• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

БАРМАҚ БАСТЫЛЫҚ, КӨЗ ҚЫСТЫЛЫҚ ОРЫН АЛҒАН ЖЕРДЕ ЗАҢДЫЛЫҚ САҚТАЛМАЙДЫ

725 рет
көрсетілді

Бұл туралы Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалығымен Атырауда өткен құқық қорғау және өкілетті мемлекеттік органдардың кеңейтілген кеңесінде қадап тұрып айтылды Ел саясатын жүзеге асыруда мемлекет мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсыр­ма­ла­рын орындаушы ретінде елімізде саяси тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ететін құқықтық орган­ның бірі прокуратура органдары болып табы­ла­ды. Ал бұл орган қызметінің табысты да сәтті болуы оның әлеуметтік жағдайының шешілуіне байланысты қамтамасыз етілетіні белгілі. Бұл орайда Мемлекет басшысының көрсетіп отыр­ған қолдауының арқасында республика бой­ынша прокуратура органдарының материал­дық-техникалық жағдайын жақсарту нақты қолға алынуда. Мәселен, үстіміздегі жылы Қос­танай облысында және республика аймағының басқа да жеті аудандық про­ку­ра­турасында жаңа ғимарат ашу жоспарланып отыр. Ал келесі жылы Павлодар мен Маңғыстау об­лыстық прокуратура ғимараттары пайдалануға берілмек. Мұндай жетістіктерге Үкімет пен облыс әкімдіктерінің заң жүзінде табысты қызмет етуінің арқасында қол жетіп отырғанын Атырау облыстық прокуратурасы жаңа ғимаратының ашылу салтанатында еліміздің Бас Прокуроры Қайрат Мәми атап өтті. Бұл ғимарат қазіргі заман технологиясына сай ең жаңа компью­тер­лік техникалармен жабдықталған. Ал мұндай қам­қорлық, жоғарыда айтылғандай, облыстық прокуратура органының қадағалау қызмет сапасын бұрынғыдан да арттыра түсетініне сенім мол, деді Қайрат Мәми. Сондықтан осын­дай ғимаратты аз уақыт ішінде сапалы тұрғызып берген құрылысшыларға алғыс білдірген Бас Прокурор облыс әкіміне құрмет марапатын жеткізді. Бұдан кейін осы су жаңа ғимартта Бас Прокурордың төрағалық етуімен құзырлы органның кеңейтілген алқа мәжілісі жұмысын бастады. Онда еліміздің прокуратура органдарының 2010 жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғын­да заңдылық пен құқықтық тәртіпті ны­ғай­туда атқарылған жұмысының нәтижесі мен алдағы кезеңдегі міндеттері қаралды. Кеңес жұмы­сына Вице-Премьер – Сауда және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев және басқа да бірқатар мемлекеттік орган­дардың басшылары қатысты. Мәжілісті ашқан Қайрат Мәми Бас про­ку­ра­тураның көшпелі кеңейтілген алқасы алғаш рет еліміздің батыс аймағында өткізіліп отыр­ға­нын айтып өтті. Оның өзіндік себебі бар. Біріншіден, Орал-Каспий бассейніндегі биоло­гиялық байлықты сақтаудың маңызы арта түсті. Екіншіден, бағалы балық түрлері мен оның уылдырығын заңсыз жолмен талан-таражға сала бастаған қылмыстық саланы жоюдың уа­қы­ты әбден жетті. Құқық қорғау және басқа да мемлекеттік құрылымдардағы жемқорлық кө­ріністерін шектеп, тұншықтыру қажет. Одан әрі Бас Прокурор алқадағы қаралатын негізгі мә­селе – жартыжылдық қорытындыға тоқталды. Жалпы алғанда прокуратура органдары өзіне жүктелген міндеттерді толықтай орындап келеді. Қадағалау тексерісінің нәтижесі бойын­ша алғанда 500 мыңнан аса азаматтың және 2 мың кәсіпкерлік субьектілерінің конституция­лық құқы қорғалды. Прокурорлардың ара­ла­суы­нан кейін 5 млрд. теңге еңбекақы төленді. Мем­лекетке 30 млрд. теңге шығын қайта­рыл­ды. Прокурорлардың тоқтамы бойынша 15 мың­нан аса заңсыз құқықтық актілер тоқ­та­тылып, өзгертілді. Мыңнан аса сот шешімдері мен үкімдері заңға сәйкестендірілді. Мәселен, “Қарашығанақ Петролеум” қазақстандық бөлімшесінің қызметін тексеру нәтижесі рес­публикаға жүздеген миллион АҚШ долларын өндіру қажеттігін анықтап берді. Сонымен қатар сотқа дейінгі өндірісте прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігі, қадағалау практикасының тиімділігі артып келеді. Біз бұл салада азаматтардың консти­ту­циялық құқы мен бостандығын қамтамасыз ету мен заң бұзушылықты ескерту мақсатында өткен қылмыстық процестер мен жедел іздес­тіру қызметінің барысына бағыт ұстандық. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында қылмыстық қудалау органының бес мыңнан астам заңсыз актілері тоқ­татылды, деді Қайрат Мәми. Әрине, басқа да бағыттар бойынша оң нәтижелер байқалады. Құқықтық реформа аясында, ең алдымен, ұйымдық-штаттық құрылым мен қызметтік мін­деттерді бөлуді жетілдіру есебінен про­ку­ратура органдарын жаңалауды жалғастыру жүр­гізіліп жатыр. Мәселен, бүгінде Бас прокура­тура көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан штат саны аздығы мәселесіне бел шеше кірісті. Бұл орайда тек Мемлекет басшысының көме­гі арқасында ғана дағдарыс кезеңіндегі тапшылыққа қарамастан қосымша 360 бірлік қосылған. Халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына сәйкес Бас прокуратурада жаңа департамент құрылды. Оған бас бостандығынан айырыл­ған­дар мен уақытша қамау орындарындағы жан­дардың бостандығы мен құқының сақталуын қадағалау жүктелді. Арнайы прокурорлар депар­таментінде криминалистер тобы құрылды, ал халықаралық ынтымақтастық департаментінде көпқырлы ынтымақтастық пен хаттама тобы дүниеге келді. Мұндай өзгерістердің бәрі про­ку­рорлық қадағалауды қазіргі талаптарға сай келтіріп, оның тиімділігін арттыру болып табылады. Өткен кезеңдегі прокуратура орган­дарының жұмысы Мемлекет басшысының ішкі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты, ұлтара­лық келісімді орнықтыруға, ұлттық қауіпсіздікті арттыруға, азаматтар мен кәсіпкерлік құқық­тарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған нұсқаулары мен бағдарламалық құжаттарына сәйкес жүргізілді. Прокуратура органдары дағ­да­рысқа қарсы шараларды іске асыру кезінде заң­дылықты сақтауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Құқық қорғау және уәкілетті ор­гандардың уақытылы әрі жедел қабылдаған ша­ралары Ұлттық қордың қаражатын Үкімет бел­гілеген оны игеру ережесіне сәйкес ны­са­на­лы жұмсауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басым бағыты қылмыстың алдын алу болып табылады. Алайда, қазіргі қалыптасып отырған жағдай қа­былданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Республика бойынша тіркелген қылмыс саны 14 пайызға өскен. Жалпы қылмыстық іс көрсеткіші 18,8 пайызға жеткен. Бұзақылық, ұрлық, тонау, ал кейбір аймақтарда қарақшылық та етек алған. Әсіресе, тонау – Қарағанды облысында, Алматы мен Оңтүстік-Шығыс көлік аймағында, қарақшылық – Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Астана және Алматы қалаларында, бопсалау – Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында орын алған. Ал Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл және Маң­ғыстау облыстарында қасақана кісі өлтіру саны күрт өскен. Мұны есептік-тіркеу саласында тек қадағалауды күшейтудің нәтижесінде қалып­тасып отырған жағдай деп қарауға болмайды. Криминогендік жағдайдың жақсаруы туралы азаматтардың қылмыстан нақты қорғалуы қамтамасыз етілген кезде ғана айтуға болады. Қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын құқық бұзушылық жайлары да орын алып отыр. Мұндай жағдайда қылмыстық істерді тексеру сапасы ойдағыдай қамтамасыз етілмей­тіндігі белгілі. Нәтижесінде тергеу органдары секілді прокурорлардың да жіберген кемші­ліктеріне байланысты бірқатар қылмыстық істер тоқтап қалады. Соның салдарынан тексе­ріл­ген қылмыстық істердің үштен бірі ғана сот­қа жетеді. Бас Прокурор қадағалау органда­рын­дағы мұндай кейбір келеңсіз жағдайларға бай­ланысты қатты сын айтып, оны жою жолдарын көрсетіп, орындалу барысын назарға алып отыратынын айтты. Сонымен қатар прокура­тура органдарының алда тұрған келелі міндеттерін айқындап, заңдылықтың сақталуын қадағалау және адамдардың бостандығы мен конституциялық құқының қорғалуы саласында нендей шаралар атқару қажеттігіне тоқталды. Жалпы атқарылған жұмыстар аз емес, алайда алда тұрған міндеттер прокурорлық қыз­мет тиімділігін арттыру қажет екендігін одан әрі аңғарта түседі. Бұл жағдайда алға жылжу үшін алдымен қол жеткен табыстарға шынайы және сын көзбен қарау керек. Осы орайда баяндама жасаған Бас прокуратураның заңдылықты сақ­тау департаментінің бастығы А.