• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Құқығым неге шектеледі?

335 рет
көрсетілді

Алматы облысы Сарқан ауданы әкімінің 1999 жылғы 30 наурыздағы шешімі бойынша «Ақтума» өндірістік кооперативінің жерінен маған жалпы көлемі 40 гектар, оның ішінде суармалы 20 гектар, шабындық 20 гектар жер берілген еді. 2000 жылы 24 нау­рызда жер телімінің бағасын анықтау актісі жасалды. Оған сол кездегі аудандық жер комитетінің бастығы М.Абдрахимов қол қойды. Маған берілген жер картада нақтыланды. Сол кезден бастап, бөлініп берілген жерге егін егіп, екі жылдай күнімізді көріп отырдық. Көресіні сол екі жылдан кейін көрдік. Ешқандай негізсіз, маған ескертпей, менің меншігімдегі 40 гектар жерді әкімдік алып қойды. Кінәм жоқ. Не жазбаша, не ауызша ескерту жасалмады. Жер кодексінің талаптары менің тарапымнан бұзылған жоқ. Сол жердің маған берілгені туралы ауыл әкімі қаулысының күші жойылмаған. Жер дауына байланысты сергелдең сол кезден басталды. 2005 жылы Сарқан аудандық соты мәселенің мән-жайын анықтап, жерді маған қайтару жөнінде шешім шығарды (Сарқан аудандық соты шешімінің көшірмесі арызға тіркелген). Соттың шешімі заңды күшіне енсе де аудандық жер қатынастары бөлімінің сол кездегі бастығы Е.Кизилов өзінің қызметтік міндетін орындамай, сот шешіміне қатысты талапты атқармай қойды. Дегенмен, 2005 жылы Сарқан ауданы әкімінің №266 қаулысы шығып, маған бұрынғы өз жеріме иелік ету құқығы берілді. Сол жылы қарашада жеріме мемлекеттік акт алдым. Соған қарамастан, жер маған босатылып берілмеді. Мен сотқа қайта арыздандым. Сот менің пайдама тағы шешім шығарды. Бірақ бәрібір жеріме иелік ете алмадым. Енді Алматы облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыз түсірдім. Осы соттың 2009 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен жерге иелік ету құқығы маған берілді. Осы кезге дейін менің жеріме иелік етіп келген Жақсыкелдиновтың мемлекеттік актісі жарамсыз деп танылды. 2009 жылға дейін осы жер телімі екі қожалықтың иелігінде болып келді. Бір мемлекеттік акт Жақсыкелдиновтың атында болса, екінші мемлекеттік акт менің атымда болды. Бірақ дауласып жүрген мерзімде жерді Жақсыкелдинов пайдаланып келді. Сонымен менің құқым 2009 жылдың 28 сәуірдегі сот шешімімен қалпына келді. Жер телімі маған қайтарылғанға дейінгі кездегі шығынды өндіріп алу құқығы бұған дейін менде болған жоқ. Бұл құқық сот шешімімен жер телімі маған қайтарылып, заңдастырылған күннен бастап пайда болды. Яғни 2009 жылдың 28 сәуірінен кейін мен сол кездегі шығынды өндіру жөнінде сотқа шағымдану мүмкіншілігімді пайдаландым. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабы, 4-тар­мағы бойынша осы уақытқа дейінгі, яғни 2001 жылдан 2009 жылға дейінгі 8 жыл бойы ала алмай қалған өнімімді жауапты тарап – аудандық жер қаты­настары бөлімінен талап етуге толық құқық пайда болған соң экономикалық сотқа арыздандым. Бірнеше арызым түрлі себептермен қабылданбады, бірақ соңғы 2012 жылғы 11 сәуірде жазған арызым қабылданып, ҚР Азаматтық кодексіндегі 178-бап, 1-бөлімінде белгіленген 3 жылдық мерзімге үлгердім. Жоғарыда айт­қа­­нымдай, жер иеленуге толық құқығым 2009 жылдың 28 сәуірінде экономикалық соттың шешімімен қалпына келсе, ал кейінгі талап-арызым 2012 жылдың 11 сәуірінде қабылданды. Яғни ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабы, 4-бөлімі бойынша ала алмай қалған өнімді өндіріп алуға құқығымның мерзімі өткен жоқ. Менің арызым бойынша Алма­ты облысының ауданаралық мамандан­дырылған экономикалық сотының отырысында судья Р.Қадырбаева уақытында болған істердің деректеріне сүйенбей, дәлелсіз, менің ісіме қарсы сөз жиынтықтарын құрастыру арқылы шешім шығарған. Талап мерзімінің өтіп кетуі туралы дәлелді түрде келтірілген уәжі жоқ. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 71-бабы 2-бөлігінде «Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сот адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді» делінген. Бірақ Қа­дырбаева Сарқан аудандық сотының шешімінде толығымен дәлелденіп, менің пайдама шешілген мән-жайды қайталап, қайта тергеуге тырысып бақты. Аудандық соттың 2005 жылғы 2 ақпандағы шешіміндегі негізгі жау­апкер жақтың, яғни аудандық жер қатынастар бөлімі басшысының қате­лігін мойындаған сөзіне мүлде мән берілмеген. «Сарқан ауданының жер қатынастар бөлімі сотқа жолдаған өтінішінде талап қою мерзімінің өтіп кетуіне байла­нысты талапкердің талабын қанағаттандырудан бас тартуды сұ­раған» сот отырысында қай мерзімнің күні айтылғаны анықталған жоқ. Бірақ жер комитетінің өкілі Байжуманов айтты деп, басқа жауап жазып түсірген. Соттың өз шешімінде «Сот талқылауының қорытындысы жақтардың түсініктерін, іс-құжаттарын зерттеп, сот талапкердің қойған талаптары негізсіз болғандықтан және талап қою мерзімнің өтіп кетуіне байланысты талапты қанағаттандырудан бас тартуды жөн деп санады» делінген. Мен экономикалық соттың ше­ші­міне қанағаттанбағандықтан, Алматы облыстық сотына шағым­дан­дым. Өкінішке қарай, облыстық соттың Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының судьясы Г.Валимова менің жағдайымды түсінгісі де келмей, экономикалық соттың шешімін өз күшінде қалдырды. Бұл қалай? Мұндай жағдай басқа азаматтардың да басында бар шығар. Сондықтан қолыма қалам алып, «Егеменге» арыз жазып отырмын. Нұрдәулет ЖАҚЫПОВ, жеке кәсіпкер. Талдықорған.