Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қабыл Дүйсенбидің «Тілім – тірегім» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Кітапқа автордың 1990 жылдан бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту, оқытып-үйрету, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу және ономастика, терминология салаларындағы өзекті мәселелер жөнінде жазған еңбектері мен баспасөз беттерінде жарық көрген бірқатар мақалалары енгізілген.
Жарияланған мақалалар мен еңбектерде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» (жер-су, елді мекен, мектеп, көше атауларына қатысты) заңдарын іске асыру барысында қол жеткізген жетістіктер туралы, сонымен бірге, орын алған кемшіліктер де ашық көрсетіліп, оларды жоюдың тиімді жолдары мен тетіктері ұсынылған.
Айта кету керек, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бүгінгі күннің өзекті проблемасының бірі болғандықтан, бұл кітап мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында қызмет етіп жүрген мамандар мен туған тіл тағдыры қызықтыратын көпшілік қауымға арналған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің 2000 данамен жарық көрген «Тілім – тірегім» кітабының тұсаукесер рәсіміне облыстық соттың төрағасы мен алқа төрағалары, судьялар мен кеңсе басшысының орынбасары, тілші-ғалымдар, облыстық және Шымкент қалалық әкімдіктерінің білім, жастар саясаты, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараны төраға Н.Шәріпов ашып берді. Мұнан кейін Нұрсерік Кәрімұлы Қ.Дүйсенбидің облыстық сотта мемлекеттік тіл мәселесіне жауапты маман болып бекітілген үш жылдан бергі уақытта жергілікті соттардың 36 қызметкері мемлекеттік тілді меңгеру курстарында оқып шыққанын және облыс соттарындағы жалпы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі орташа көрсеткіші 67 пайыздан 97 пайызға дейін өскенін, ал қазақ тілінде қаралған істердің үлесі 55 пайыздан 74 пайызға жеткенін атап өтті.
Сонымен қатар, жиын барысында «Тілім – тірегім» кітабының мән-маңызы туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы баяндама жасады. Баяндамадан кейінгі жарыссөзде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Захардин Қыстаубаев және Шымкент қаласы әкімдігі Тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова сөз сөйледі.
Қаршыға КҮЛЕН.