• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:35

Түйенің құмалағы

20 рет
көрсетілді

Ауылда әкем құралпы Тұрсын деген кісі болды. Қуақы, үлкенмен де, кішімен де қажасып жүретін қалжыңбас, аздап суырып салып бәдік өлең шығаратыны бар адам еді.

Бір жылы шөп маялайтын трак­торшының қасында маяның төбесін шығару жұмысында жүреді. Үйілген маяның үстінде тұрған адамға төңірек алақандағыдай көрінеді. Тұрсын әкеміз қарап тұрса, жақын жерде жайлаудан көшіп келген Қуатбек ақсақалдың әрі-бері шапқылап бірдеңе іздеп жүргенін көреді. Бір кезде ақсақал  ат басын маяшыларға қарай бұрып: «Жігіттер, бір құнанымды жоғалтып, таба алмай жүрмін, байқамадыңдар ма?», дейді. Маяның үстінен жылқының үйездеп жиденің көлеңкесінде тұрғанын көріп қалған Түкең: «Ақсақал, мен қазір құмалақ ашып жіберейін, ниет қылып тұрыңыз, мүмкін ақ сөйлеп қалар», деп маяның түбінде жатқан түйенің екі-үш құмалағын алып, «бісміллә» деп шашып жібереді де, «Сүйінші, ақсақал, күнбатысқа қарай екі шақырым жүрсеңіз, жалғыз жиденің түбінде тұр», депті. Тұра шапқан Қуатбек ақсақал жиденің түбінен жылқысын тауып, зырқыратып үйге қарай қуып тастап, қайтадан маяшыларға қарай салады. Сонда маяның үстінде тұрған Тұрсын әкеміз ақсақалдың үйіне өзінің құрдасы, тайыншашы Омардың келіп, атын байлап жатқанын көреді. Шауып келген ақсақал «Тұрсынжан, түс жерге, қарағым, түсе ғой» дейді.

«Ел сені жынды Тұрсын деп жамандаушы еді, сен жынды емес, әулие екенсің ғой, қарағым. Құмалағың дәл шығып, жылқымды тауып алдым, енді менің отбасыма бал ашшы, құмалағың не дейді екен?» деп тағы өтініш қылады.

Екі айтқызатын Түкең бе, «Я, Пірім Алла, ақ сөйле!» деп түйенің құмалағын және бір шашып жібереді де, «Астафиралла, айтсам ба, айтпасам ба?» деп шошығансиды ғой баяғы.

«Айта ғой, Тұрсынжан, жалғызым Бақа­тайға қатер төніп тұрған жоқ па?» деп ақсақалда зәре қалмайды. Аз-кем үнсіздіктен соң, Түкең: «Ақсақал, балаңызға төніп тұрған қауіп жоқ, ұзақ жасайды екен. Қатер сіздің өз басыңызға төніп тұр. Дәл қазір үйіңізде көзінде терезесі, көңілінде арам ойы бар біреу көлденең түсіп жатыр», депті.

Ақсақалдың бәйбішесі жастау болған соң, әрнені сылтауратып Омекең келгіштей беретін көрінеді. Көзінде терезесі дегені Омар әкеміз көзілдірік тағушы еді. «Көлденең түсіп жатыр» дегені киіз үйде отыратын орындық жоқ, келген кісіге төрге көрпе салып, шынтағына жастық тастайтын әдет бойынша оны көрмей-ақ айта беруге болады.

«Әп, атаңа нәлет, ол Омар ғой», деп бұрыннан күдіктеніп жүрген ақсақал үйге қарай қайта шаба жөнеледі. Келсе, дәл құмалақтағыдай. Көзінде көзәйнегі бар Омар төрде көлденеңінен шынтақтап жатыр екен.

Күйіп кеткен ақсақал әй-шайға қарамай, «Түйенің құмалағына түскен әкеңнің аузын», деп Омарды қамшының астына ала жөнеледі. Ештеңеге түсінбеген Омекең аттай-бұттай әзер қашып шығып, атына міне салып та­йып тұрады.

Омарды қуып тастаған соң, ақсақал аттың басын қайтадан маяшыларға бұрады.

«Тұрсынжан, мойындадым, сен шын әулие екенсің, мені бір қатерден құтқардың, бұл жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаймын, өлсем сені сыйлап жүр деп Бақатайға өсиет айтып кетем», деп бетінен сүйіп батасын береді де, «Ертең түске бәрің қонаққа келіңдер, бір қойымды сойып, тойдырамын», деген екен. Аузын ашса, жүрегі көрінетін қарттардың орнын сипап қалдық қой.

 

Берікбол Қасымов,

Ақсу ауданының құрметті азаматы