• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:30

Тіл саясаты және заманауи талаптар

Астанада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның басшылығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Құрамы жаңартылған комиссияның алғашқы отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ тіл білімі саласындағы танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Отырыс барысында комиссия мүшелері орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі есептерін тыңдады. Атап айтқанда, оқу-ағарту жүйесіндегі мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында тіл туралы заңнама талаптарының орындалу барысы талқыланды.

Комиссия мүшелері тілдік дағды­ларды қалыптастыруда бала­бақша мен мектептің шешу­ші рөл атқаратынын атап өтіп, мем­лекеттік тілді оқыту әдістемесін заман талабына сай жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударды. Осыған байланысты комиссия төрағасы әр жас санатына арналған лексикалық және грамматикалық минимумдарды әзірлеу мен бекітуді, сондай-ақ оларды тиімді меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құралдарды енгізуді тапсырды.

Ақпарат саласы бойынша ұсыныл­ған есепке сәйкес, бүгінде бұ­қ­аралық ақпарат құралдарын­дағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78 пайызға жеткен. Мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың үлесі шамамен 60%-ды құрайды. Сонымен қатар отандық телевизиялық өнімдердің 70-дан астамы мемлекеттік тілде эфирге шығады.

Мемлекеттік тілдегі ақпарат пен сапалы контентке деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Әсіресе жастар арасында қазақ тіліндегі цифрлық контентті тұтыну көлемінің қарқынды өсуі байқалады.

Осыған байланысты Аида Балаева бұқаралық ақпарат құрал­дарында мемлекеттік тіл саясаты талап­тарының сақталуын тұрақты ба­қылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кон­тенттің сапасы мен бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, отандық кино өнімдерін прокатқа шығару кезінде тілдік нормалардың сақталуын күшейту, ақпарат құралдарындағы тіл тазалығына, стиль мәдениетіне және тілдік әдеп талаптарына ерекше көңіл бөлу тапсырылды.

Сонымен қатар Халықаралық қазақ тілі қоғамының бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған «Disney», «Pixar» және «Sony» студия­ларының балаларға арнал­ған фильмдерін еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен көрсетуді қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Комиссия төрағасы бұл жобалар­дың тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларында емес, облыс орталықтары мен ауылдық жерлердегі көрермендерге де қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Отырыста Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Атап айт­қанда, «OpenAI» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ChatGPT моделін қазақ тіліндегі сапалы мазмұнмен толықтыру жобасының барысы тыңдалды.

Комиссия мүшелері аталған бағыттың мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі үлесін арт­тыру­дағы стратегиялық маңызын атап өтіп, жұмысты одан әрі тиімді жалғастыру үшін тиісті тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар