Астана күні қарсаңында елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Журналистер мен блогерлерге арналған шығармашылық байқауды «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байқаудың мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу, елорда тазалығын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегін насихаттау және Астана мен оған іргелес аумақтардың санитариялық жағдайын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялауға қолдау көрсету.
Екі ай бойы өткен байқауға БАҚ өкілдері мен блогерлерден 142 авторлық жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасы телевизиялық сюжеттерді, республикалық және өңірлік басылымдардағы мақалаларды, интернет-платформалар мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды саралады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан.
Марапаттау рәсімінде «Астана Тазалық» ЖШС-нің бас директоры Альберт Есалиев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, тазалық – тек қаланың санитариялық жағдайын сақтау ғана емес, әр азаматтың туған жеріне деген құрметі мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше.
Байқау материалдары тақырыптың өзектілігі, қоғамдық маңыздылығы, ақпараттың нақтылығы, мазмұнды ашу деңгейі, материалды ұсыну сапасы және авторлық шығармашылық ерекшелігі бойынша бағаланды. Қазылар алқасының шешімімен экология, қала тазалығы және коммуналдық қызметкерлердің еңбегін жан-жақты әрі кәсіби деңгейде көрсеткен үздік жұмыстар анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Үздік телевизиялық материал» номинациясы:
I орын – Назгүл Пахман, «Хабар» телеарнасы; II орын – Арнат Байсейітов, «Атамекен» телеарнасы; III орын – Ильяс Рамазанов, «Алматы» телеарнасы.2. «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясы:
I орын – Аида Батухан, baq.kz; II орын – Томирис Қазыбекова, DE Media; III орын – Сапарғали Қанат, qrnews.kz.3. «Баспасөздегі үздік мақала» номинациясы:
I орын – Баян Сүйеуова, «Egemen Qazaqstan» газеті; II орын – Юлия Мендецкая, «Вечерняя Астана» газеті; III орын – Асель Тимирова, «Казахстанская правда» газеті.4. «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы:
I орын – Нұрдәулет Кәкіш, eldainfo.kz сайты; II орын – Айым Сәдуақасова, baq.kz сайты; III орын – Айнұр Тұмақбаева, kazinform.kz сайты.