Дүбірге толы дүние
Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев Еуропада сапарда жүр. Ол он күн ішінде Австрия, Франция, Швейцария, Бельгия және Германия елдерін аралап, сондай-ақ, Еуроодақ институттарында болмақ. Солардың басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізбек.
Қарап тұрсаң, бір сапарға көптеу де сияқты. Кейбіреулер үшін жай қыдырып қайтқандай көрінуі де мүмкін. Тіпті, қырғыздың бір ресми ақпарат құралы оны қайыр сұрау сапары деп те атап жібергені бар. Жалпы, Қырғызстанда өз президентінің сапарлары туралы қисық пікір айтатындар жеткілікті. Оның осыдан екі аптадай бұрын Молдавия мен Ресейге алдын ала жарияламай барып қайтқаны біраз сөз болды. Тіпті, бір депутат одан түсінік те сұрады. Олар тағы да біраз сөз етері анық.
Ешбір елдің басшысы шақырылмай бармайды. Шақырып жатса, барған жөн. Оны белгілі дәрежеде ел абыройы, басшы беделі десе де болар. Басшының сапары кезінде екіжақты келісімдер жасалып, қарым-қатынасқа жол ашылып жатса, бұл Қырғызстандай ел үшін жақсылық болары да даусыз. Ал кейбіреулер бұл сапарларды келеке еткендей пікір айтса, олардың аузы өздерінікі, кім оған қақпақ қоймақ.
Қайта осы сапарларды естіген біраз жұрт Қырғызстанның, оның басшысының көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп отырғанын құптағандай да болған. Бұл елдің Еуразиялық одаққа кіруге ұмтылысы да белгілі. Сонымен қатар, Еуропа елдерінен сырт айналмай, олармен де қарым-қатынасын үзбесе, бұл алдымен ел үшін керек, сол елдерден алатын нәрсе көп. Тіпті, біреулердің қолтығына кіріп, олардың дегенінен шыға алмай жүргендей болмай, өзінше саясат жүргізсе, ол елдің тәуелсіздігін де, беделін де аңғартады. Атамбаевтың Еуропаға сапарларын осылай қабылдауға болар еді.
Сапар тура наурыз мерекесі күні Австриядан басталды. Елдің федералдық президенті Хайнц Фишермен, парламент жоғарғы палатасының спикері Соня Цвацлмен кездесті. Сондай-ақ, қырғыз-австрия бизнес-форумына қатысып, өз елінде инвестиция салуға болатын нысандардың барлығын айтты. Сондай-ақ, Вена сияқты халықаралық ұйымдардың орталығында БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының директоры Юрий Федотовпен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесуі мен келіссөз жүргізуінің де мәні зор болды. Францияда президент Олландпен кездесіп, қырғыз-француз бизнес-форумына қатысуында да біраз мәселенің басы қайырылғаны анық. Кешегі күні Швейцария конфедерациясында болғанда, оның президенті Симонетта Соммаругамен кездескенде, сірә, қаржылық мәселелер көбірек сөз болған шығар.
Он күн сапардың бүгін басталар бес күні Бельгияға арналмақ. Алдымен Бельгия королі Филиппен кездесу жоспарланса да, негізгі шаруа осы ел астанасындағы Еуроодақ басшыларымен кездесу болмақ. Еуропарламент төрағасы Мартин Щульцпен, Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен және Еурокеңес төрағасы Дональд Тускпен кездесу қырғыз басшысы үшін айрықша маңызды. Мұнда үлкен саясат бар. Біраз мәселе Қырғыз Республикасының егемендік мәртебесіне барып тірелсе керек.
Соңғы екі күн, 31 наурыз бен 1 сәуір, Германияға арналмақ. Федералдық президент Йоахим Гаук пен федералдық канцлер Ангела Меркельмен келіссөздің мәнісін осынау тұтқалы елдің әлемдік орнымен де түсіндіруге болар. Қырғызстанға олардың ықыласы ауып жатса, бұл – жақсылық.
