екі-үш адамды білетін тіліне қарай ауыстырып жазып, мәшіңкеге қайта-қайта бастыра беретінбіз... Басқа кезде сол министрліктің бар-жоғы білінбейтін де.
– Расында да, ақылға сыймайтындай ауыр жағдай ғой. Тәуелсіз мемлекет. Шетелде бірде-бір дипломатиялық өкілдігі жоқ. Мамандары тағы жоқ. Халықаралық дәрежедегі бірде-бір келісімге қол қойып көрмеген. Өзіміздің дербес сыртқы саясатымызды тездетіп қалыптастырмасақ, елдік мүдделерімізге орасан нұқсан келуі мүмкін екендігіне көзіміз жетті. Сондықтан тәуелсіздік тізгіні қолға тиген алғашқы күндерде-ақ мен еліміздің өз тәуелсіздігін жариялауына байланысты көзқарастарын анықтап, жинақтауды тапсырдым.
– Біздің сыртқы саясатымыздағы ең басты ұстаным қандай болып белгіленді?
– Еліміздің географиялық тұрғыдан орналасуын, мемлекеттің геосаяси жағдайын, көпұлттылығымызды, көпдінділігімізді, көптілділігімізді ескере отырып біздің сыртқы саясаттағы ең басты ұстанымымыз көпжақты бағдар болуы керек деген тоқтамға келдік. Сөйтіп, халықаралық байланыстарымыздың арқауы етіп жақындағы, алыстағы елдердің бәрімен бірдей өзара тиімді қатынастар орнатуымыз қажет деп шештік. Бұл арада да біз өзімізді толғандырған көп сұраққа жауапты ұлы Абайдан тапқандай болдық. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтатын сөзі нағыз халықаралық дипломатияның ой қазығы емес пе?
Жалпы, біз халықаралық аренадағы іс-қимылдарымызды тәуелсіздікке дейін-ақ бастағанбыз. 1991 жылдың басында мен Түркия Президенті Тұрғыт Озалды Қазақстанға шақырғанмын. Ол кезде КСРО субъектілерінің, яғни одақтас республикалардың Мәскеуді айналып өтіп, сыртқы саясат саласында әрекет жасауына құқы жоқ болатын. Соған қарамай мен бірқатар елдер басшыларымен тікелей қарым-қатынас орнаттым. АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Ұлыбритания Премьер-Министрі Джон Мейджормен, Оңтүстік Кореяның Президенті Ро Дэ У-мен кездестім. Сингапур лидері Ли Куан Ю-ді Алматыға шақырып, көп сөйлестім. Оның біздің экономистердің алдында лекциялар оқуын ұйымдастырдым.
Әрине, кез келген егемен мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігін қорғаныс қабілеттілігін сақтау арқылы нығайтатын болады. Сондықтан біз ә дегеннен-ақ соғысты болдырмау шараларын да ойластырдық, елімізді, жерімізді қорғаудың әдістерін көздейтін әскери доктринаны, тиісті заңдарды қабылдадық. Бірақ бұл мәселенің бір жағы ғана. Мынандай алмағайып дүниеде өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін біздей жері көп, елі аз, күрделі геосаяси жағдайдағы мемлекет қорғаныс қабілетін күшейтумен ғана шеше алмақ емес. Қазақстанның өзіндік ерекшелігі, экономикасының дамуы мен әскери құрылысының деңгейі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құралдарды емес, ең алдымен өзінің ішкі қуатына және парасатты, салмақты дипломатияға сүйеніп отырып, осы заманғы саяси құралдарға басымдық етуді алдымен қажетсінетін еді. Шекараны таспен қоршамау керек, шекараны доспен қоршау керек. Біз солай еттік. Қазақстан шекараларын заңды түрде бекітуді біз әу бастан сыртқы саясаттың басты буынының бірі деп санадық. Ол жайында өткен жолы айтқанмын.
– 2015 жылғы көктемде Жастар форумында сөйлеген сөзіңізде сіз Қазақстанның экономикалық дамуына түбегейлі ықпал ететін нақтылы және қарапайым факторлар қатарында география мен климатты, яғни үлкен арақашықтықты, теңізге шығу жолының жоқтығын айтып едіңіз. Іс жүзінде біз осындай көптеген объективті жағдайларға қарамай алға басудамыз дегенсіз. Сонда еліміздің тиімді геосаяси жағдайы неде болып шығады?
