• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2015

«Бүкіл халықтың қалауы – сіздің сайлауға қатысқаныңыз»

397 рет
көрсетілді

* Президент поштасынан Мемлекет басшысының атына көрнекті мемлекет қай­раткерлерінен, қоғамдық бірлестік өкілдерінен, еңбек ұжым­дарынан, оқу орындарынан, еліміздің түрлі өңірлеріндегі азаматтардан көптеген хаттар келіп түсті, – деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Хаттарда сайлау өткізу жөніндегі шешімнің дер кезінде қабылданғаны айтылған, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа өз кандидатурасын Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына ұсынуға ұсыныс білдірген. Атап айтқанда, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Б.Төлегенова Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың айналасында шоғырлану елдің әрі қарай жүйелі дамуы мен аза­мат­тардың бақуатты болуының кепілі болып саналатынына сенімді екенін білдірген. «Қазақстан жылдан-жылға өркендеп, әлемдегі беделді әрі құрметті елге айналып келеді. Тәуелсіздігіміз мәңгілік бола берсін», – деп жазады автор. Қазақстан Хореографтары одағы­ның атынан хат жазған отандық балеттің көрнекті қайраткерлері еліміздің тәуел­сіздік жылдарында жеткен барлық, со­ның ішінде мәдениет және өнер сала­сындағы табыстары Мемлекет басшы­сының атымен тікелей байланыс­ты екендігіне тоқталған. «Осының бәрі – көшбасшысы Өзіңіз болып отырған, табысты мемлекет құру жөніндегі бірыңғай стратегиялық бағдарламаның көріністері.  Біз Сізге сенеміз және өркендеу мен татулықты, жалпы адамзаттық құндылықтар салтанат құратын жолды таңдаймыз», – делінген хатта. Алматы қаласы әкімінің кон­церттік оркестрінің мүшелері қазақ­стан­дықтардың өркендеуін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әл-ауқатын арттыру республика дамуының басым бағыттары болып отырғаны үшін алғыс білдірген. «Біз үшін Сіз сияқты Елбасының басшылығында болу құрмет, сол себепті де біздер, өнер адамдары, бұрынғыша Сізге қуана дауыс береміз. Алдағы сайлау еліміздің бірлігін нығайтып, Қазақстан қоғамын бұдан әрі ұйыстыра түседі деп үміттенеміз», – деп жазады хат авторлары. Қазақстанның халық емшілері қауым­дастығының өкілдері президент сай­лауын өткізуді қолдай отырып, бұл тұрақтылықты сақтауға, әлеу­мет­тік-эко­номикалық дамуға, Мемле­кет бас­шы­сы бастамашылық еткен негіз­гі мемле­кеттік бағдарламаларда белгі­лен­ген мақ­саттарға жетуге оң ықпалын тигізетінін айтқан. Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік университетінің ұс­таз­дар ұжымы мен студент жастары Мем­лекет басшысына «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын және «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін мандат беру маңызды деп санайды. «Елді бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ үшін шоғырландыруға бағыт­талған Мемлекет басшысының сая­сатын қолдау – біздің парызымыз. Біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­рына кіру жөніндегі мақсатқа Елбасымен бірге жетеміз», – делінген хатта. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақ­стан мемлекеттік университетінің ұжымы президент сайлауын өткізу туралы шешім үшін Мемлекет басшысына алғыс айтқан. «Біз елдің ғылыми-ағартушылық саладағы барлық жетістіктерін Сіздің жан-жақты қолдау көрсетуіңізбен байланыстырамыз. Сондықтан Сізден алдағы сайлауға өз кандидатураңызды ұсынуды сұраймыз», – деп жазады авторлар. Орал қаласының дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы  облыстық мамандандырылған қазақ мектеп-интернаты мұғалімдерінің ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен тұлғасы өскелең ұрпақ үшін ерлік пен табандылықтың үлгісі болып саналатынын айтқан. «Отанға қызмет етуге, татулық пен келісім жағдайында балаларға білім беруге жасалған мүмкіндік үшін Сізге шексіз ризашылық білдіреміз. Осының бәрі – Сіздің сындарлы саясатыңыздың нәтижесі. Болашақта еліміз осы бағытта дами бергенін қалаймыз. Біз Сізбен бірге табысты Қазақстанды қолдаймыз», – делінген хатта. «Татулық пен келісім кеңесі» қоғам­дық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы К.Еспағамбетов бүгінде белең алған әлемдік дағда­рысқа, сондай-ақ ешкімді бейжай қал­дыр­майтын алыс және жақын өңірлердегі жанжалдарға назар аударады. «Дәл осы кезде бұдан әрі жасалатын қадамды анықтап алу қажет. Өңір халқы Мемлекет басшысының бағытын қолдай отырып, ұйымшылдық пен бірлік көрсететініне сенімдімін», – деп жазады автор. Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қабыл алғаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірген «Кентау трансформатор зауыты» АҚ еңбеккерлері де қолдау хаттарын жолдапты. «Мемлекетті басқару кез келгеннің қолынан келмейді. Бұл сайлау мем­лекеттілікті, халықтың бірлігін таразы басына қояды. Осыған байланысты біздің қалауымыз, бүкіл халықтың қалауы – Сіздің сайлауға қатысқаныңыз», – делінген хатта. Өз хатында Көкшетау қаласындағы «Олимп-Көкше» ЖШС директоры В.Смоквин сайлау алдындағы нау­қан қарсаңында Нұрсұлтан Назар­баевқа қолдау лебізін жеткізген. «Бек сенімдімін, Сіз – бүкіл халық таңдаған, бұдан былай да біздің мем­лекетті жаңа жеңістерге бастауға тиіс бірден-бір Президентсіз, бұл ретте өзге баламаның болуы мүмкін емес. Сіз­дің арқаңызда Қазақстанның өркен­деген елге айналуға, тек мықты Көшбасшының, кемелденген мемле­кет­тің және жұмылған халықтың қолынан келетін жаңа жетістіктерге жетуге қа­зақстандықтардың әзір екенін бүкіл әлемге көрсетуге мүмкіндігі бар», – деп жазады автор. Алматы қаласынан хат жазған А.Әкімұлы да президент сайлауын өткізу мемлекетіміздің дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өткен. «Бүкіл отбасымыз болып Сізден сай­лауға қатысуыңызды өтінеміз және белсенді үгіт-насихат жұмысын жүргі­зуге бар күш-жігерімізді жұмсай­ты­ны­мызға сендіреміз. Сіздің айқын жеңіске же­тетініңізге сенімдіміз», – деп жазады автор. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына бірқатар хат Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп түсті. Мәселен, Түркістан қа­ласындағы Б.Саттарханов атындағы «На­мыс» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері бұл сайлау еліміздегі дос­тық­тың, келісімнің, бірліктің және тұрақ­тылықтың айғағына айналатынын атап өткен. Авторлар Мемлекет бас­шы­сын оның жүргізіп отырған саяса­тын қолдайтындарына және жақтай­тындарына сендірген. Шымкент қаласының қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындары Мемле­кет басшысының көреген саясаты бүкіл Қазақстан халқының, әсіресе әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдардың мүддесін қорғауға бағытталғанына назар аударған. «Біз елдің болашағын Сізбен ғана байланыстырамыз. Біз Қазақстанның тұрақтылығын және өркендеуін, өскелең ұрпақтың алаңсыз болашағын қолдаймыз. Сондықтан Сіздің сайлауға міндетті түрде қатысқаныңызды қа­лай­мыз», – делінген хатта. Сайлау өткізуді қолдап, Сарыағаш қала­сынан хат жазған зейнеткер Т.Әуе­зов Нұрсұлтан Назарбаевқа денсау­лық пен табыс тілейді. Қазыбек би ауылының тұрғыны Ү.Жа­қыпов Мемлекет басшысы халық қалауын ескеріп, президенттік сайлауға қатысса деген тілегін білдірген. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің кезектен тыс сайлауын бел­гілеуге байланысты хаттар легі әлі де жалғасуда.