Қысқасы, президент А.Атамбаев өзінің осы сапарында Қырғызстанды жақсылыққа жалғастыруға ниет еткенін атап айтсақ, жөн болар.
Йеменде нағыз соғыс жүріп жатыр
Біреулер Йемендегі қайшылық азамат соғысына айналып кетуі мүмкін дейді. Ал бұл елде былтырдан бері шииттік хуситтер ел астанасы – Санада билікті басып алып, президент Әбді Раббу Мансур Хади оңтүстіктегі Аден қаласына қашып кеткелі бері шын мәнінде сол соғыс жүріп жатыр.
Билікті қорғайтын ресми әскердің шамасы келмеген соң, шииттік көтерілісшілер барған сайын өздерінің ықпалындағы аумақты кеңейтіп, қашқан президенттің соңынан қуып келеді. Қазір елдің 21 провинциясының тоғызы олардың билігіне көшсе, басқаларының да қарсы тұрарлық әлеуеті шамалы. Әсіресе, елдің халық саны жөнінен үшінші қаласы Таизды көтерілісшілер басып алған соң, өзіне қауіп жақындағанын аңғарған президент Хадидың үрейі ұшып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Иранға сүйенген хуту милициясы заңды билікті құлататын болса, ол елді бөлшектеуге ұшыратады, тыныштық пен тұрақтылықты бұзады деп шырылдайды қашқын президент. Хади өздерінің дәрменсіздігін көтерілісшілерге Иранның жан-жақты қолдау көрсетуімен ақтағысы келеді. Ал хути сепаратистерінің басшылығы ирандық көмекті үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Дегенде, бұл көмектің, қолдаудың барлығына жұрттың күмәні жоқ. Бұрынғысы өз алдына, көтерілісшілердің Таиз қаласын басып алар қарсаңында Ас-Салив портына ирандық «Шарман» кемесі тоқтап, одан 180 тонналық әскери жүк түсірілгені және оның хуситтерге тигені белгілі болып отыр.
Тағы да бұл соғыстың діни сипаты айрықша қорқынышты. Бір Йеменнің халқы бірі – шииттер, бірі сүниттер болып екіге жарылып, қырқысып жатқаны да анық. Сол қырқысқан мұсылмандардың басын біріктіретін тұлға жоқ. Кеше «Араб көктемі» заманында халықтың қаһарына ұшырап, сыртқа қашқан Әли Абдолла Салех бүгін көтерілісшілердің көсеміне айналды. Ол билікке қайта жеткенімен, халықтың басын біріктіруі екіталай. Ең қиыны – осынау екіге бөлінген йемендіктердің бір жағын – Иран, екінші жағын Сауд Арабиясындай екі аса беделді елдің қолдап отырғаны да шындық.
Сірә, қолдарынан келсе, йемендіктердің басын біріктіретін күш халықаралық ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шығар. Хадидың соларға жүгінуі де негізді. Қауіпсіздік Кеңесі болса, халық сайлаған деп Хадидың билігін заңды санайды. Көтерілісшілерді билікке қарсы әрекеттерін тоқтатуға шақырады. Осынау негізде шешім де қабылданатыны анық. Бірақ оған арандатушылар, бөлінгендерді демеушілер қарсы болар.
Йемен АҚШ-тың осы өңірдегі одақтасы саналады. Бірақ Вашингтон бұлардың ішкі ісіне араласпады. Елшілігін бұрынырақ жапса, жақында осындағы 100 арнаулы қызметкерін алып кеткенде арандатушылар америкалықтар қашты деп айыздары қанып қуанды. Біреулерге осы елдегі шиеленістің жалғасқаны керек. Бұл үшін олар бүлікшіл сепаратистерді қолдауға да бар.
Ресми анықтамалықтарға қарағанда, йемен халқының 60 пайызы сүниттер көрінеді. Олар азшылықтың билігіне көне қояды деу де қиын. Мұсылман қауым өзара біраз қырқысатын сыңайлы. Қырқысқанда, бұл елде қару көп: 25 миллион халықта 70 миллион қару бар екен. Біраз қырқысуға жетеді.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.