– Иә, сондай жағдайларға қарамай алға басудамыз. Ал жаңағы айтқан мәселелердің ішіндегі ең бастысы – біздің теңізге шығатын жолымыздың жоқтығы үлкен кемшілігіміз екені рас. Өзіңнің порттарың болып, сол порттардан жүк тиелген кемелерің мұхит айдынымен әлемнің кез келген портына жол тартып жатса, жақсы емес пе? Әрине, жақсы. Ол бізде жоқ. Бұған көнбеске амалың тағы жоқ. Теңізге шығатын жолы жоқ елдер мына дүниеде толып жатыр. Бірақ бар мәселе кемшілікті артықшылыққа айналдыруда ғой, солай емес пе? Біздің жеріміз ежелден Батыс пен Шығыстың арасындағы сауда және саяси байланыстардың сахнасы болған. Атақты Жібек жолының үлкен бір бөлігі қазақ даласы арқылы өткен. Сондықтан да біздің еліміз Еуропаны, Орталық Азияны, Азия-Тынық мұхит аймағын, Азияның оңтүстігін байланыстырушы буын ретінде маңызды стратегиялық рөл атқара алады. Атқара да бастады. Бір жамандықтың бір жақсылығы бар деген сол. Мысалы, біз өз тауарларымызды елдің бір шетінен бір шетіне, одан асып шетелге апару үшін қосымша көп шығын жұмсаймыз. Оның есесіне өзге елдер өз тауарларын біздің ел арқылы тасымалдаса жаңағы бізге кедергі саналатын қашықтық енді пайда көзіне айналады, өйткені транзиттік тарифтен алатынымыз көбейе түседі. Сондықтан жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай, мыңжылдықтар тоғысатын тұста әлемнің саяси картасында жаңа геосаяси жағдай туды дейміз. Онда Қазақстан Еуропаны Азия-Тынық мұхит аймағымен байланыстыратын кеңістікті алып жатыр. Бұл кеңістік сыртқы саяси және стратегиялық тұрғыдан тиімді кеңістік.
Еліміз егемендік ала салысымен бұрын одақтас республика ретінде тіпті айналысып көрмеген проблемалармен бетпе-бет келді. Қазақстан халықаралық сахнаға шыға салысымен тіпті өзге ортаға қойды да кетті. Сол тұста біздің ең алдымен шешіп алған, қазақша айтқанда салған беттен басын ашып алған мәселеміз ел территориясында орналасқан ядролық қарудың тағдыры еді. Оның жай-жапсарын кезінде өзіңе әңгімелегенмін.
Мына бір жағдайды да айта кетейін. Ол біздің түркітілдес ағайындармен арақатынасымызға байланысты. «Құдай қосқанды адам ажырата алмайды» дегендей, мың жылдық үзілістен кейін түрік бауырларымызбен қайта табысқанымыз рас. Олар Анадолы даласына біздің Сыр бойынан барған ғой. Қыпшақтар мен оғыздардың бөлінетін тұсы сол. Тәуелсіздік таңы атқан тұста бізге түрік бизнесмендерінің көп көмегі тиді. Сонымен бірге, түріктердің бірден-ақ бізге ақыл айтуға, тым қамқоршы болуға ұмтылуы секем алдырған еді. Біз деген «үлкен ағадан» жаңа ғана құтылған ел емеспіз бе? Осы мәселе бойынша менің өзім ерекше сыйлайтын адамым – Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды ренжітуіме де тура келген кезі бар. Қайтейін, бәрі де елдің қамы ғой.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, ел тәуелсіздігі 1991 жылы жарияланғанымен іс жүзінде тәуелсіздік жағдайында өмір сүрген алғашқы жылымыз деп 1992 жылды атаған жөн. Сіз ол кезде 52 жасқа жаңа аттаған едіңіз. Өзіміздің елуден жаңа асқан кезімізді, қазіргі елуден асқандарды көз алдымызға келтіргенде сол бір тарихтың талмау тұсында бойыңыз бен ойыңызға түскен жүктің салмағын қалай қайыспай көтергеніңіз қайран қалдырады. Нью-Йорктегі сөзіңізде Марк Твеннің жасы 48-ге келгенше пессимист күйінде қалған адам тым көп біледі, ал жасы 48-ден асқанда да оптимист күйінде қалатындар тым аз білетіндер деген сөзін келтіргенсіз. Марк Твеннен гөрі менің жолым болыңқыраған сияқты, өйткені, жасым 52-ге қараған шақта мен елімнің болашағына сеніммен қараймын дегенсіз. Ел болашағына сенгендіктен де, еліміз халықаралық қоғамдастықтың өміріне дендеп араласуға құқылы, соған лайықты деп білгендіктен де сол жылы, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданғаннан кейінгі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының алғашқы, яғни 47-ші сессиясында сөйлеген сөзіңізде-ақ сіз әлемдік ауқымда бастама көтердіңіз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес ұйымдастыруды ұсындыңыз. Бұл идея қалай туындап еді?
– Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесі сияқты құрылымды Азияда неге құрмасқа деген идея ешкімнің көңілінің түкпірінде атымен жүрмеуі мүмкін де емес еді. Бірақ оны нақты іске айналдырудың тетіктерін қарастыру керек қой. Соны бізге дейін ешкім де қарастырмапты. Біздің еңбегіміз – Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік проблемасы бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізу бойынша Қазақстанның нақты бастамасын көтергеніміз. Ең бастысы – ондай кеңестің міндетін, сипатын белгілеп, ұйымдастырудың тетіктерін көрсетіп бергеніміз, көптеген жылдар бойы жүйелі жұмыс жүргізіп, мақсатты жеріне жеткізгеніміз.
– Қытайға жолым түскенде Бейжіңдегі Шет тілдерде әдебиет шығару баспасынан жарық көрген «О государственном управлении» деген кітапты ала қайтқан едім. Си Цзиньпиннің сөздерінің жинағы екен. Қытай басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2014 жылғы 21 мамырдағы 4-ші саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанды «АӨСШК-нің бастамашы мемлекеті» деп бөлекше атапты, біз мұны елімізге деген құрметтің бір көрінісі деп білеміз.
– Қытай басшысының ол сөзіне рахмет. Біздің бәріміздің басымызды бірлескен күш-жігермен Азияда қауіпсіздіктің сенімді жүйесін жасауға болады, жалпы бүкіл дүниеде қауіпсіз әлемді ортақтаса орнатуға болады деген пікір қосып отыр. Өз басым бара-бара АӨСШК Азиядағы қауіпсіздіктің ақиқат факторына айналатынына анық сенемін. Біздің осындай Кеңес шақыру жөніндегі бастамамызды ә дегеннен-ақ Азия аумағының 90 пайызын алып жатқан мемлекеттер қолдағанын ерекше айту керек.
– Сіз ұсынған тағы бір ірі бастаманың Еуразиялық экономикалық одақ құру бастамасының жүзеге асуына дәл жиырма жыл кеткенін қалай түсіндірер едіңіз? Бұл енді қанша дегенмен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасындағы мәселе ғой.
– Бұл сұрағыңа жауап беруді әріден бастауға тура келеді. «Еуразия», «еуразияшылдық» деген ұғымдарды пайымдаудан. Негізінде біз адамзат тұрақты өмір сүретін материктер бесеу дейміз: Азия, Еуропа, Африка, Америка, Австралия. Ал таза геологиялық, географиялық тұрғыдан қарасақ, Азия мен Еуропа жеке-жеке материктер болып саналмайды. Азия мен Еуропа мыңдаған жылдар бойы бір-бірімен тығыз байланыспай, негізінен дербес өмір сүріп келгендіктен, тарихи, саяси, діни себептер ажыратқандықтан әрі жер көлемінің өте үлкендігіне байланысты шартты түрде екі материк ретінде айтылады. Біз Еуразияны дүниенің екі бөлігінен – Еуропа мен Азиядан құралатын Жер шарының ең үлкен материгі деп білуіміз керек. Алайда, ресейлік еуразияшылар – Савицкий, Трубецкой, Бердяев, тағы басқалар Еуразия ұғымына тек географиялық мағына берген жоқ. Олар Еуразия деп сол кезде Ресей империясы алып жатқан территорияны атады. Ресейді Еуропа да емес, Азия да емес, өзінше «ортадағы материк» деп санады. Империяның тұтастығы үшін «еуропалық Ресей», «азиялық Ресей» ұғымдары жоқ, ортақ Ресей – Еуразия бар деді. Бұл – Еуразия ұғымының сол кездегі пайымдалуы. Ағылшынның Хэлфорд Макиндер деген ғалымының кімде-кім Шығыс Еуропаны өз бақылауында ұстаса сол Хартлендте, яғни Еуразия континентінде, алып құрлықта үстем болады, кімде-кім сол жерде үстем болса, бүкіл әлемде үстемдігін орната алады деп жазғаны бар екен. Бұл сөз Еуразия аумағының стратегиялық тұрғыдағы аса маңыздылығын көрсетеді. Одан бері де тағы бір ғасырдай уақыт өтті. Сол уақыт ішінде бұрынғы Ресей империясының орнында Кеңес Одағы деген мемлекет орнады, оның құрамында он бес республика болды, олар бір-бірімен соншалықты тығыз қойындасып, электр желілеріне дейін, теміржолдарына дейін, автокөлік магистральдарына дейін мидай араласып кеткен біртұтас экономика құрды. Жаңағы он бес республикада ортақ тіл орнықты, ортақ діл де орнықты деуге болады. Адамдардың мінез-құлқында, психологиясында ұқсас жайлар көбейді. Тәуелсіздік келісімен барлық елдер бет-бетімен кетті де, қалыптасқан экономикалық байланыстардың бәрінің быт-шыты шықты. Ортақ базарымыздан айырылдық. Бір елдегі тауар бір елге өтпейтін болып, қоймаларға жинала бастады, ақыры кәсіпорындар, зауыттар, фабрикалар банкроттыққа түсті. Мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Өкінішке орай, КСРО-ның қалған қирандысының орнына құрылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы уақыттың объективті талаптарына толық сай келмеді, халықтар зәру болып отырған интеграцияны қамтамасыз ете алмады. Мен 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзімде тәуелсіз елдер арасындағы қарым-қатынастың сапалық жаңа деңгейіне ауысуы қажет екенін, мұның пісіп-жетілгенін айттым. Кеше ғана Одақтан зорға құтылғандай болып отырған елдердің халықтары «Одақ» сөзінен шошынатынын біліп, бірден-ақ Еуропалық Одақ бар екенін, ойдағыдай өмір сүріп жатқанын қоса айттым. Оларға құруға болатын одақты бізге неге құруға болмайды?
– Сіздің Мәскеу университетінде жасаған ұсынысыңыз ТМД елдерінде әрқилы пікір туғызды.
– Оларда ғана емес. Бұл жоба Қазақстанның өзінде де бірден қызу қолдау таба қойған жоқ. Біреулер интеграцияны жақтады, біреулер интеграцияны негізінен жақтай тұра, оны белгілі бір мөлшерде шектеуді ұсынды, біреулер интеграциялық үдерістер қазір қажет емес деп санады.
– ТМД елдерінде сіздің ұсынысты қолдамағандар қатарында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен Түрікменстан Президенті Сапармұрад Ниязов болғаны есімізде.
– Қолдамағандар деген қарсы болғандар деген сөз емес. Олар мұндай мәселелердің бәрі кейінірек қарастырылуы керек деп санады. Менің достарым бұл үдерістің сатыластықпен, эволюциялық жолмен жүретінін, біраз уақытқа созылатынын ескермеді ғой деймін. Кейіннен көп нәрсе өзгерді. Оншақты жыл бойы Қазақстанның интеграциялық бастамаларын қолдамай келген Өзбекстанның өзі 2005 жылдың аяғында Еуразия экономикалық қоғамдастығына қосылу ниеті бар екенін мәлімдеді, бірнеше айдан кейін, 2006 жылдың басында Өзбекстан Қоғамдастыққа қосылды. Шынында да, мұндай одақтар тәуелсіздікке тікелей қауіп төндіреді деу жөнсіз. Еуропалық Одаққа қанша ел біріккен? Шекаралары ашық. Көлікпен зулап келе жатқаныңда көрші елдің жеріне кіргеніңді байқамай да қаласың. Ақшасы тұрмақ, банкісі тұрмақ, парламентіне дейін ортақ. Солар немене, тәуелсіздігінен айырылып па екен? Қайта өркендеп, дамып келе жатқан жоқ па?
