• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Бірліктің бедерлі мерекесі

401 рет
көрсетілді

Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы ғимаратында «Святло» поляк этномәдени бірлестігі өздерінің құрыл­ғанына 15 жыл толуын атап өтті. Мерекелік салтанаттың шымылдығы этномәдени бірлестіктің жүріп өткен жолы, атқарған қызметтері туралы бейнефильм көрсетуден басталды. Бірлестіктің 15 жылдық мерейтойы­на арналған шараны Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нуршин қысқаша құттықтау сөзімен ашып, өңірде тоқсаннан астам ұлттың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, тұрақтылық пен бірлікте тұрмыс кешіп жатқанын мақтаныш сезіммен жеткізді. Одан кейін шараға қатысушыларға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова құттықтау сөз арнады, бірлестік басшыларына Алғысхат табыс етті. Алматыдан арнайы келген Поль­ша Республикасының елшісі Анжей Папиша және Польша Республикасы елшілігінің бірінші кеңесшісі Ра­дослав Грук өздерінің жүрекжарды жы­лы сөздерін жеткізіп, жиынға қаты­сушыларды бүгінгі таңдағы Польша Республикасының ішкі-сыртқы жағдай­ларынан хабардар етті. Соңынан қа­шанда қуаныштарға ортақтасуға дайын этно­мәдени бірлестіктер бірлесіп концерт берді. Анжей Папиша мен Радослав Грукті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қабыл­дады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.