• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Өркенді өзгеріспен өрнектелген өңір

368 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстіктегі жұмыс сапарының екінші күнін Шымкентте жаңадан ашылған Қаратау ауданындағы «Қазына» этно-тарихи кешенінде жалғастырды. Жалпы аумағы 75 гектарға дейін созылып жатқан кешеннің «Наурыз» алаңында жиналған халықта есеп жоқ. Оңтүстікті жайлаған, Қазақстанды құт мекені санайтын сан алуан этностың өкілдері де осында. Жүздері күндей жайнаған жұрттың қай-қайсы да жүрекжарды сөзін айтқысы келеді. Медицина ғылымдарының докторы Иманәлі Байдәулетов оның себебін былай түсіндірген: «Қазіргі жұрт бұрынғы балаң шақтан арылған, әркімнің айтағына еріп ауа жайылмайды. Көрші мемлекеттердің де күйін өз көзімен көріп отыр. Еңбекке жарайтын еркектерінің сыртта шығандап, жан бағып жүргенін біледі. Ал қазақ баласының сыртта жүргені жоқ. Өз елінде, өз жерінде бақуатты өмір сүруде. Бұл ненің арқасы. Әуелі Алла, сосын елімізде жүргізіліп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасы». Оңтүстікте аса беделді қарияның сөзін қасындағы азаматтар да қызу қолдаған. Мемлекет басшысы барша қазақ­стан­дықтарды көктем мерекесі – Наурызбен құттықтады. – Сіздердің өңірде мерекелік шаралар негізгі мейрамға дейін тоғыз күн бұрын басталады. Әр күнге мән-маңыз беру және оны ізгі істерге арнау – жақсы бас­тама. Соның арқасында Наурыз нағыз ізгіліктің мерекесіне айналып келеді. Бұл – басқа өңірлерге үлгі боларлық бастама, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті мем­лекеттің білім беру, денсаулық сақ­тау, жастар сая­саты мәселе­леріне айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. – Бүгін осында көптеген жас­тар отыр. Біз жастарымыздың жақсы білім алуы үшін жаңа ба­лабақшалар, мектептер, университеттер салудамыз. Облыста «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі біліммен ба­лалардың 70 пайызы қам­­тыл­ған. Сонымен қатар, ана мен бала өлімінің деңгейі 20 пай­ыз­­ға төмендеді. Әр облыста ме­дици­наны дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлудің арқасында қазақ­стандықтардың орташа өмір жасы­ның ұзақтығы 70-ке жетті. Бұл біздің еліміздің зор табысы әрі дамуының көрсеткіші деп есеп теймін, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі дағдарыс құбылыстарына қара­мастан, Қазақстан жүйелі дамуын жалғастырып келе жатқанын, бұған өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айғақ екенін атап өтті. – Оңтүстік Қазақстан облысында бүкіл ел халқының 17 пайы­зы тұрады. Өңір аумағы ар­қылы ірі теміржол магистралі өтеді, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лықаралық транзиттік көлік дә­лізі салынды. Әуежай қай­та жөнделуде. Осы жылдар ішінде облыс уран өндірісінің әлемдік орталығына айналды. Бүгінде өңірдің кеніштері жаһандық уран өндірісінің 35 пайызын қамтамасыз етіп, бірінші орынды иеленіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Елбасы «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен XVI съезінде белгіленген жаңа мақсаттар мен міндеттер туралы еске салып, барлық бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға шақырды және жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі. Шара барысында, сондай-ақ, Арда­­герлердің облыстық кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мү­шесі М.Лимаренко, жастар өкілі Ж.Өсербаев сөз сөйледі. Салтанатты шара театр­лан­дырылған көрініс пен концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке қаланың жаңа әкімшілік орта­лы­ғындағы «Ауылым – алтын бесі­гім» барельефтік сахнасы мен «Көк­­пар­шы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» архитектуралық-де­ко­­ративтік композицияларын бірік­­тірген «Наурыз» алаңында өтті. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ» саяси құжатында: «Қазақ­станның алғашқы зама­науи ур­банистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді», – деген болатын. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласының аумағы 40 мың га.-дан 117 мың га.-ға ұлғайып, жаңа Қаратау ауданы құрылды. Бүгінде қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 1600 га. аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүруде. Оның құрылысына жалпы 82,1 млрд. теңге, оның ішінде бюд­жеттен 18,6 млрд. теңге, жеке­меншіктен 64 млрд. теңге тартылуда. «Қазына» этнотарихи ке­ше­нінде «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, тарихи-өлке­та­ну мұражайы, Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығы, А.Ас­қа­ров атындағы ипподром бар. Өз алдына сәулеттік ансамбль. «Жай­лаукөлдің» жағалауы абаттандырылып, қазақ ауылы шаңырақ көтерген, ұядай болып отыр. Этносаябақта жаяу жүргіншілер аллеясы бойына өңіріміздегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Жақында этнотарихи кешен аумағында тағы бір монументальды ескерткіш бой көтерді. Бұл туынды Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Биіктігі 15 метрлік осы монумент қазақ ою-өрнектерімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Монумент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барельефті композициясы, «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Қазақ хандығының 550 жылдығы – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Н.Ә.Назарбаев», «550-летие казахского ханства – это возвеличивание национальной истории и достойная оценка сегодняшних славных высот. Н.А.Назарбаев»  деген жазулар бедерленген. Бұдан кейін Елбасы Шымкент қаласындағы ұлттық теннис ор­талығында болды. Аумағы 6 гектарды құрайтын  нысанда 12 ашық, 4 жабық корт орналасқан. 2009-2012 жылдары 1,3 млрд. теңге қаржыға салынған орталықта 32 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Орталық пайдалануға берілгелі мұнда 14 халықаралық, 4 республикалық турнир өткен. Сондай-ақ, 300-ден астам жас­өс­пірімнің тенниспен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасалған. Елбасы осында облыстық спорт және денешынықтыру бас­­қармасының басшысы Әлі­бек Нұртаев бастаған оңтүстік­қазақ­стандық спортшылармен жүздесті. Кездесу барысында бокс­тан әлем чемпионы Біржан Жақыпов пен ескек есуден Азия ойындарының жеңімпазы Наталья Сергеева спортшылар үшін елімізде жасалып жатқан мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдірді. – Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! 2005 жылдан бері бокстан Қазақстан Республикасы ұлт­тық құрамасы сапында ел намы­сын қорғап жүрмін. Осы уақыт аралығында қаншама Азия чемпионаттары, Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпия ойындары сынды халықаралық деңгейдегі әрбір жа­рыстарда әрдайым мемлекет қолдауын сезініп жүреміз. Бүгінде қазақстандық спортшы­лар үшін барлық жағдай жа­салған. Өз атымнан және бүкіл оңтүстікқазақстандық спортшылар қауымы атынан біз ел сенімін ақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз дегім келеді, – деді Б.Жақыпов. Қазақстан Президенті журналистермен жүздесуде халық саны жөнінен алдыңғы қатардағы өңірдің бірі  саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті. – Біз Шымкенттің миллионнан асатын тұрғыны бар қалаға айналуы үшін қажетті күш-жігер жұмсап жатырмыз. Қала өсіп, мұнда жаңа орталық салынуда. Өңірдің инфрақұрылымы жақ­сарып келеді. Облыс арқылы  автомобиль жолдары мен темір­жол магистральдары, газ құбырлары өтіп жатыр. Бұл жайт бизнестің өркендеуіне, жалпы, бүкіл ха­лықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кешенін басым дамыту ісіне назар аударды. – Облыстың көкөніс пен же­міс-жидек өндіретін нағыз «фаб­рикаға» айналуға барлық мүм­кіндігі бар. Бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, қазірдің өзінде оның нәтижесі көрінуде. Біз заманауи технологиялар ен­гізіліп жатқанын көріп отырмыз, соның есебінен өндіріс ұлғаюда. Мәселен, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мөлшері 2,5 есе өсті, соның нәти­же­сінде оның бір бөлігін облыс экспортқа жібере бастады. Бұ­дан бөлек, мал шаруашылығы қар­қынды дамуда. Осы жұмыстың барлығы жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміз халық бірлігінің, өза­ра түсіністігі мен толерант­тылы­ғының нығаюына септігін тигі­зетін бірқатар маңызды тарихи оқиғаларды атап өтетініне тоқ­талды. Елбасы бұрнағы жылдары шуақты өлкеге жасаған жұмыс сапары барысында: «Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, хал­қының жомарттығымен, мей­мандостығымен, салт-дәстүрге бе­ріктігімен, ең бас­тысы, еңбек­сүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіз­дерге әр келген сайын оңтүстік­қазақстандықтардың өз өлке­сін гүлдендірумен, тұрмыс-тір­шіліктерін жақсарта түсумен қатар, өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жат­қанын көремін», – деген еді. Таңертең алашұбарланып, қорғасын қабағын қарс түйіп тұрған аспан Елбасы «Наурыз» алаңына келгенде шайдай ашылды. Халық мұны да жақсылықтың жоралғысына балаған. Оңтүстікте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Наурыз мейрамы үшінші жыл қатарынан тоғыз күн бойы атап өтіліп келеді. Биыл да Ұлыстың ұлы күні мерекесі 14-22 нау­рыз аралығында «Алас», «Береке», «Жайнау», «Мейірім», «Құрмет», «Шаттық», «Тағзым», «Үйлесім» және «Ұлыс» күндері өз атында айтып тұрғандай ұлттық сипатта өткізілді. Қазақтың заңғар ұлдарының бірі Қалтай Мұхамеджанов айт­қандай, ұлыстың ұйытқысы бола білген Оңтүстік өзінде ештеңе жоқтай өзге елдердің ұлттық ме­рекесіне, қаңсығына таңсық болып жармасатындарға осылайша өнеге көрсетіп келеді. Кеше Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына аттанып кетті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.