• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:55

Смартфон синдромы

Атам қазақтың «ауруын жасырған өледі» деген тәмсілі бар. Бүгінгі таңда қоғамның жасыруға келмейтін дерті – жаппай телефонға телміру. Бұл зиян ба, әлде қажеттілік пе? Қысқасы, күллі ғаламды қауызына сыйдырған смартфонның пайдасы өз алдына, оның қауіпті жағы да бар.

Кәсіби мамандар пайымына жүгінсек, қалтамыздағы сымсыз телефон электромагниттік 4G мөлшерінде сәуле шашып тұрады екен. Осы зиянды сәулені «MRI» технологиялық тәсіл арқылы зерттеген мамандар «магниттік сәуле соққан адамның басы ауырғыш болады һәм жүрек-қантамыр ырғағы бұзылды», дейді. Бұдан да сорақысы жүйкесі тозып, ойлау қабілетіне ақау түседі.

Халқымыздың «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегеніндей, ересектердің өзін есеңгіреткен смартфонның зияны жасөспірімдерді де оңдырмасы анық. Құрылғыдан бөлінетін зиянды сәуле үлкендерге қарағанда балаға 10 есе кері әсері бар дейді жапондық дәрігерлер. Себебі жас баланың бас сүйек қабаты жұқа, қорғаныс қабілеті де әлсіз.

Осы орайда, экономикалық тұрғыдан дамыған мемле­кеттер­ жасөспірімдерді телефонға тәуелділіктен құт­қару мақсатында құқықтық шара­лар қабылдап жатыр. Мысалы, Жа­по­ния­ның Айчи провинциясының орталығы Кария қаласының билігі мектеп жасындағы балаларға сағат 21.00-ден кейін телефонды пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Шаһар тұрғындарымен келісе отырып, межелі уақытта интернет желісін үзіп тастаған. Нәтижесінде, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарған.

Әлемдік білім берудің орталығы саналатын Нью-Йорк қаласында орналасқан орта және жоғары білім ошақтарының аумағы сабақ кезінде интернет желісінен ажыратылған. Сту­денттер мен оқушылар қажет болса қарапайым телефон қолда­нады. Бұл үрдісті елдің Вирджиния мен Мэрилэнд оқу орындары да қабыл алыпты. Қазір Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен АҚШ сияқты өркениетті елдерде «смартфон соққан» балаларды емдейтін орталықтар жұмыс істеп тұрса, сала мамандары балаларды ақыл-есінен айыратын жаңа дерт пайда болғанын айтып, дабыл қағып отыр.

ДДС ұйымының дерегіне сүйенсек, жылына 5 млн бала телефонның кері әсерінен зардап шегеді. Сондай-ақ, ДДСҰ қазір үлкендердің 23, жеткіншектердің 80 пайызы өз өмірін смартфонсыз елестете алмайтынын айтады.Еліміздегі хирург-офтальмолог Снежана Панченко смартфонды көп пайдаланған баланың ми қабатының қызметі бұзылады десе, аустриялық ғалымдар гаджеттердің кесірінен баланың басына тағы бір қосымша сүйек өсіп шығатынын анықтаған.

– Бұл үрдіс балаларға тым қауіпті. «Өйткені өсіп келе жатқан сәби ағзасында зат алмасу үдерісі үздіксіз жүр­гізілетіндіктен магниттік сәуленің кесірі мидың қызметін тежеп, дене қозғалысын шамадан тыс шектеп, сондай-ақ көз жанарының әлсіреуіне әкеледі», дейді швед ғалымы Леннарт Харделл.

Сондай-ақ британ әлеумет­тану­шысы Энтони Гидденс: «Бұрын­ қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден мезі болатын. Олар­ды ұнатпайтын. Болашақта смарт­фонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», дейді.

Қысқасы, әлем алдында балаларды «телефонға телміру» апатынан құтқару шарасы туын­дағалы тұр. Алматы қалалық Воз­несен соборының психологі Виктория Левина баланың гаджетке тәуелділігіне ата-ана тіке­лей кінәлі екенін айтады. Ата-аналар мазасыз баладан құтылу мақсатында оның қолына телефон ұс­тата салады. Ұрпағына жаны ашитын ата-ана баласын «телефонға тәуелділікке» ұрындырмауға тиіс. Балаларға компьютер, смартфон секілді заттарды мүлде көрсетпеген дұрыс. Бала ол заттар туралы тез-ақ ұмы­тып, өзіне қызықты өзге іс­тер­мен айналысып кетеді.

Алматылық балалар психологі Анастасия Стеблянко: «10 жасқа дейінгі балаларға телефонды тәулігіне 1,5 сағат қана қарауына рұқсат берілу қажет. Ал одан жоғары жастағы жасөспірімдерге 3 сағатқа дейін қарауына болады. Көрсетілген нормадан артық қараған жағдай­да жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Баланы телефоннан алшақта­тудың жолы – бірге отырып сурет салу немесе бірігіп ас дайындау секілді басқа нәрсеге қызы­ғушылығын дамыту. Ең бастысы, кітап құмарлығын ояту арқылы, санасын сауықтыру», дейді.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жар­лыққа қол қоюы дәл уақытында қабылданған шешім деп білеміз

Соңғы жаңалықтар