Адамды жақсырақ білу үшін оның түп тамырына, шыққан тегіне зер салу ежелден бар дәстүр. Мәукеңнің арғы атасы Таңсық қажы Абылай хан әскері қолбасыларының бірі болған. Таңсықтың батыр болғаны жөнінде Бұқар жыраудың: «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп. Сондағы жолдас адамдар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай… Таңсық қожа, Мәмбет бар», – деп келетін жырында айтылады.
Бергі атасы Жыржыс қажы Баянауыл өңірінің Көкдомбақ ауылында дүниеге келген. Қасиетті Түркістан төңірегіндегі Қарнақ медресесінде білім алып, Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтегеннен кейін 1920 жылы қазіргі Ақжар елді мекеніне жақын жерден мешіт салдырған. Сол мешіт жанынан Үшсала деп аталатын тау бөктерінде медресе ашып, бала оқытып, имандылық рухын таратқан.
Осыдан 15 жыл бұрын Жыржыстың ұрпақтары Ақжардағы қажының басына ескерткіш тас қойып, аруақ алдындағы парызды өтеді. Аудан орталығы – Ботақара кентіндегі мешіт қажының есімімен аталады. Сол Жыржыстың ұлы Ғазали де, Кеңес өкіметінің күрзісінен қорықпай, әкенің асыл мұраттарына адал болып, ислам ілімін ашық қуаттаған.
Біздің айтайық дегеніміз Ғазалидің ұлы Мәулен туралы. Ол Ақжар ауылында 1917 жылы туған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Петропавлдың ет-сүт техникумын үздік бітіріп, Мәскеудегі осы аттас институтқа конкурссыз түсуге мүмкіндік алады. Алайда тағдырдың ұйғарымы басқаша болады. Ол ҚазМУ-дің химия факультетіне түседі. Мұнда талапты жас есімдері дүние жүзіне танымал профессорлар Д.Сокольскийден, М.Усановичтен, М.Козловскийден, Б.Бірімжановтан дәріс алады.
Студенттік өмір 1941 жылы үзіліп, 5-курста оқып жүрген ол өз еркімен сұранып майданға аттанады. Соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 1943 жылы, Курск иініндегі сұрапыл шайқастардан кейін елге, Қарағанды облысына келіп қайтудың сәті түсіпті. Өйткені, ол Қорған қаласына істен шыққан әскери техникаларды жеткізген эшелонның командирі болып тағайындалған екен.
Жігерлі жас майданда зеңбірекшілерді даярлау курсынан өтіп, 70-ші армия құрамында жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты. Курск, Орел, Елец қалаларын қорғауға, Брест, Варшава, Штеттин шаһарларын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Өкінішке қарай, Мәулен ағаның майдан жолдарын егжей-тегжейлі суреттеген жазбалар сақталмаған. Десек те оның жауынгерлік ерліктерін Отан соғысының I және ІІ дәрежелі қос ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Бресті алғаны үшін», «Варшаваны зат еткені үшін» медальдары айғақтайды. Сондай-ақ Отан үшін от кешіп, халық үшін қан кешіп, толарсақтан саз кешіп, тілерсектен су кешіп, тажал жауын жайратқан жас қазақ Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталиннің алғыс хаттарымен бірнеше мәрте аталып өтіледі. Кезінде осының бәрін жарқырата көрсетуге бармаған себебі, тектілігін біле тұрса да Мәукең қарапайым адам болғандықтан, жауынгерлік ерліктерін жарнамаламаған. Жауынгерлік наградаларын костюмінің өңіріне тек Жеңіс күні жастармен, ардагерлермен ресми кездесулерге барғанда ғана таққан.
