• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

АЛМАТЫ МЕТРОСЫНА МІНЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС

559 рет
көрсетілді

Бұл күндері Алматы метросының құрылысы 90 пайызға аяқталып, енді оны техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету басталды. Сәрсенбінің сәтінде оңтүстік астанаға метроның алғашқы электр пойыздары жеткізіліп, қос рельске түсті. Жиырма жылдан астам уақыттан бері тынымсыз қазылып-салынып келе жатқан метрополитен келер жылы, тәуелсіздігі­міз­дің 20 жылдығы қарсаңында қала­лық­тар­дың игілігіне берілуі тиіс. Алматы ме­тросын жылжымалы құраммен қамта­ма­сыз етуді оңтүстікореялық “Hyundaі” кор­порациясы қолға алып отыр. Алматы­лық­тар үшін айтарлықтай оқиға болып та­бы­ла­тын осынау салтанатты оқиғаға қала әкімі Ахметжан Есімов, “Hyundaі” корпо­ра­циясының президенті Ким ´нг Нам, метро құрылысының жұмысын үздіксіз басқарып келе жатқан “Метрополитен” ҚММ директоры Мұрат Үкшебаев, “Ал­матыметроқұрылыс” АҚ бас директоры Исабек Ақатов пен БАҚ өкілдері қатысты. Дизайны еліміздің көк байрағымен үндес жасалынған вагондар – отандық техникалық талаптарға ғана емес, әлемдегі заманауи метро пойыздарына қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Мұнда жолау­шы­лар үшін жайлылық, қауіпсіздік мәсе­ле­лері түгел ескерілген. Жолаушылар ва­гон­дардан вагондарға емін-еркін өте ала­ды. Ең бастысы, жылжымалы құрамдар­дың тежегіші ескі әдіспен емес, диск ар­қы­лы жұмыс істейді. Жоғары жылдам­дық­пен жүретін пойызды диск арқылы тежеу оның дөңгелектерін тез ескіртпейді әрі шуды азайтып, жөндеуге кететін шығын­дарды да айтарлықтай үнемдейді екен. Яғни, бұрын колодкалық тежегіштерге тән фрикциялық шаң жаңа пойыздарда жоқ. Бұл да экологиялық тұрғыдан өте тиімді екені айтылуда. Салтанатты оқиға барысында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов: – Елбасының Жолдауына сәйкес, біз Қа­зақстандағы тұңғыш метроның – Алма­ты метросын қолданысқа енгізу жұ­мыстарын кезең-кезеңімен атқарып отыр­мыз. Бүгінгі оқиғаны осы тапсырманы орындау барысындағы басты кезеңдердің біріне жатқызуға болады. Екі ай бұрын Елбасы осы жерде болып, жұмыс бары­сы­мен танысқан. Метро құрылысы бекі­тіл­ген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ке­лесі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы қарсаңында Алматы метросы пай­далануға беріледі деген сенімдеміз. Ал бү­гін біз қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін метроның алғашқы төрт құрамын таныстырып отырмыз. Төрт вагоннан тұратын 4 құрам, бұл – 16 вагон. Тағы үш құрам – 12 вагон тамыз-қыркүйек айларында жеткізіледі, – деді. Қала әкімі тапсырыспен жасалған вагондар оңтүстік астанаға дер кезінде жеткізілгенін, аталмыш корпорация метро вагондарын жасауда әлемдегі жетекші компаниялардың қатарына енетіндігін атап өтті. Алматы әкімі оңтүстікореялық компанияға таңдау тегін түспегендігін, оның тәжірибесі мен вагондардың жай­лылығы, сапасы зерттелгендігін айтады. – Бүгінде әлемдегі ірі қалалардың бәрі экологиялық тұрғыдан таза көлік түр­леріне көшуде. Сондықтан да таңдау кө­біне темір жолдармен жүретін электр пойыздарына түседі. Қауіпсіз техноло­гия­лар мен қауіпсіз материалдардан жаса­лын­ған вагондар Алматының эколо­гия­лық ахуалын жақсартуға септеседі деп се­неміз. Келешекте бұл қалада метро желі­ле­рі кеңейе береді деп ойлаймыз. Сон­дық­тан біздің компания осынау жобаға үл­кен мән беріп отыр, – деді “Hyundaі Rotem” компаниясының өкілі Ли ´ Сонг мырза. Сағатына 80 шақырымдық жылдам­дық­пен жүретін жылжымалы құрам бір ме­зетте 940 жолаушы тасымалдайды. Қауіп­сіздік тұрғысынан алғанда вагон­дардан вагондарға өту оңай және пойыз­дар кондиционерлермен жабдықталған, арнаулы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызды нысан болып табылатын Алматы метрополитенінің 4 стансасы толық абаттандырылған, қалған үш стансада әрлендіру жұмыстары жалғасуда. Қазір жер асты жолдарында рельс салу жұмыстары қызу қарқын алған. Күн сайын өсіп келе жатқан мегапо­лис­тегі алғашқы кезеңнің 7 бекетімен Алма­тының көлік кептелісі, жолаушы тасымалы мәселесін шешу мүмкін емес. Сондықтан метро құрылысын әрі қарай да­мыту мақсатында қазір Абай даңғы­лы­нан бастап Қалқаман-3 шағын ауданына дейін және “Райымбек батыр” стансасы­нан бастап “Алматы-1” вокзалына дейін жер асты жолын салу қарастырылуда. Сондай-ақ келешекте метроның екінші кезегін “Думан” шағын ауданынан бастап Орталық саябаққа дейін салу жоспарлануда. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Самат ҚҰСАЙЫНОВ.