– Әйтсе де, 1994 жылы қазан айында Мәскеуде өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде сіздің бұл ұсынысыңызды қаперге алумен шектелу, ондағы негізгі идеяларды ТМД-ның интеграциялық үдерістерін тереңдету барысында пайдалану жөнінде шешім қабылданды. Сіздің сол кездегі көңіл-күйіңіз қандай болды?
– Әрине, қуандым дей алмаймын. Сонша өкінген де жоқпын. Өйткені, мен бұл идеяның жүзеге асуы ұзақ жылдарға созылатынын анық білетінмін. Мысалы, Еуропалық Одаққа қалай құрылған? 1950 жылы көмір мен болат жөнінде француз-герман бірлестігін құру жөнінде декларацияға қол қойылған. Одан жеті жыл өткенде Еуропа экономикалық одағы құрылған. Одан кейін тұтас ширек ғасыр, яғни 25 жыл өткенде барып Еуропалық Одақ құру туралы Маастрихт келісіміне қол қойылған. Сонда бұл идеяның басталуынан түйінделуіне дейінгі уақыт аралығы бас-аяғы 42 жылға созылған болып шығады.
Менің ұсынысыма тым сақтықпен қарау кәдімгі «Негізі дұрыс қой, сонда да не болып кететінін қайдан білейік» деген сияқты ой қисынынан еді. Екінші жағынан, белгілі бір тұлғалар тарапынан идеяның авторлығына қызғанышпен қарау да атымен болмады дей алмаймын.
– Бірақ, бұл арада мына жайды ескеру керек шығар. Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің мүшесі Рамазан Абдулатипов Еуразия одағы идеясының Орталық Азиядан шыққаны біз үшін өте маңызды, идея Мәскеуден шыққанда оған бірден-ақ неше түрлі жамауатақ, яғни ярлык жапсырылар еді деген болатын.
– Ол сөздің де жаны бар. Мен Еуразиялық одақ қалыптастыру жөніндегі идеяны әдейі Мәскеу университетінде, Ресей ғылыми элитасының өкілдері алдында айтқан едім. Жетекші ғалымдардың бұл идеяны қолдағаны ойымды орнықтыра түсті. Интеграция деген КСРО заманына қайта оралу емес. Интеграция – ең алдымен экономикалық прагматизм. Мұнда да өзім үнемі айтып отыратын «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағида алға ұсталады. Мысалы, еліміздің халқы небәрі 17 миллион адам. Шүкір, өсіп жатырмыз. Бірақ, қаншалықты өсе береміз? 20 миллионға жетпекшіміз. Жетеміз. 25 миллионға барармыз. 30 миллионға барармыз бір кезде. Бірақ, мына жаһанданған әлемде оның өзі өте тар нарық саналады. Біз өз халқымыздың қажетін ғана қанағаттандыратын экономикамен алысқа бара алмаймыз. Бізге міндетті түрде сыртқы нарықтар керек. Сол нарықтардың ең үлкені – 170 миллион адамдық Ресей нарығы. Өкінішке орай, қазірше біздің тауарларымыз Еуропаның, Американың нарығының талабына толық жауап бере алмайды, Қытайдың нарығы онсыз да толып тұр. Ал Ресей нарығы, Беларусь нарығы, басқа да көршілес нарықтар біздің тауарларға ыңғайлы, біздің нарық та олар үшін өтімді. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі жұмысты жылдар бойы жүйелі түрде алға жылжытумен болдым. Алдымен Кеден одағы құрылды. Одан кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Одан кейін, 2014 жылы, яғни идея ортаға салынғаннан соң 20 жыл өткенде Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. ЕАЭО құру жөніндегі Шартқа Астанада қол қойылуының символдық мәні бар. Өйткені, Қазақстан бұл идеяны ұсынып қана қойған жоқ, Қазақстан осы жылдардың өн бойында дәйім бұрынғы кеңестік кеңістіктегі басты интегратор ретінде көрініп келді. Кез келген ірі шаруа аяқ астынан керемет нәтижелер бере қоймайды. Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа құрылған тұсына Батыс әлемі мен Ресей арасындағы күрделі шиеленістер, түрліше «санкциялық соғыстар» тап келді, сондықтан бұл экономикалық одақтың әлеуеті дәл қазірше толық ашылмай тұр. Бірақ, мемлекеттеріміздің алдынан 170 миллион адамдық байтақ нарық ашып беретіндігінің өзі оның болашағы жарқын екенін көрсетеді.
О бастан-ақ маған бұл жобаның өзіміз талайдан көз жазып қалған ізгілікке, жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталуы маңызды, тіпті бір есептен басымырақ та болып көрінді. Неге десең, біздің бәріміздің сан ғасырлық ортақ тарихымыз бар, бірлесе өмір сүру дәстүріміз бар, ортақ тағдырымыз бар. Халықтарымыздың бәрі бір-бірімен, қазақша айтқанда, «ішек-қарны араласып» кеткен. Енді олардың арасында шекаралар тұрады, кедендер тұрады, бір-бірімізбен неше түрлі бөгесіндермен бөлініп қаламыз деген оймен келісудің өзі қиын. Оның үстіне жұрттың бәрі әлемде интеграциялық бірлесу үдерісі жүріп жатқанын, айталық, Еуропалық одаққа біріккен елдердің өркендеу үстінде екенін әрі ешқайсының да егемендігінен айырылмағанын көріп отыр.
Әрине, біз Еуразиялық экономикалық одақ құруға біртіндеп, сатылап келдік. Мысалы, әуелдегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың ең басты жетістігі Беларусь, Қазақстан және Ресей арасындағы Кеден одағын құру туралы келісімнің жасалғандығы. Бара-бара оған Қырғызстан мен Армения қосылды. Айтқандай, бұл елдер кейіннен Еуразиялық экономикалық одаққа да қосылды. Өйткені, олар бұл арада ескі саяси құрылымдарды емес, бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіруді емес, ұлттық мемлекеттердің экономикасы ықпалдастық арқауы бола алатынын басшылыққа алып отырғанымызға көз жеткізді. Негізінде өмір тәжірибесі өткен саяси тарих та, тіпті, тіл мен діннің бірлігі де нағыз ықпалдастық үшін аздық ететінін көрсетіп беріп отыр. Бір діндегі, бір тілді арабтардың ара-дара жүргендігі – осы сөзімнің дәлелі. Кірігудің нақты басты мүддесі экономикалық мүдде болғанда ғана ол баянды болмақ.
– Сіз сол 1994 жылдың күзінде Орталықазиялық одақты ресімдеу жөнінде де ұсыныс жасаған едіңіз. Діні ортақ, тарихы ортақ, тілі ұқсас, ділі жақын ағайындар ол ұсынысты қолдап әкете қоймады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Ағайындар ол ұсынысты дәл сол пішімде қолдап әкете қоймады деген орынды болады. Әйтпесе, сол жылы Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы шартқа қол қойылып, оған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан кірген болатын. Араға төрт жыл салып, бұл шартқа Тәжікстан қосылды. Одан кейін «төрттік» Орталықазиялық экономикалық қоғамдастық құруға бел байлады. Өкінішке орай, ол құрылым негізінен қағаз жүзінде қалды. Неге «өкінішке орай» деп айтамын? Олай айтатыным – біз мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршілес мемлекеттермен жан-жақты байланыстарымызды қазіргіден әлдеқайда берік ете түсуге тиіс едік. Оған негіз жеткілікті. Бұрынғы бес кеңестік республика орналасқан Орталық Азия өңірі 4 миллион шаршы километр жерді алып жатыр, бұл дегеніңіз бүкіл Батыс Еуропаның аумағынан да артық. Мұнда 60 миллионнан артық халық тұрады. Бәрінің де теңізге шығатын жолы жоқ. Бәрінің су ресурстары ортақ. Кеңес Одағы кезінде қатынас жолдары толық төселген, газ, мұнай құбырлары тартылған. Бізге бірге болуды Құдайдың өзі қош көреді.