Жеңіс күнін Мәулен Ғазалиев Кенигсбергте қарсы алды. Берлинді алуға тікелей қатыспаса да, қарулас жолдастарымен фашистер ордасында болып, штыкпен өзінің тегін Рейхстаг қабырғасына қашап жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Соғыстан қайтып келген соң
Мәулен аға ҚазМУ-дегі оқуын бітірді. Содан соң 1946-1949 жылдары Қарағанды қалалық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Осы кезеңді ҚазКСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, №17 мектептің көп жылдар тұрақты директоры болған. М.Ғазалиевтің басшылығымен жұмыс істеген Анна Яковлевна Плотникованың ұлы техника ғылымдарының докторы, профессор В.М.Плотников былай деп еске алады: «Мектептің оқытушылар құрамының шамамен 80 пайызы қуғын-сүргінге ұшырап, Қарағандыға қапияда тап болған жоғары сыныпты мамандардан тұрды. Солардың көбісі М.Ғазалиевтің ізгілікті адамгершілік қасиеттерінің арқасында мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды, өйткені, соғыстан кейінгі жылдары Қарағандының қалалық халыққа білім беру мекемесінің басшысы болған ол мектеп директорының осындай адамдарды педагогикалық жұмысқа қабылдау туралы хатын қолдаған еді. Әрине, сол уақытта мұндай шешімдер билікке ұнамайтын, содан да, кейін анам әңгімелеп айтқандайын, М. Ғазалиевтің және шешемнің жұмысында күрмеулі де күрделі жағдайлар болды. Алайда олар бірінші орынға жалпыадамзаттық құндылықтарды қойып, ол қиындықтарды жеңе білді».
Соғыстан соңғы қиын кезеңде Қарағанды қалалық халық ағарту бөліміне үш жыл басшылық жасаған Мәулен Ғазалиев кейін № 2 қазақ мектеп-интернатына директор болды. Бұған дейін болған алты директордың уақытында ілгерілей алмай, кенжелеп қалған білім ошағын айналдырған екі-үш жылдың ішінде қаладағы маңдайалды саналатын №1, 3 мектептердің қатарына қосты.
Мәукең 1949-1953 жылдары Қарағанды қаласындағы № 2 қазақ мектеп-интернатын, ал 1953 жылдан 1986 жыл аралығында № 10 жұмысшы жастар орта мектебін басқарды. Сондай-ақ, ол Қарағанды мемлекеттік медицина институтында химия пәнінен сабақ беруді қоса атқарды.
Ол мыңдаған шәкіртті оқытып, тәрбиеледі, олардың біразының есімдері біздің елімізге ғана емес, сонымен бірге, одан тысқары жерлерге де белгілі. Академик ғалымдар Т.Шармановтың, Б.Рақышевтың, А.Алдашевтың, Ғ.Құлқыбаевтың, М.Мұқышевтың, Г.Пивеньнің, А.Әлімбаевтың және басқалардың есімдерін атаса да жеткілікті.
1983 жылдың сәуір айында М.Ғазалиев Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде жолдама алып, демалуға Қырымға барды. Сонда Павлодар облысынан келген бір майдангер ақсақалмен танысыпты. Арада екі ай өткенде түс ауа үйлерінің ауласына такси келіп тоқтады. Келген сол ақсақал екен. Қарағанды медицина институтының көшпелі комиссиясына емтихан тапсыратын қызының оқуға түсуіне септігін тигізуді өтіне келіпті. Мән-жайға қаныққан Мәкең сөзге келместен жиналып, Павлодар қаласына барды.
Мұны айтып отырғандағы себебіміз, оның кісі көңіліне қарағыштығы, басқаларға көмек қолын созуға қашан да даяр тұратын ақпейілділік қасиетін аңғарту болатын. Ал бар шаруасын ойдағыдай шешкен соң әлгі ақсақал оны қалааралық автобусқа салып жіберіпті, үйге екі облыстың шаңын арқалай шаршап жетті.
Мәукең табиғатының адамгершілікке, ізгілікке толы екендігін, қашанда әділеттілікке ұмтылатын, азаматтық ұстанымынан айнымайтын бірбеткейлігін және сондай асыл қасиеттері бар тектілігін біле тұра кеудемсоқтыққа бармайтын қарапайымдылығын тіршіліктің осынау шағын хикаяттарынан-ақ аңғаруға болатын сияқты. Мақсаткершілік, тапқырлық, өзгенің мұң-мұқтажына ортақ болып, мүмкіндігінше қолұшын беру, өз ісіне деген адалдық – оның айнымас қасиеттері еді.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Мәулен аға басқарған № 2 облыстық мектеп-интернатта оқу құралдары, жатын орын жеткіліксіз еді. Облыстан жәрдем болмай, Білім министрі Сембаевтың қабылдауында болып, одан да мардымды көмек ала алмағаннан соң Қаныш ағаға сәлем бере барып, оқудың, елдің жағдайын айтады. Қаныш Сәтбаевтың беделінің арқасында, сол кісінің араласуымен Білім министрлігінен мектеп-интернатқа қажетті жабдықтарға қаражат бөлу мәселесі шешіледі. Мектеп-интернатта Ақжар ауылының тұрмысы төмен, жетім қалған жиырмадан астам баласы тәрбиеленіп, кейін олардың барлығы жоғары оқу орындарында оқып, білікті маман болып шықты.
Жаңадан ашылған Қарағанды медицина институтына Мәулен Ғазалиев химия пәнінің оқытушысы болып қызметке алынды. Сөйтіп, талапты жастарды, оның ішінде Ақжар ауылының азаматтарын дәрігерлік мамандыққа оқытты. Бүгінде алақандай Ақжар ауылының өзінен шыққан отыздан астам жоғары білікті дәрігер, мұғалім, инженер сияқты көптеген салалардың айтулы мамандары бар.
Мәулен Ғазалиұлының есімін есте қалдыру мақсатында Қарағанды қаласындағы бұрын сол кісі тұрған үйдің қасбетіне 1997 жылы мемориалдық тақта орнатылған еді. Онда: «Тыңдадым елдің мұңын көп, Болсам деп ардың қорғаны. О, туған жер, ұлың боп, Есіңде жүрсем болғаны», – деген Мәукеңнің өмірлік ұстанымын бір ғана шумаққа сыйдырған жыр жолдары бар. Ал 1999 жылы кеншілер астанасының Ботаника бағындағы көшеге ғибратты ғұмыр иесі Мәулен Ғазалиевтың есімі берілді. Бір әттеген-айы сол, қос қапталдан тұратын қысқа көшенің бір қапталы майдангер ұстаз есімімен аталса, екінші қапталы басқаша аталғандықтан, керекті үйін іздеп келушілер жолдан әрі өтіп, бері өтіп дәл таба алмай абдырап жүреді. Ұлық мереке қарсаңында осы жайтты қала әкімінің қаперіне жеткіземіз. Қазақта «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген мәтел бар, Қарағанды қаласының құрметті азаматына құрмет пен ізет атағына сай көрсетілгені жөн деп білеміз.
Бір кездері мақтан тұтып, үлкен үміт күткен баласы Арыстан бұл күнде белгілі қоғам қайраткері, еліміздің техника саласы мамандарын түлетіп ұшырып жатқан дүниежүзіне әйгілі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, академик. Шолпаны – профессор, ғылым докторы, Жанаты – жоғары санатты дәрігер, Дәурені – белгілі экономист.
Жеңіс күні бүкіл біздің отандастарымызға қаншалықты киелі мейрам болса, бұл әулет үшін де соншалықты қасиетті мереке. Ардақты әке қабірінің басына гүл шоғын қойып, мінәжат ету, Мәңгілік алауға барып тағзым ету Ғазалиевтер әулеті үшін ізгі дәстүрге айналған. Өйткені, осы Ұлы Жеңіске тектінің тұяғы, жүректі жауынгер, ардақты ардагер, қоғам қайраткері және ұлағатты ұстаз Мәулен аға да өзінің елеулі үлесін қосқан...
Сәбит БЕКСЕЙІТ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ.