Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізу қажеттігі міндеттеліп, саладағы әлі де шешімін табуы қажет мәселелер айқындалғаны белгілі. Осы міндеттерді жүзеге асыруда салада айтарлықтай жұмыс атқарылғаны анық. Осы орайда облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы арнайы алқа мәжілісінде қаралып, кемшіліктердің алдын алу бағытындағы жұмыс жүйеленді.
Өткен мерзімде өңірдегі қылмыстық ахуал қанағаттанарлықтай емес. Керісінше, қылмыс саны артып, оны ашу көрсеткіштері төмендеген. Қарақшылық пен бұзақылық, пәтер мен мал ұрлығы, жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық пен есірткі заттардың заңсыз айналымы алаңдатарлық дәрежеде болып отыр. Дегенмен, тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, қылмысқа қарсы күрес тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес, оған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, ардагерлер мен ата-ана кеңестері жұмыла күш біріктіргенде ғана қоғамды сауықтырып, оның нәтижелі болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Мәжілісте өңірде қалыптасқан қылмыстық ахуалға облыс әкімі Серік Үмбетов ерекше тоқталып, қылмыстың алдын алу мен ашуға назар аудару қажеттігін қатаң тапсырды. Халық арасында құқықтық түсінік жүргізу шараларын түбегейлі қайта құру қажеттігін өткен төрт айда жалпы қылмыстың едәуір артқанымен байланыстырды. Салаға көрсетілген қолдау нәтижелі. Алайда, кадрлармен жұмыс, қатаң талап жетіспей жатқаны да сынға алынды. Халықпен, қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орныққанда ол оң нәтиже беріп, үміт ақталады, деді.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жайлаубек Кембаев жалпы қылмыс саны төмендегенімен, әлі де кемшіліктердің орын алғандығын жасырмады. Алайда, ағымдағы жылы ұйымдасқан үш қылмыстық топ құрықталыпты. Олардың арасында Талғар және Қарасай аудандарының тұрғындарын әбігерге салып 15 қылмыс жасаған Нақысбековтің 6 адамнан құралған қылмыстық тобы бар. Талдықорған және Текелі қалалары мен Ескелді ауданында есірткі заттарын сатуды табыс көзіне айналдырған 6 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері де заң алдында жауап беріп, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылыпты.
Жалпы өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға салаға билік тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып, қаржы бөлініп келеді. Талдықорған қаласында жедел басқару орталығы іске қосылса, халық пен автокөлік көп жүретін тұстарға 16 бақылау бейнекамерасы қойылғаны осының дәлелі. Тағы да 10 бейнекамера орнату қолға алынған. Қарасай және Іле аудандарының орталықтарына осындай бақылау камераларын орнату жоспарланса, телімдік инспекторларды баспанамен, автокөлікпен қамтамасыз ету толығымен шешімін тапқанын айтуға болады. Алаңдатарлығы өңірде маскүнемдікке салынған 13 мың адам есепке алынған. Алқа мәжілісінде облыстың оңтүстік аймағында осы дерттен мәжбүрлеп емдейтін арнайы орын ашу қажеттігі де айтылды.
Алматы облысының прокуроры Ерлік Кененбаев та қамтылмаған біраз мәселені жиналғандар назарына ұсынды. Өңірде өткен жылдары жүргізілген қылмысқа қарсы күрес бағдарламасы нәтиже бергенімен, жалпы қылмыс саны күрт өсуге бағыт алғанын айтты. Ағымдағы жылы өзге деректерді қоспағанда жалпы қылмыстың 27 пайызға артуы мен жазалау орындарынан шыққандар жасаған қылмыстардың үш есеге көбеюі тәртіп сақшыларының әсерлі сауықтыру мен алдын алу шараларын талап тұрғысында жүргізбейтіндігінің дәлелі. Сонымен қатар, сабаққа бармайтын балалар саны да 153-ке жетіпті. Облыс прокуроры полиция қызметкерлерінің сапа емес, сан қуалауға салынғанын да сынға алды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.