Әмен Қайдардың әйгілі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін көрмеген, білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Қазақ баласының ана тілінде тамашалаған тұңғыш туындысы арада қаншама жыл өтсе де көзге ыстық, көңілге жылы ұшырайды.
Қазақ анимациясының алғашқы қарлығашы осыдан 60 жыл бұрын жарық көрді. Осы уақыт ішінде бұл картина қазақ балаларының ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің көзайымына айналды.
Естеліктерге сүйенсек, сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смайылов суретшінің мультфильм жасау идеясына бірінші болып қолдау көрсеткен. Оның ұйымдастырылуымен суретшілерге арнайы бөлме бөлініп, болашақ мультипликаторларға арнап жарық түсетін үстелдерге тапсырыс беріліп, жұмыс басталып кеткен.
Мультфильм жасау туралы ғажайып ұсынысты суретшілер – Галина Дусенко, Еркін Сұлтанбеков, Эрнст Бисейітов, Борис Калистратов, Флобер Мұқанов қызыға қабыл алып, 1966 жылдың сәуірінде Әмен Қайдар бастаған топ «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты түрлі түсті, бір бөлімді графикалық мультфильмді жасауға кіріседі. Оларға киностудия басшылығынан бөлек республикалық Мемлекеттік кино комитеті де қолдау көрсетті.
Қазақ тарихындағы алғашқы мультфильмнің ә дегеннен жолы болып, оп-оңай түсіріліп кетпегені анық. Бұл бастаманың бір жағында ұлттық намыс тұрса, енді бір жағын шығармашылық сапа ауырлатып тұрды. Әмен Қайдардың қолында өндірістік база мен кәсіби кадрлар болған жоқ. Бұрын-соңды кино саласында жұмыс істемеген суретшілер мультфильм жасаудың күрделі техникасымен, сондай-ақ ұзақ түндерге созылатын орасан еңбекпен бетпе-бет келді. Суретші-мультипликаторлар өздері фазалаушы, контурлаушы, сызушы болып, целлулоидты бояуға дейінгі барлық жұмыс кезеңін өздері жасады. Кейде ұйымдастырушылық қиындық пен өндірістік мәселелер шығармашылық топтың жұмысын тоқтатқан жайттар да кездескен.
10 минуттық қысқа ғана мультфильмді жарыққа шығаруға шығармашылық топ бір жарым жыл уақыт жұмсады. Кинематография стандарты бойынша 1 секундта 24 кадр, яғни 24 сурет ауысуға тиіс. 10 минуттық, яғни 600 секундтық туындыны жасауға Әмен Қайдар мен оның шағын тобы 15 мыңға жуық ерекше суретті қолмен салып, оның әрқайсысын жеке-жеке таспаға суретке түсірген.
Иә, мультфильмнің сәтті шығып, көрермен жүрегінен жол табуына оның музыкасы да үлкен ықпал етті. Туындының композиторы қазақтың біртуар перзенті, күйші Нұрғиса Тілендиев болды.
Шығармашылық жолдағы біршама қиындыққа қарамастан мультфильм көрсетілімге шығып, қазақ «Қарлығашы» әлемдік аренаға бір-ақ ұшты. Бірден 48 мемлекет сатып алып, адам таңғаларлық дебют жасады. Мультфильмнің жұлдызды сәті туып, Бүкілодақтық кинофестивальдың жүлдесін, Орта Азия және Қазақстан кинематографистерінің байқауының дипломын (1968), Ленинград қаласындағы III Бүкілодақтық кинофестивальдың Екінші сыйлығы және жүлдесін (1968), Нью-Йорк қаласындағы Халықаралық мультфильмдер фестивалінің «Қола праксиноскоп» сыйлығын (1975) жеңіп алды.
Айта кетейік, мультфильмге сол кезде түсірілім жұмысы жүріп жатқан «Қыз Жібек» көркем фильмінің бюджетінен қаржы бөлінген. Кейін «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» дайын болған соң автор туындысын КСРО Мемлекеттік кинематография комитетінің қарауына ұсыныпты. Жобаны тексеруге Алматыға құрамында «Союзмультфильмнің» өкілі бар арнайы комиссия жіберіледі. Нақтырақ айтсақ, атақты «Винни-Пух» туралы үш фильмнің авторы, аниматор Федор Хитрук. Ол «Қарлығашқа» оң баға беріп, кәсіби деңгейде түсірілгенін атап өткен. Комиссия шешімінен соң «Қазақфильмнің» бюджетіне Қазақстанда жылына бір мультфильм жасауға қаржы бөліне бастаған.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациялық фильміне 50 жыл толғанда «Қазпошта» алғашқы қазақ мультфильмінің кадрлары бейнеленген пошта маркаларының блогін, ал Ұлттық банк осы таспадан алынған кадр бейнеленген 500 теңгелік естелік күміс монетаны айналымға шығарды.
Әмен Қайдар алғашқы қарлығашынан кейін «Құйыршық», «Құрылысшы Қожа-Насыр», «Байлық пен даналық», «Қырық өтірік», «Сиқырлы кілем» сынды мультфильмді экранға шығарды. Қазақ анимациясы жылнамасының бастапқы беттерін таудай талантымен, қайталанбас қолтаңбасымен толтырды.