Жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өткізген селекторлық кеңесте кәмелетке толмаған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқын сақтау мәселесі жан-жақты сөз болған еді. Сол жиында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың өз өзіне қол жұмсайтыны да ашық айтылған болатын. Және сонда Премьер-Министрдің орынбасары тиісті министрлік өкілдеріне алдында Бас прокуратурада өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жиілеп кетуі туралы айтылған жайдан еш қорытынды шықпағанын да жасырмай ескерткен еді.
Енді байқап қарасақ, Үкімет басшысы орынбасарының алаңдайтындай жөні бар екен. Себебі, биік мінберден айтылған мемлекеттік деңгейдегі мәселелер жоғарыдан ғана ерен бақылау болмаса сол жартас күйінде тұрып қалатын секілді. Өйткені, соңғы деректерге қарасақ кәмелетке толмағандардың тәртіп бұзбауына, қылмыс жасамауына жауап беретін тиісті мекемелердің оң ісі әлі байқалмайды. Мәселен, Көліктегі ішкі істер департаменті ағымдағы жылдың 22-24 маусымы аралығында, яғни бар-жоғы үш күн ғана «Жаз» атты жедел-алдын алу шарасын өткізген еді.
Сөйтсе, аталған шара барысында департаменттің қызмет көрсету аумағы бойынша 101 жасөспірім ұсталған, оның 22-сі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, 78-сі қараусыз қаңғып жүргендер екен. Бұл нені білдіреді? Айтылған сындардан еш нәтиже шықпағаны ма? Сонан амал жоқ, «олардың 12-сі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді», дейді Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Гүлнар Қарсұлтанова. Әрине, елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардан да басқалар қылмыстық құқық бұзушылық жасап жатқаны белгілі. Бірақ осы кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеу ісіне қатысты адамдардың жауапкершілігі, расында, алаңдатпай қоймайды. Мәселен, осы шара барысында ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерін орындамаған 10 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қоса заңды өкілдерінсіз үйлерінен тыс жерде жүрген 21 жасөспірім ұсталған.
Енді осындай кәмелеттік жасқа толмағандар тәртібін қатаң қадағалау бойынша және «Астана күні» мерекесіне орай еліміздің теміржол көлігі мен әуежайларында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Көліктегі ішкі істер департаменті қызмет өткерудің күшейтілген тәртібіне көшпек. Әйтпесе жасөспірімдер жайын ойлайтын жандар аз секілді. Олардың ойланбай қылмыс жасап, тағдырлары тәлкекке қалмас үшін алдын алған абзал іс қой.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».