Жаңа оқу жылынан бастап мектепке енгізілетін жаңа міндетті пәндердің ішінде «Конституция негіздері» және «Жеке қауіпсіздік» бар. Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларына сәйкес оқу жоспарлары мен стандарттарын қайта қарау туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр атап өткендей, қазір теорияны жаттауға ғана емес, жауапкершілікті тәрбиелеуге және қазіргі әлемде қауіпсіз өмір сүруге баса назар аударылады.
«5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі, онда оқушылар Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік басқару қағидаттары және құқықтық мәдениет негіздері туралы жүйелі білім алады», деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Бұл пәннің негізгі мақсаты – құқықтық сананы нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Мектеп пәндері біріктіріле ме? Министрлік мәлімдеме жасады
Сонымен бірге 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі. Бұл оқушылардың өмірлік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырумен қатар, ақпараттық қауіпсіздік, кибергигиена, төтенше жағдайларда әрекет ету және қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларын дамытуға бағытталады.
«Жаңартылған білім мазмұны ең алдымен тұлғаның жан-жақты дамуына, іргелі білімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталады. Сонымен қатар тәрбиелік компоненттің мазмұны едәуір күшейтіледі. Білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары толық енгізіледі. Осылайша мектеп тек білім беретін ұйым ғана емес, заңға құрметпен қарайтын, еңбекті бағалайтын, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды қалыптастыратын ортаға айналады», деді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде педагогтердің құқығын бұзу фактілері үш есе азайды.