• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2015

Лайықтылар марапатталды

356 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елдің үздік журналистеріне Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне байланысты берілетін Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің бұ­қа­ралық ақпарат құрал­дары саласындағы сыйлық­тары мен гранттарын тапсы­рып, Алғыстарын жариялады. Алдымен Мемлекеттік хатшы биылғы сыйлықтар мен гранттарды алу құрметіне ие болған қаламгерлерді және Мемлекет басшысының Алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ, Қазақстанның барша журналистер қауымын кәсіби мерекелері – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құт­тықтады. – Қазақстанның бұқаралық ақ­парат құралдары азаматтық қоғамның маңызды бөлшегі ретінде билік органдары мен ел аза­мат­тары арасындағы дәнекер қыз­метін атқарып қана қоймайды, соны­мен қатар республиканың барлық табыстары мен жетіс­тік­теріне лайықты үлес қосады, ортақ шаңырағымыздағы татулық пен келісімді нығайтады, – деді Г.Әбдіқалықова. Одан әрі Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқын ұйыстыру, патриотизмге тәрбиелеу, елімізді ба­рын­ша дамыған 30 мемлекет қа­тарына қосу жөніндегі страте­гиялық міндеттерді жүзеге асыру ісінде отандық БАҚ қызметінің зор ықпалы бар екенін атап көр­сетті. – Қазақстанның бұқаралық ақ­парат құралдарының сапасы мен кәсіби тұрғыдан жетілуін ын­таландыру үшін Мемлекет бас­шы­сының арнаулы марапаттары та­ғайындалған болатын. Жыл сайын берілетін осы марапат­тарды тапсыру арқылы біз ел­дің медиа­кеңістігінің ең лайық­ты, талан­тын барынша жарқы­ра­тып көр­сеткен өкілдерін атап өтеміз, – деді Мемлекеттік хатшы Г.Әбді­қалықова. Сөйтіп, Мемлекет бас­шы­­сы­­ның Өкі­мімен Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президентінің биылғы сый­лық­тары «Егемен Қазақ­стан» респуб­ликалық газеті­нің бас редакторы Жанбо­лат Аупбаевқа – Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіс­тің 70 жылдығына арналған материалдар топтамасы және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан зор шығармашылық үлесі үшін берілді. Сондай-ақ Президент сый­лығы «Экспресс-К» газеті редак­циясы» ЖШС бас директоры бол­ған марқұм Алексей Панға – ел­дің ақпараттық кеңістігі дең­гейін өрістетуге бағытталған қызме­ті, отандық журналистиканы дамы­туға қосқан үлесі үшін берілді. Биылғы Мемлекет басшы­сы­ның гранттары «Арша» медиа­студиясының продюсері Зарица Есекееваға (Зарина Мұха­ме­д­әліге) – республиканың әлеу­мет­­тік-экономикалық дамуы жә­не моноқалаларын мемле­кет­тік қолдау туралы «24 KZ» телеар­на­сындағы «Большие города» – «Дархан қала» атты авторлық жо­­басы үшін; «Хабар» телеарнасы бағдарламалар өндірісі дирек­ция­сының бас продюсері Ринат Кер­таевқа қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан шығармашылық үлесі үшін тапсырылды. Президент Алғыстары рес­­пуб­­­ликалық қоғамдық-саяси «Дос­тық-Дружба» журналының шығар­­машылық ұжымына қазақ­стандық патриотизмді қалып­тас­тыруға, қоғамдағы этносаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін; өңірлік қоғамдық-саяси «Же­тісу» газетінің шығармашылық ұжы­мына аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын терең әрі жан-жақты жариялап-көрсеткені үшін; «Қазақстан» ұлт­тық телеарнасының шығар­машылық ұжымына мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын белсенді жариялап көрсеткені және отандық ақпарат кеңістігін дамы­туға қосқан зор үлесі үшін; «Көкжиек» және «От и до» радио­бағдарламаларының шығарма­шылық ұжымына Еуразиялық экономикалық одақ жұмысы аясында маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын жариялап-көрсеткені үшін; («Новости-Казахстан» ақпарат агенттігі мен «Астана» радиосының бірлескен жобасы); коммерциялық емес «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына Қазақстан туралы өзекті телевизиялық жобалар жасау арқылы отандық құжаттану сала­сын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін; ақпараттық-сарапта­малық «Тіл» журналының шығар­машылық ұжымына әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысын, мемлекеттік тілді және ұлттық мә­дениетті дамыту мәселелерін белсенді жариялап-көрсеткені үшін; ақпараттық-спорттық «Vesti.kz» порталының ұжымына саламатты өмір салтын кеңінен насихаттағаны және Қазақстанның спорт журналистикасын дамытуға қосқан зор үлесі үшін жарияланды. Шара барысында бірқатар марапатталғандар сөйлеп, өзде­рі­нің еңбектерінің еленгендігі үшін ризашылықтарын білдірді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».