Кравченко әлеу­меттік-экономикалық салада прокуратура орган­дарының қадағалау барысы Мемлекет бас­шысының алға қойған тапсырмаларын орын­дау арқылы жүзеге асып келе жатқанын ай­та­ды. Солардың ішінде бизнес үшін әкім­шілік кедергілерді азайту, азаматтардың еңбек құқын сақтау, төтенше жағдайлар кезеңінде заңдылықты қамтамасыз ету және Ұлттық қор қаражатын заңды пайдалану міндеттері бар. Прокурорлардың актілері арқылы еңбек ақы бойынша 5 млрд. теңге қарыз өтеліп, 126 мың адамның құқы қорғалған. Құзырлы орган құқымен ірі инвесторлар қызметі тексеріліп келеді және тексеріле береді. Олардың ішінде түкірігі жерге түспейтін “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” және “Тенгизшевройл” секілді компаниялар бар. Мұндай компанияларды тексеріс нәтижесі арада нақты тең әріптестік қарым-қатынас орнату мен аталған компаниялардан мемлекет бюджетіне тиісті төлемдердің түсуін қамтама­сыз етеді. Осы және басқа да жұмыстар арқа­сында 360 заңдылықтың бұзылуы жойылып, 20 мыңнан аса қадағалау актісі енгізілді. 25 мың құқықтық актілердің күші жойылып, 400 мыңнан аса азаматтың конституциялық құқы қорғалды. 25 мың адам түрлі жауапкершілікке тартылып 22,8 млрд. теңге шығын орны толтырылды. Дегенмен, осындай керемет сандарға қа­рамас­тан, деді шығып сөйлеушілер, әлеумет­тік-экономикалық саладағы қадағалау қызме­тінен күткендегідей тиімділік аз болып отыр. Алқа мәжілісінде оның көптеген себептері ай­тылды. Қарағанды, Алматы және Ақмола облыс­тық прокурорлары жергілікті жердегі жағдайды, заңдылықтың сақталуын, қадағалау барысын жеткізді. Алдағы уақытта, әсіресе, жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту, жалақыны төлемеу және төлеуді кешіктіру жағдайларында азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қадағалау прокура­тура органдары қызметінің басым бағыты ре­тінде қала береді. Прокурорлардың айтуынша, дағдарыс салдарын барынша азайтуға, сондай-ақ көлік жолдарын салуға және оны жөндеуге, әлеуметтік және басқа да нысандарға мемлекет бөлген қаражатты жұмсау заңдылығына тиімді қадағалауды одан әрі қамтамасыз ету айрықша назарда ұсталады. Сонымен қатар алдағы уақытта республи­ка­ның барлық аумағында “Электронды өтініш­терді есепке алу кітапшасы” бойынша қыл­мыс­тар туралы хабарламаларды тіркеудің автомат­тандырылған жүйесі енгізіліп, ол қылмыстар туралы ақпараттарды толық тіркеуді және олар бойынша заңды шешімдерді уақтылы қабыл­дауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Сөйтіп, алқа мәжілісінің қорытын­ды­сында республика прокуратура органдарының 2010 жылдың екінші жартыжылдығындағы қызметі профилактикалық іс-шараларды кү­шей­туге, қылмыстың және басқа да заңдылық­ты бұзушылардың алдын алуға, азаматтардың, халық пен мемлекеттің құқықтары мен мүдде­ле­рін тиімді қорғауға бағытталатыны нақты көрінді. Кеңесте Орал-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту мәселелеріндегі заңдылықтың жай-күйі де талқыланды. Соңғы жылдары бекіре балығының қоры ондаған есе кеміп кетті. Мұның негізгі себебі ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болған браконьерлік болып табылады. Ресми статистика бойынша соңғы үш жыл ішінде (2007-2009 жылдар) шетелге 40 тонна бекіре балығы және 4 тонна қара уылдырық сыртқа шығарылған. Алайда, жедел мәліметтер бойынша, жыл сайын заңсыз жолмен сыртқа шығарылатын балықтың көлемі – 500-600 тоннаға, ал уылдырық 10 тоннаға дейін барады. Бұл браконьерліктің жолын кесуде құқық қорғау және балық қорғау органдары жұмыс­тары­ның тиісті дәрежеде ұйымдастырыл­ма­ған­дығын көрсетеді. Қылмыстық жүйеге құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың теріс пиғылды қызметкерлерінің де қатысы бар екені жөнінде фактілер анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіренің уылдырық шашатын кезінде балық аулауға заңды түрде тыйым салу жөнінде қажетті шаралар қолданбай отыр. Жиналыста браконьерлікке қарсы күрес жүргізетін мемлекеттік органдардың техника­лық жарақтану мәселесіне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтарды сақтау бойынша жұмыстарды жандандыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, эколо­гия­лық және ақпараттық іс-шаралар тал­қыланды. Жиналыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ю.Рома­шовты және Орал-Каспий бассейні облыс­ара­лық инспекциясының бастығы Р.Сүлейменовті қызметтерінен босату жөнінде ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары алдына браконьерлерге көмек көрсеткен өз қатар­ла­рын­­дағы адамдарды анықтап, оларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту мәселелері қойылды. Александр ТАСБОЛАТОВ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.