Біз сөз еткелі отырған облыстық кешенді жоғары спорт мектебі – Қазақстанға спорттық гимнастикадан екі дүркін Олимпия ойындарының алтынын сыйлаған Нелли Ким тәлім алған мектеп. Нелли Ким Шымкентке келген сайын өзін әлемдік биікке көтерген мектебіне соқпай кетпейді. Біз жақында осы мектептің директоры, Оңтүстік спортында ойып алардай өз орны бар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Балғабай ЕЛШИЕВПЕН жүздесіп, сауалдарымызға жауап алған едік.
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар кешенді спорт мектебінің өз атына лайық жеңістері бар, – деді Балғабай Тезекбайұлы бізбен әңгіме кезінде. – Мектеп қабырғасынан КСРО, әлем және Еуропа, Азия чемпионаттары мен ойындарының жеңімпаздары шықты. Яғни, жас ұрпақ үлгі алатындай ағалар салған қасқа жол бар. Әу баста, облыста тұңғыш рет «Жастар спорт мектебі» болып құрылып, спорттың 16 түрінен үйірмелер ашқан орталық 1975 жылы спорттағы жақсы жетістіктеріне орай, «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» болып атауын да, мазмұнын да өзгерткен. Осы мектептің түлегі Нелли Ким спорттық гимнастикадан 1976 жылы Монреаль Олимпиадасында, 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында алтыннан алқа тағып, еліміздің даңқын шығарды.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ауыр атлет Андрей Макаров деген шәкіртіміз Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында алтын тұғырдан көрінді. Еуропаның екі дүркін чемпионы, КСРО біріншілігінің жеңімпазы, еліміз тәуелсіздік алғанда Қазақстан құрамасының алғашқы капитаны, бүгінде Олимп биігіндегі інілеріне асқар тау болып өнеге көрсеткен Нұржан Смановтың есімін ерекше айтуға болады.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Довгун Сидней және Афина Олимпиадаларына қатысты. Афина Олимпиадасында төртінші орын алды. Финляндияның Лахти қаласында өткен әлем чемпионатында әлем рекордын жаңартқан. Жеңіл атлетикадан Еуропа чемпионы, үш қарғып секіруден әлем рекордын жаңартқан Олег Сакиркин мен көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы велошабандоз Андрей Кашечкин, бокстан «Ізгі ниет ойындарының» жеңімпазы, Мұхамед Әли атындағы сыйлықтың лауреаты Ерсін Жайлауов – біздің мектептің түлектері.
Ал Мұхтархан Ділдәбеков пен көркем гимнастикадан примамыз Әлия Жүсіпованы бүкіл алаш жұрты біледі десек, қателеспесек керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та екеуін ардақ тұтты, Сиднейдегі даңқты жеңісінен кейінгі қабылдауда: «Мұхтархан, сен қазақша құлаштап ұрады екенсің», десе, Афина Олимпиадасында төрешілердің бұра тартуынан төртінші орын алған Әлияға: «Әлия, сен жасыма, сенің жеңгендігіңді бәріміз көрдік», деп қайраттандырған. Елбасының тапсырмасына орай Әлия Жүсіповаға жеке көркем гимнастика залы салынып, еліміздің талантты гимнасшылары жаттығып жүр.
– Спорттық бай ғұмыры бар кешенді спорт мектебінің әлемге әйгілі саңлақтарын тәрбиелеген бапкерлер туралы айтқанымыз жөн болар. Қанша жерден дарынды, талантты болғаныңмен, ұстаз алдын көрмесең жетістік өздігінен келмейді. Ауылда алаңсыз көкпар тартып жүрген Мұхтарханның бағына Нұрғали Сафиуллиндей бапкер кездеспегенде тағдыры қалай өрілетіні белгісіз еді ғой. Жалпы, біздегі бапкерлік мектеп туралы не айтасыз?
– Сұрақты дұрыс қойдыңыз. Спорттың тағдыр талайы нақ бапкердің қолында. Мына қазақша күрес, самбода жұптары ажырамайтын қос дос, КСРО құрамасына талай талантты шоғырды дайындап берген Диханбай Биткөзов пен Марат Жахитов деген қос ағам бар. Тонның ішкі бауындай араласамыз. 1970-жылдары Диханбай Биткөзов қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында «Жас Сұңқар» деген спорт мектебін ашып, жас балуандарды даярлады. Мектеп бітіргеннен кейін кім ауылда қалады, кім жоғары оқу орнына түседі, қай спортшының жұлдызы қалай жанары белгісіз.
