• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:02

Өндіріске өріс ашатын бастама

Қызылордада испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының іргетасы қаланды. Сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның ғасырдан астам тарихы бар. Жиырма мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Roca Group» өнімдері әлемде 170-тен астам елге экспортталады.

Салтанатты  рәсімде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөнін­дегі тапсырмасына орай өңірде қолай­лы инвестициялық ахуал қалып­тасқанын атап өтті.

«Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асып келеді. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осылайша, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асыра бастағаны үшін испандық «Roca Group» компаниясына ризашылығымды білдіремін», деді өңір басшысы.

Жиында «Roca Group» серік­тес­тігінің бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес ин­­­вестициялық ынты­­мақ­тас­тық­ты нығайтуға атсалысқан ел аза­маттарына алғыс айтты. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қол­дауымен жүзеге асырылатын бастама ая­сында былтыр біршама жұ­мыс жүзеге асқан. Жыл бұрын жобаны жүзеге асыру қағидаттары ­туралы негіз­де­мелік келісімге қол қойып, тарап­тар санитарлық-тех­никалық бұйым­дар шыға­­ра­тын зауыт жобасын бірлесіп жү­зе­ге асыру бас­тамасына жақын­дай түсті.

Зауытқа бөлінген жер көлемі – 24 гектар.  44,1 млрд теңге инвес-тиция салынатын өндіріс орны жылына қуаты 500 мың бұйымға дейін шығара алады. Өндірілген өнім ішкі нарықтан бөлек орталық Азия елдеріне экспортталады деген жоспар бар. Жаңадан 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын өндіріс орнында жергілікті мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр. 

Облыста іргесі қаланған тағы бір ірі өндіріс орны – шыны ыдыстар зауыты. Өңірде шыны кластерін дамытуға бағыт­талған бастама аясында ұйым­дас­ты­рылған іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Әнуар Үмбетаев, құрылыс ком­панияларының директорлары қатысты. 

Немістің «Horn» технологиясымен жабдықталып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай өнім өндіретін зауыт «Қазақ-неміс» бизнес-форумы аясында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумнан бастау алады.  60 млрд теңгеге салынып, жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіретін кәсіп­орында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Өңір өндірісінде жаңалық көп. Жақында ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөн­деу және техникалық қызмет көр­сету кешені ашылса, енді қос зауыт­тың құрылысы бастау алды.

Зауытқа барлық инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген аймақтан 38 гектар жер телімі табыс­­талыпты. Зауыт жиналған шыны қалдықтарын қайта өң­дей­­ді. Өндіріс орны іске қо­сыл­­ғанда өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын пайдаланып, жаңа ілеспе кәсіпорындарды дамы­­туға мүмкіндік туады.

 

Қызылорда