• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:16

Конституцияны нығайтатын заңдар топтамасы

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған бірқатар заңды мақұлдады.

Бас прокуратура – Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган

Атап айтқанда, сайлау, про­куратура және әлеуметтік қам­сыз­дандыру салаларын жеті­лдіруге арналған заңдар қаралып, инвес­ти­циялық омбудсмен инсти­тутының өкілеттіктері нақтыланды.

«Мақұлданған заңдар жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, қолда­ныстағы заңнамаға мемле­кет­тік биліктің жаңа институт­тарын қалыптастыруға және сайлау үдерістерінің рәсім­дерін нақтылауға қатысты өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Про­куратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметі реттеліп, Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі беріледі. Ілеспе түзету­лер қылмыстық және әкім­шілік құқық нормаларын да жаңғыртады. Бұл шаралар кешені конституциялық нормалардың тиімді әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған заңдар арқылы еліміз­дің жаңа Конституциясына сәйкес келтіру мақсатымен заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Олар жоғары өкілді органның бір палаталы жүйеге көшуіне байланысты өзгерістерді қамтиды. Сонымен қатар аумақтық, округ­тік және учаскелік сайлау комис­сияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау бөлігінде мәсли­хаттардың құзыреті нақты­ланды. Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат кері шақырылған жағдайда мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібіне қатысты нормалар қарастырылған.

Бұған қоса бірқатар заңнама­лық актіге енгізілген түзетулерге сәйкес өңірлік деңгейде инвести­циялық омбудсмен ретінде облыс прокурорлары мен респуб­ликалық маңызы бар қалалар және астана прокурорлары өкілдік етеді. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ретінде Бас прокуратура айқындалды.Сенаторлар биыл наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру үшін «Қазақстан Респуб­ликасының Салық кодексі­не өзгерістер енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қарап, мақұлдады. Атап айтқанда, заңда Құрыл­тай мен Қазақстан Халық Кеңесін құруға байланысты өзгеріс­­тер қарастырылған. Осы заңға сәйкес енді азаматтардың Конс­ти­туциялық Сотқа жүгінуі кезін­де мемлекеттік баж алынбайды.

Сондай-ақ «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнама­лық актілеріне Қазақстан Респуб­ли­касы арнаулы мемлекет­тік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды.

«Бұл заңдар арнаулы мемле­кет­тік органдарда қызмет өткеру саласына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Өзгерістер қызметке орналасу, қызмет өткеру және қызметті тоқтату тәртібін қамтиды. Қыз­мет­керлердің әлеуметтік қорға­луын күшейту және еңбек жағ­дайларын жақсарту жөнінде де нормалар бар. Бұл түзетулер алдағы уақытта аталған ведомс­тво­лардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Мәселен, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері қыз­метін үзбей арнайы мемле­кеттік органдарға немесе Қарулы Күштерге ауыса алады. Ал шетелдік ұйымдарға жіберіл­ген арнайы агенттіктер қызмет­керлерінің отбасы мүшелеріне әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздік қыз­метінің өкілеттіктері, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары, атап айтқанда, террористік және экстремистік материалдарды сақтауға ты­йым салу бекітіліп, мемлекеттік органдардың осы саладағы өкілеттіктері нақтыланып жатыр. Бұған қоса мемлекеттік құпияларды қорғау күшейтіліп жатыр. Мәселен, олардың қорғаныс деңгейін төмендету ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп саналады, ал прези­денттік байланыс жүйесі туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыз­дандыру, білім, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Қаралған заң ғылыми-техни­калық саланы жан-жақты қолдауды және ғалымдардың әлеумет­тік кепілдіктерін арттыруды көздейді. Осы заң арқылы ғылымды қажет ететін аумақтар­дың, технопарктер мен ғылыми қалашықтардың құқықтық мәр­тебесі айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының жұмысын жетілдіруге, дәрілік зат­тардың қолжетімділігін арт­тыруға арналған нормалар бар. Жаңа нормалар мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты іске асыру үшін қолайлы құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Заңда ақау және бекітілген нұсқадан ауытқу салдарынан жол берілген қателер анық­талған жағдайда баспа мем­лекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жергілікті атқару­шы органдар сатып алған таралымды өз қаражаты есебі­нен ауыстыруға міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар ғылым мен технологияны дамытуға қатысты форсайттық (болжамдық) зерттеулерге, жас ғалымға, ұжым­дық пайдала­нымдағы ғылыми зертханаға анықтамалар берілді.

Осы орайда, уәкілетті орган­ның ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары үшін бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреті заңнамалық тұрғыдан кеңейтіле­ді. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сатып алынған ғылыми жабдықтарды пайдалану, ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар мен акаде­миялық артықшылық орталық­тарына қолжетімділік беру қағи­да­ларын әзірлеу және бекіту, ғылым және ғылыми-техникалық қыз­мет саласындағы венчурлік қар­­жы­­ландыру қағидаларын қа­бы­л­­дау мүмкіндігі қарас­тырылған.

Заңнамаға ғалымдар мен ғы­лыми қызметкерлердің құқық­тары мен міндеттерін, ғылымды қажетсінетін аумақтардың негізгі қағидаттары мен оларды дамыту тетіктерін, ғылым қалашығының мәртебесін беру тәртібін, оның міндеттерін, қатысушыларын, басқару органдарын және ғылым қалашығына қатысушы ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қам­тамасыз ету мәселелерін реттейтін жаңа баптар да енгізілді.

Қауіпсіздік талаптары сақталмай отыр

Палата отырысында сенатор Бибігүл Жексенбай Үкіметке депу­таттық сауал жолдады. Депу­тат жоғары кернеулі электр желі­лерінің күзет аймақтарында қауіп­сіздік талаптарын бұза отырып, базарлар, қоймалар мен автотұрақтар орналастыру азаматтардың өмірі мен денсау­лығына елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтты.

«Бүгінде халық көп шоғырла­натын нысандарда инженерлік, энергетикалық қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Кейінгі уақытта Астана қаласындағы «Алаш» базарының аумағында орналасқан жоғары кернеулі электр желілерінің күзет аймақ­тарына қатысты жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәсе­ленің өзектілігі тек бір базар­дың немесе бір кәсіпкерлік субъек­тісінің тағдырымен шектелмейді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі, еліміздегі страте­­гиялық инженерлік инфра­құ­рылымның қорғалу деңгейі, мем­лекеттік органдар арасындағы үйлестірудің және қолданыстағы заңнаманың тиімділігінің көр­сеткіші. Өкінішке қарай, бұл мәселе Астанаға ғана тән емес. Еліміздің көптеген өңірін­де жоғары кернеулі электр желі­лері­нің күзет аймақтарында орна­лас­қан базарлар, қоймалар, автотұрақ­тар, өндірістік және ком­мер­циялық нысандар кезде­седі», деді Б.Жексенбай.

Сенатор еліміздегі барлық жоғары вольтты электр жеткізу желі­лерін күзету аймағында орналас­қан объектілерге кешенді түгендеу жүргізу, осындай ай­мақ­тардың бірыңғай цифрлық тізілімін жасау мен оны мемлекет­тік ақпарат жүйесіне кіріктіру, энергетикалық инфрақұрылымға жақын объектілерді салу және орналастыру кезінде мекемеаралық келісімге басымдық беру, сондай-ақ цифрлық мониторингтің заманауи құралдарын енгізу және осы саладағы заңнаманы жетілдіруді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар