Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ұдайы орнықты даму бағдарын ұстанып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ең әуелгі міндет экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу екеніне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанына назар аударды. Сондай-ақ инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды.
«Инвестициялық штаб қызметі жедел шешім қабылдауға және инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен ғана шектелмейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Air Astana компаниясының бас атқарушы директорын қабылдады