• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

“ЖАСТАРҒА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІП, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШЫП, ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ – ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗІ”

1499 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас МҰХАМЕДЖАНОВ: – Бектас Ғафурұлы, сіз басқа­рып отырған ұйымның негізгі мақ­саты білімді, өнерлі жастарға қол ұшын созу болып табылады, де­ген­мен, қор қайырымдылық қызметін атқарудан да қалыс қалған емес. Сәуір айында жарияланған ақпа­рат­тардан бөлек, соңғы бір, екі айдың ішінде қордың бастамасымен ұйымдастырылған іс-шаралардың саны, кейбір арнайы ұйымдардан да асып түскені анық. Бұл жерде жұ­мыс қарқынын санмен ғана саралап тұрмыз, енді атқарылған жұмыстың сапасы туралы тақырыпты қысқаша толықтырып өтсеңіз. – Қорда ұйымдастырылған әр­бір іс-шара еліміздің білім, ғылым, мәдениет саласына пайдасы бар, рухани азық алатын дүниелер. Сон­дықтан, біз жұмыс жоспарын тек қана атқарылар істің санына қарай емес, сапасына лайықтап құрамыз. Қазіргі Қазақстан инно­вациялық технологиялар, ғылыми, мәдени, экономикалық жағынан биік асуларға ұмтылушы ел. Ал біздің міндетіміз қай бағытты ұс­тансақ, сол жолмен мемлекетімізге мақ­сатты жұмыстармен пайда келтіру, яғни жастарға бағыт-бағдар беріп, жарқын болашаққа жол ашып, қолдау көрсету – қор қыз­метінің негізі. Осы орайда айта ке­ту керек, ғылымдағы жастарға қол­дау көрсету мақсатында мамыр ай­ын­да жас ға­лымдардың халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренциясын өт­кіздік. Конференция­ның мақсаты, Қазақстанның дарынды жастарын ғылыми-тәжірибелік қызметке тарту, жастардың ғылыми қызметіне қолдау көрсету, мемлекеттік билік органдары мен жастардың арасында көпбағытты байланысты нығайту, қоғамдық маңызы бар қызметтерге жастардың қызығушылығын арт­тыру, жастардың инновациялық әлеуетін іске асыруға жағдай жасау. Конференцияға Парламент Мәжі­лісінің өкілдері, Білім және ғылым министрлігі, Қазақ­станның ірі биз­нестегі өкілдері, отандық кәсіпкер­лер, халықаралық түлектер қауым­дастығы, шетелдің және Қазақ­станның көрнекті ға­лымдары, ғы­лыми-зерттеу орталық­тарының, бизнес-инкубаторлардың, жастар ұйымдарының жетекші мамандары қатысты. Жиында Қа­зақстанның өркендеуіндегі жас ғалымдардың рөлі: жетілдіру және бәсекелес орта­ны сауықтырудағы тех­­нологиялық серпіліс, жастар және Қа­зақстан Республикасындағы әлеу­меттік-экономикалық рефор­ма­лар, жоғары оқу орны білімінен кейін жаңаша үрдісте ғылыми кадр­лар дайындау контекстіндегі мәсе­лелер, Қазақстан­ның бизнес-көш­басшы­ларын қа­лыптастырудағы жас­тар ұйымдары­ның рөлі: мәселелер және іске асыру жолдары талқыланды. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Пре­­зидентінің Қоры қазақстандық жас ғалымдар мен өнер қайрат­кер­леріне қолдау көрсету мақсатында респуб­ли­калық байқаулардың лау­реат­тарына грант тапсырды. Бұл конкурсты талантты жастар мен жас ғалымдар арасында осымен үшін­ші рет өткізіп, шығармашылық жо­баларды қолдау үшін грант жа­рия­ладық. Биыл 95 ғылыми жоба келіп түссе, оның 6-ын қаржыландыруға лайықты деп тауып, оған 6,5 мил­ли­он теңге бөлінді. Ал шығар­ма­шылық жобадан 24-і келді, оның 5-уін таңдап, 3,5 миллион теңге бөлдік. Сондай-ақ, ол Жүргенов атындағы өнер академиясының сту­дент­теріне осымен үшін­ші жыл қолдау көрсетудеміз. Биыл студенттердің 9 дип­лом­дық жұмысын қар­жы­лан­дырып, оған 3,5 мил­лион теңге бөліп отырмыз. Ол жобаларды  қаржылан­ды­рып қана қоймай, олар­дың іске асуына да көмек­тестік. Айта кету керек, “Қа­зақфильм” студент­тер­дің шығармашылық жоба­ларының еліміз бен ха­лықаралық ареналарда жо­ғары деңгейде көрсетілуі үшін техникалық және көр­кемдік жағынан қолдау көрсетті. – Шығармашылық­тағы жастарға грант бө­лу­ден өзге, фестиваль ұйым­дасты­ры­лып жүр, аталмыш іс-шараның басты мақсаты қандай? – “Дарынға ғасыр бас иеді” шығармашыл жастар фестивалінің басты мақсаты – ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттап, та­лант­ты шығармашыл жастарды, яғни студенттерді, жас суретшілерді, фо­то­графтарды, мүсіншілерді, жас ки­нематографистерді қолдап, шығар­машылықта өсуге жол ашу. Дәстүрлі түрде шығармашыл жастарды жи­найтын бұл мәдени оқиғаға келген қонақтар биылғы жылы Қордың саябақ аймағында “Бейнелеу өне­ріндегі ұлттық идея” республикалық пленерінде мүсіндердің тұсаукесе­рімен, жас суретшілер мен фото­граф­тардың жұмыстарымен, қазақ­стандық жас режиссерлер – Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері, Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­денті Қорының грант иегерлерінің дип­лом­дық жұмыстарымен та­нысты. – Жеке тұлғаның ақпараттық мәдениеттілігінің бір құрам бірлігі –кі­таптар. Биылғы жылдың басынан бас­тап сіздердің бастамаларыңызбен бір­не­ше кітаптар жарық көргені бізге мәлім. – Әрине, тұлғаның ақпараттық мәдениеті мен оқу мәдениеттілігін қа­лыптастыру бүгінгі күнде кітап­ха­налар мен білім беру мекемелерінің тәжірибелік ісінде ең маңызды­ла­ры­ның бірін құрайды. Ақпараттық қо­ғамның даму кезеңінде оқу мә­де­ниеттілігі ұғымы “ақпараттық мәде­ниет” ұғымына кеңейіп, онда оқу мәдениеттілігі негізге алынады. Біз бұл жағынан да кітапханалар мен жалпы білім беру ұжымдарына және қоғамдық орындарға түрлі за­манауи кітаптарды сыйға тарту­дамыз. Мәсе­лен, жақын күндері “Қа­зақстан­дықтар Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жайында”, Елбасы еңбектерінің жинағы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті сыйлықтарының кітабы “Зор құр­мет белгісімен...” және “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың Қазақстан Ре­с­публикасының Тұңғыш Президенті мұражайы мұрағатындағы еңбек­тері”, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Л. Гирштің “Естелік оймен оңаша”, Орынғали Есенғазиевтің “Ұлы Отан соғысы, комбат тағдыры” атты кітаптары мен “Барлық ұрпаққа естелік үшін” атты фотоальбом шығарылып, тиісті орындарға тарту етілді. – Телевизиялық жобалар жай­ында айтсаңыз? – Жақында Қазақстан Респуб­ли­касы Тұңғыш Президенті Қоры­ның тап­сырысымен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президенті туралы “Большая игра Президента” атты 1-сериялы деректі фильм жа­рыққа шықты. Сондай-ақ, 26 мау­сым күні КТК телеарнасы, “Нұр Отан” ХДП, Алматы қаласының әкім­дігімен бір­лесіп “Бірлігіміз жа­рас­қан” жалпы­халықтық акциясын өткіздік. КТК телеарнасы және “Ка­раван” газетімен түрлі музы­ка­лық бағдарламаларды іске асырдық. Ұлы Жеңістің 65-жыл­дығының құр­метіне Абай атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық опе­ра және ба­лет театрында Дариға На­зарбае­ва­ның “Егер соғыс болма­ған­да....” атты қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Концертке Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен еңбек майданының қатысушылары шақырылды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының фортепиано шебері, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Тимур Урманчеев, Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық опера және балет театрының жеке орындаушы­лары Андрей Тре­гу­бенко және Медет Чота­ба­ев, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық опера және балет театры симфониялық оркестрі аталмыш театр дирижері Нұржан Байбосы­нов­тың жетекшілігімен қатысты. Тағы да бір мәдени шараға тоқ­талып өтсем, жақында, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының залында “Іntrabaroque” концерті өтті. Концерт “Қазақстан Камератасы” “Музыкалық экспери­мент­тер зертханасы” мемлекеттік ансамблінің музыкалық маусымын жапты. Сондай-ақ, Астана күніне орай “Сүйемін сені өмір!” атты мере­келік концерт өткіздік. Концертке қазақ эстрадасының жұл­­дыздары, Қазақстан Республи­касы Тұңғыш Президенті Қорының грант иегерлері мен лауреаттары, Нұрлан Бай­көзовтің жетекші­лі­гін­­дегі Алматы қаласы әкімінің эс­тра­далық симфониялық оркестрі, “Са­м­­ұрық” би театры, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының “Салта­нат” мем­ле­кеттік би ансамблі және тағы бас­­қа­­лар қатыс­ты және Қарасай ауда­нын­да, Елба­сының туған жерінде ме­рекелік іс-шаралар ұйымдастырдық. – Балғын балалар үшін қор қандай қамқорлық шараларын іске асырды? – Қор “Аяла” және “Дара” қорлары ұйымдастырған “Күлкі күні 2010” қамқорлық акциясына қатысты. Дәстүрлі түрде бұл күні де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының сыйлықтары №1 Алматы облыстық балалар үйінің, №1 Алматы қалалық балалар үйінің, №2 Алматы қалалық балалар үйінің, “Жанұя” арнайы кешенінің тәрбиеленушілеріне тарту етілді. 1 маусым күні Орталық саябақта дәс­­­түрлі түрде өтетін балалар шығар­ма­шы­лығының “Мейіpім 2010” фес­тивалі болды. Аталмыш шараны “Мейі­pім” әлеуметтік жобасы бой­ынша М.Оспанов атындағы қоғам­дық қоры ұйымдастырған. Бұл жоба жыл сайын өтетін республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің “Халық денсаулығы – Қазақстан­ның дәулеттілігі” 2009 және “Ин­тел­лектуалды жасампаз қоғам: білім және жаңа техноло­гия­лар” әлеу­мет­тік идеялар мен жоба­лар жәр­­­меңкесі 2010 жыл жеңім­па­зы болып табылады. Жоба Қазақ­стан Респуб­ликасы Тұңғыш Прези­ден­ті Қо­рының қайырымдылық кө­мегімен іске асқан. Жобаның негізгі мақ­са­ты – жас таланттарды анықтап, олар­ға қолдау көрсету, балалар үй­ле­рінің және түзету мектеп-интер­наттары­ның шығармашылық да­рын­дарына көп­шіліктің назарын аудару, ары қа­рай шығармашы­лық­та шыңдалу­ға, дамуға жол ашып, жағдай жасау. Қазақстан Республи­касы Тұңғыш Президенті Қо­рының арнайы сый­лық­тары фес­ти­вальдің лауреатта­ры­на табыс етілді: Н. Островский атындағы зағиптар мен көзі нашар көретін балалардың №4 түзету мектебіне, №5 саңырау ба­ла­лардың арнайы мектеп-интер­на­ты­на және №15 туберкулездің бас­тал­ған, бә­сеңдеген формаларын­дағы балалар­дың арнайы мектеп-интер­на­тына. Сондай-ақ, осы күні Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Прези­ден­ті Қорының қолдауымен “Famі­ly” ойын-сауық саябағында көп ба­ла­лы отбасы балалары мен аз қамтылған отбасы балалары үшін қамқорлық ак­циясы өтті. Акцияны “Шека­ра­сыз балалық” қоғамдық бірлестігі, “Бота” қоғамдық қоры және “Қам­қор ХХІ ғасыр” корпо­ративті қорларының серіктестігімен ұйымдастырды. Акция барысында 150 алматы­лық балғын Қазақстан Республи­касы Тұңғыш Президенті Қорының сый­лықтарын – кітаптар, балалар эн­ци­клопедиялары, көркемдік және та­ным­дық әдебиеттер, т.б. алды. Осы күндері қордың қолдауымен Оқу­шылар сарайының ғимаратында “Балалар” фотокөрмесі ұйымдасты­рылды. Алматылық енді бастаған және кәсіби жас фотографтардың 120 жұмысы келген көрерменнің наза­ры­на ұсынылды, олардың әр туын­ды­сында балалардың адамзат­тың ең қымбат асыл қазынасы екен­­дігін көрсететін бейнелер бар. Сондай-ақ, Қор жанындағы Қара­сай аудандық білім қорында, оқу жылын үздік аяқ­таған, байқауларда, олим­пиадаларда жеңіске жеткен 258 оқу­шыға демалыс лагерлеріне жол­да­ма­лар және 70 оқушыға Астана күніне орай Астана қаласына саяхат жасауға мүмкіндік берілді. Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан да оларды қорғау, болашаққа жетелеу біздің міндетіміз. Егеменді еліміздің болашағы жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен, мәдениетінің жоға­рылығымен өлшенеді. Осы ұғым­дар­ды ұштастырып, ұлы жоспар құр­ған қор қызметіне сәттілік тілейміз. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Маржан ОМАРОВА.