Сәуірдің алғашқы күні елімізде дәстүрлі Франкофония көктемі фестивалімен басталды. Осымен 16-рет ұйымдастырылған фестиваль аясында еліміздің бірнеше шаһарында – Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Қостанай қалаларында түрлі іс-шара жоспарланған.
Француз тілі мен французтілді мәдениеттерінің алуан қырына арналған мәдени іс-шараны елдегі тоғыз елшілік – Бельгия Корольдігі, Канада, Франция, Люксембург, Литва, Марокко Корольдігі, Румыния, Армения, Швейцария елшіліктері бірлесіп ұйымдастырады.
Он бес күнге созылған бағдарламаға сәйкес кино көрсетілімдері, концерттер, конференциялар, әдеби кездесулер, көрмелер, француз тілі бойынша байқаулар сынды түрлі іс-шаралар өтеді.
«Франкофония көктемі фестивалін өткізу арқылы біз сіздерге француз тілінің байлығын көрсеткіміз келеді. Сондықтан бұл іс-шараның маңызы зор. Мен Өскеменге барып, француз киносы фестивалін ашамын. Сондай-ақ көрермен Армения, Канада, Марокко және басқа елдерден келген фильмдермен таныса алады», деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге.
Фестиваль шымылдығын пианист Кристин Фонлюпттың Алматыдағы (30 наурыз) концерті ашты. Ал 2 сәуірде Қарағанды сахнасында жоспарланған. Сондай-ақ француз орындаушысы Voyou елімізге гастрольдік сапармен келеді. Оның концерттері Алматыда (10 сәуір), Шымкентте (11 сәуір), Астанада (12 сәуір) өтеді. Ал литвалық пианист Муза Рубацките 15 сәуірде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театр сахнасында жеке концертін береді.