Диханбай Биткөзов талантты шәкірттерінің алдағы тағдырын ойлап, Жамбылдағы гидромелиоративтік институтында жаттықтырушы болып жұмыс жасайтын досы Марат Жахитовқа жіберіп отырды. Екі жаттықтырушының тәлімін көрген самбошы Қанат Байшолақов қазақ жастарынан алғаш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды, Жахитовтың қол астында жаттыққан Талғат Байшолақов КСРО құрамасына алты жыл мүше болып, Еуропа биігін бағындырды. Бұл қатарға Айбатыр Махмұдов, Сергей Волобуев сынды халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін қосуға болады.
– Әңгімеңіздің қисынына қарағанда, қазанатты жабының ішінен жазбай танитын Толыбай, Күреңбай сияқты сыншы, атсейістер спортта да бар дейсіз ғой...
– Әрине, үш дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиевті алыңыз. Алғаш жаттығуға бір досымен келіпті. Қасындағы досы шамдағай, қайратты, мінезді жігіт екен. Бәрін жеңе бастаған. Сонда білікті бір жаттықтырушы: «Түбі спорттағы ең мықты Бувайсар Сайтиев болады. Қалай байқамайсыңдар, аурасы сыртқа ұрып тұр ғой», деген екен. Досы облыстан аса алмады, ал Бувайсар әлемдік спортқа есімін алтын әріппен жазды.
Немесе өзің айтқан Мұхтархан Ділдәбеков. Боксқа 17 жасында келді. Бұл – өзім үшін деген адамға болмаса, өте кеш жас. Жасөспірімдер, жастар құрамасын көрмеген, бірден ересектерге түскен Мұхтархан айналдырған бес-алты жылдың ішінде мықты спортшылардың түсіне де кірмейтін барлық жетістіктерге жетті. Ең тамашасы, аса ауыр салмақта Мұхтарханнан өзге қазақ баласы ондай биікке шыққан жоқ. Нұрғали Сафиуллин – өте талантты бапкер. Оның талантты шәкірттерінің бірі – Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Мырзаның «Әлемдегі ең үздік бапкер» атағына AIBA тарапынан ие болғанын білесіздер. Бүгінде екеуі тізе қосып, қазақ боксын әлемге әйгілеп жүр. Айтқандай, Мырзағали Айтжанов біздің мектептің штатында, яғни бірге жұмыс жасап жатырмыз.
Менің айтқым келгені, әрі-бері тартпай, бапкерлік мектепті одан әрі жетілдіруіміз керек. Қызғаныш емес, ортақ іске қызығушылық керек. Бұл ретте спорт тарихын зерттеп жүрген ғалымдарымыз аты шыққан бапкерлердің тәжірибесін ғылыми негіздеп қағазға түсірсе, оқулыққа айналдырса, бәріміз үшін ең үлкен олжа болар еді.
– Шерағаң айтқандай, алпыс – тал түс. Тал түс екен деп шалқайып жатпайтыныңызды білеміз. Елге не пайдам тиді деп есеп беретін уақыт. Бүгінге дейінгі жасаған жұмыстарыңыз халықтың көз алдында, алдағы мақсат қандай? Мансапқа қызықпаған, адамгершілігі жоғары, досқа адал, сертіне берік, дейді достарыңыз. Бұл өмірден көңілге не түйдіңіз?
– Шүкіршілік керек. Ғасырдың басында әртүрлі нәубеттен қырыла-қырыла тың игеру жылдары өз елі, өз жерінде 30 пайызға да жетпей қалған қазақтың бүгін асығы алшысынан түсіп тұр. Қазақстанмен қазір дүниежүзі санасады. Біз бұл биікке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында жеттік. Санымыз өсті, сапамыз көтерілді. Өз еліңді жамандама, жақсысын ешқайдан таппайсың.
Хакім Абай «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деді ғой. Бірлік, ынтымақ керек. Сонда ғана қазақтың ұпайы түгенделеді. Әлемдегі ең мықты мемлекеттер санатындағы АҚШ, Ресей және Қытай Президенттері Қазақстанды әлемдік деңгейге көтерген Назарбаев деп мойындап отыр. Кеше өзгеге бодан болып, босағада отыр едік, қазір қазақ баласы алшаң басып төрде жүр. Бүгінгі қазаққа тәубе керек. Менің көз жеткізген ақиқатым осы.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.