– Тәжікстанның РЕГНУМ ақпараттық агенттігі кезінде таратқан бір пікірден Назарбаевтың ұсынысы тәжік халқының мүддесіне сай келмейді дегенді оқыған едім. Ол автор өңірдің елдері өздерінің күш-жігерлерін анағұрлым ауқымды ықпалдастық бағытында белсендірек ете түсуі керек, бұл үдеріске Ауғанстан мен Иран қосылуы керек деп санайды. Соның өзінде де біз Орталық Азия жерінде біртұтас мемлекет құрылуымен келісе алмаймыз, ондай жағдайда өзіміздің тәуелсіздігімізді, өзіміздің тілімізді, өзіміздің төлтумалығымызды жоғалтып алу қаупі бар дейді. «Мы не можем согласиться с тем, что на территории Центральной Азии может быть создано единое государство», деп тұп-тура айтылған.
– Қайдағы «единое государство?» Міне, түсініспеу деген осындайдан шығады. Ешкім де біртұтас мемлекет құруды ұсынған жоқ. Ондай ой да болған жоқ. Қазақстан осы арқылы өңірде гегемон мемлекет болғысы келеді деген сөздердің де ешқандай негізі жоқ. Әңгіме өңірлік нақты интеграция жайында. Адамдардың, капитал мен тауарлардың еркін қозғалуын қамтамасыз ететін біртұтас экономикалық кеңістік құру жайында. Өркениетті әлемде шекаралар ашылып жатқанда бір кезде бір халық болып отырған халықтардың шекараны бекітіп, кеденді кедергі етіп отырғаны көкейге қонымсыз. Мен Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандырудың ең жақсы жолы ішкі өңірлік ықпалдастық деген ойымнан қайтпаймын. Мұнда біраз түйін жинақталып қалған. Тек су ресурстарын бөлу мәселесінің өзінде біраз келіспеушіліктер бар. Олардың бәрін дәйім бірлесе шешкенде ғана біздің өңіріміздегі шиеленіс әлеуетін азайта аламыз. Оның үстіне ұлы державалардың осы өңірде экономикалық тұрғыдан басымдық ету үшін өзара бәсекелестікке түсіп жатқанын көріп отырмыз. Бізге қазір бір-бірімізге деген сенімді арттыра түсу керек. Араласу көп болған жерде сенім де көп болады.
– Расында да, қарапайым халық түсіне бермейтін, жан ауыртар жайлар бар. Мен өзім Қазығұртта туғанмен, Келесте өскен едім. Ауданымыздың орталығы Абайдан Ташкентке дейін 45 шақырым ғана. Әрі кеткенде ай сайын барып тұратынбыз. Бала күнімізден бізді өркениетті өмірге бейімдеген де сол қала болатын. Ұлттық ұғымға ерте әкелген де сол қала еді. Сөйткен Ташкентке қазір іргесіндегі «Сарыағаш» шипажайына барып тұрып кіре алмаймыз. Алдымыздан көлденеңдеп кедені шығады.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«...Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың,
Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын.
Елеусіздеу жүрген бір ақыны едім даланың,
Шерге толып өзегім, кері аттанып барамын.
Тілім бармай қош деуге,
қия алмай көп қарадым,
Ташкентті ұмытпа, ойлы туған қарағым.
Қош, Тасқала, қайтейін,кіргізбеді кеденің,
Біле алмадым біздерге ертеңгі ұрпақ не дерін.
Қош, Ташкент, аяулым,
көшімді артқа бұрармын,
Тілегіңді сыртыңнан тілеуші боп тұрармын.
Шайырлардан жайыңды
хат арқылы сұрармын,
Архивтерді ақтарып, оңашада жылармын».
Қасымхан БЕГМАНОВ,
«Қазақ әдебиеті», 2015 жылғы
3 сәуір.
– Бұл енді әр мемлекеттің өзінің шешетін мәселесі. Оған олай деуге де, бұлай деуге де болмайды. Бірақ, ағайындас халықтардың аралас-құраластығы қазіргіден анағұрлым артық болуға тиіс екендігі тағы талассыз. Басқасын айтпағанда, мұның өзі таза экономикалық тұрғыдан да тиімді екендігін дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Біздің сыртқы саясатымыз Орталық Азиядағы ықпалдастық үдерістерін жалғастыруды, жандандыруды жақтайтыны, жай жақтап қоймай, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беретіндігі анық.
– Сіздің халыққа жыл сайынғы Жолдауларыңызда сыртқы саясат мәселелері де қозғалып тұрады. Солардың бәрінде басымдықтар қатарында алдымен Ресей Федерациясымен қарым-қатынас айтылады. Мұның сыры неде дер едіңіз?
– «Сыры» дейтіндей ештеңе жоқ. Қазақстанның алдында мына әлемдегі негізгі әріптес пен негізгі одақтас кім бола алады деген таңдау тұрып көрген емес. Географиялық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да біз үшін Ресейдің орны бір бөлек. Ресейлік бағыт – Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды басымдығы дегенді біз дәйім айтамыз. Бәрінен бұрын көршілермен достықта өмір сүру мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы басты басымдық десек, бұл ең алдымен тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған Ресейге тікелей қатысты. Дербес мемлекеттерге айналған қазіргі жаңа кезеңде де біздің бұрынғыша рухани етене күйде келе жатқанымыз өте сүйінішті. Даму үдерісіндегі Қазақстанның басты серіктесі – Ресей. 2006 жылы Мемлекеттік думаның 100 жылдығына арналған отырыста сөйлеген сөзімде мен тек бір жылдың өзінде, атап айтқанда 2005 жылы Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинмен 8 рет кездескенімізді айтқанмын. Мұндай жағдай мемлекеттер басшыларының арасында сирек деп ойлаймын. Басқаша болуы да мүмкін емес. Мәселе Қазақстан халқының ширек бөлігін орыс этносының өкілдері құрайтынында ғана емес. Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік әріптестер болуға тиістігі талассыз. Менен Ресеймен қарым-қатынасымыздың қандай болғанын қалар едіңіз деп сұрап жатады. Оған кезінде жұртқа белгілі сөзді пайдаланып жауап бергенмін. «География бізді көрші етті. Тарих бізді дос етті. Экономика бізді серіктес етті. Қажеттілік бізді одақтастар етті», дегенмін. Қазір де соны айтамын. Жаңағы сөзді айтқан адам – Джон Кеннеди, ол сөзі АҚШ-тың Канадамен қарым-қатынасына байланысты айтылған. Мен Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы осы сипатта болғанын қалаймын. Оны Ресейдегілер де жақсы түсінеді. Гумилевтің бір сөзі бар, Ресей тек еуразиялық мемлекет ретінде ғана, тек еуразиялық идеясы арқылы ғана ел болып қала алады деп келетін. Екі елдің арасында сындарлы үнқатысу арқылы, өзара мүдделерді ескеру арқылы шешуге болмайтын бірде-бір проблема жоқ.
Жағдайдың қиындағаны сол кезде Ресейде барлық бұрынғы кеңестік республикаларда қос азаматтық енгізілу керек деген ойдың белең алып тұруына байланысты еді. Біз еліміз аумағында бір ғана азаматтық болуы керек деп санадық. Шынында да, қос азаматтық пен тәуелсіз мемлекет ұғымы тіпті қиыспайды. Оның үстіне жекешелендірудің жаңа ғана қызу жүріп жатқан кезі. Меншікке байланысты туындауы мүмкін кез келген дауға көрші мемлекет өзінің «жарты азаматының» мүддесі тұрғысынан араласа берсе не болады? Жарайды, ондай даулар заң жолымен шешіледі дей қояйық. Ал енді өз еліңде тұрып жатқан адамдардың бір мезгілде көрші елдің де азаматы саналатын жағдайын көз алдыңа елестетіп көрші? Ондай алаң көңілмен біртұтас мемлекет құру, тіпті, мүмкін емес. Екінші жағынан, Кеңес Одағы ыдыраған кезде талай адам өз болашағын жаңа құ